Биыл екінші рет ұйымдастырылып отырған Бикен Римова атындағы халқаралық фестиваль өз мәресіне жетті. Осы аралықта іріктеуден оза шыққан 9 театр үлкен деңгейде өнер көрсетті.
Бұл игі бастаманы облыс әкімінің өзі қолдағанын әрі бұндай мерейлі шараның жыл сайын ұйымластырылатынын атап өткен облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Қуаныш Сүлейменов қатысушыларға өз рахметін жеткізді.
– Өткен жылы театр саңлағы Бикен апамыз атындағы тұңғыш фестивальда облыс басшысы бұл шара жыл сайын өтуі керек дегенде шын қуанғанбыз. Міне, соның нәтижесі іспетті биыл да бұл өнер тойы жоғары деңгейде өтті деп ойлаймыз. Біз толыққанды осындай болу керек деп сахнадан тыс жерде де алып барылатын үлкен бағдарлама жасағанбыз. Ол да өз жемісін бергені сөзсіз. Кеше кіші залымыз ашылды. Ол ендігі жерде киелі шаңырақтағы кіршіксіз өнерге қызмет ететін жастардың құтты мекені болады деп білеміз. Әр дайым осындай жаңалықтарымыз көп болғай. Осы өнер бәйгесіне деп шетелден келген өнер иелеріне алғысым шексіз, – деді ол.
Жетісулық көрерменнің айзын қандырып, шөлін басқан өзге жұрт театры да өз рахметтерін айтысып тарқасты. Алтындай қымбат аралықта кіршіксіз өнердің үлкен жүректен, терсіңді еңбектен шығатынын ұқтырып кеткендей.
"Жетісу-Ақпарат"