ВАСЕКЕҢ АЙТЫПТЫ...

Уақыты: 17.11.2024
Оқылды: 690
Бөлім: РУХАНИЯТ

Қай ауылдың да, қай өңірдің де табанасты тауып айтып, елді күлкіге көміп жүретін, сонысымен де ел есінде қалатын өзіндік бір айтқыштары болады емес пе? Өңіріміздегі сондай айтқыштың бірі Василий Иванович Осипов еді. Сатирик жазушы Берік Садырдың «Ауылдың айтқыштары» кітабындағы жаңағыдай «Васекең айтыпты...» деген әңгімелердің бірқатарын оқырман назарына ұсынып отырмыз.

Өзі сары, көзі көк болғанымен қазаққа жаттығы жоқ, о баста «Сары бала», кейіннен «Сары қазақ» атанған, бойынан ойы үлкен, түсі орыс, ісі мен сөзі қазақ Василий Иванович Осипов тілдің сөлін бір қазақтай сорып, реті келсе, орып түсерлік ой айтатын, әзілге әзілмен жауап қататын жатыпатар қағытпаның нақ өзі. Бүкіл Талдықорған төңірегі, Ақсу, Қапал, Кербұлақ алабы, жалпақ Жетісу өңірінің ел-жұрты «Васекең айтқан екен» деген әзіл-қалжыңдарды әлі де ауыздарының суы құрып еске алар еді...

КҮШІК ӨСІП ИТ БОЛМАЙ МА?..

Ақсу аупарткомында қызметте жүрген кезі. Аяқасты хатшы шақырып алып: «Қапал–Арасан» курортына жөнел, Бауыржан батыр демалуға келе жатқан көрінеді. Барлық жағдайды ойластыр, жаса, ұйымдастыр...», – деп нықтап жіберсе керек. Содан алашапқын болып, Батыр демалатын орындағы жағдайды жіпке тізгендей ойластырып, тапсырманы тап-тұйнақтай қылмай ма баяғы.

«Бауыржан батыр келеді» деген күні ауданның сорпа бетіне шығар басшылары тегіс жиналып, қонаққа құрақ ұшады. Ішінде Вәкең де бар, әрине...

Бауыржан батыр аудан басшыларын бір шолып өткен соң зілсіз ғана: «Әй, мына сары күшіктерің кім?..», – деп қалса керек.

Васекең де жұлып алғандай:

– Ой, Бауке, сірке өсіп бит болмай ма, күшік өсіп ит болмай ма?.. Құлыннан – тай, мен де сондай... – деп жымияды.

– Ә, сірке болғанда да өзіміздің сірке екенсің ғой, – деп Бәукең Василий інісін аса бір сыйластықпен жанына жақын тартса керек.

ҚАП, ӘТТЕГЕН-АЙ, Ә?!

Васекеңнің Ақсу аудандық ауаткомының төрағасы кезі. Қыс қатты, жемшөп тапшы. Ашыққан малға талғажау қылу мақсатында аудан іргесіндегі шаруашылықтың басшысына нұсқау беріліп, бір топ азамат көлік-керуенін бастап Көксудың қоспа жем зауытына жіберіледі. Васекеңде тыным жоқ, деміл-деміл дегбірсізденіп директорға телефон соғып, жолшылардың хабарын сұрайды. Жауап біреу-ақ: «Жоқ, келген жоқ!..».

Араға аз уақыт салып және телефон шалады Васекең. Еститіні баяғы сол жауап.

– Әу, оларды бір сенімді адам бастап кетіп пе еді? Көліктері бұзылып, жолда қалмаса жарады?! Осынша уақыт қайда жүр? – деп тықақтамай ма Васекең де.

Осы тұста директор күйіп-ақ кетсе керек:

– Әлгі бір инженер орысқа жүктеп жіберген едік, әкеңнің... көрдің бе, міне, осынша сарылтқанын, – деп кейістік білдіріпті.

– Қап, әттеген-ай, ә?! Өзіміздің садыр-матайдың бір азаматы табылмады ма?, – деп Васекең де өкініш білдіріп, телефонды құндақтаса керек.

Есін енді жиған директор ентіге жеткен күйі Васекеңнен кешірім сұрапты.

 

ДОМБЫРА ҮНДІ БАЛАЛАЙКА

«Қоғалы-ай!

Жігіттің көңілі жоғары-ай!..» деген ән жолдарына айналған Қоғалы өңірін қамтитын Гвардия ауданында 1992 жылдары жергілікті жұрт аудан басшыларына сенімсіздік білдіріп, әңгіме көбейеді.

Облыс басшыларында маза жоқ. Қаншама жылы-жылы сөз айтылып, уәде берілгенімен сазарған жұрттың өңі жылымайды. Аудан басшысын ауыстырмаса іс насырға шабатыны белгілі. Ақылдаса келгенде таңдау Василий Ивановичке түссе керек.

Өңі сары, көзі көк жаңа аудан басшысын жұрт селқос қабылдапты. Сол күні-ақ жоғарғы жақтағы жанашырларына: «Біз домбыра күтіп едік, тағы да балалайка жіберілді...» деген жеделхат жөнелтіледі.

Осының бәрінен хабардар болып отырған Василий Иванович аудан белсенділерін жинап, қазақша сөз сөйлеп жиын өткізеді, жұртты ашық әңгімеге тартады. Қыза-қыза келе Васекең: «Құдай қаласа, биыл жауын-шашын көп болады, өнім мол болады. Жікшілдікті қойып, жерге өздерің ие болыңдар. Балалайка болсам да домбыра үнді балалайка емеспін бе?!», – деп көсіледі ғой баяғы...

Осы сөзден кейін талай бастар төмен тұқырғанымен көпшіліктің көңілі аса көтеріңкі күйге енсе керек.

 

ҮШ ЖҮЗ ЖЫЛ БҰРЫН ТӨЛЕНГЕН АҚЫ

Қабанбай батырдың 300 жылдық мерекесіне әзірлік жұмыстары қызу жүріп жатқан кез. Алғашқыда облыс әкімінің бірінші орынбасары Васекеңді, неге екенін қайдам, ұйымдастыру комиссиясының құрамына енгізбеген екен. Енді мереке өтетін күн таяп, жеме-жемге келгенде «ана жұмыс аяқталмай, мына жұмыс басталмай, тіпті мереке өтетін орын да сайланбай» дал болған облыс басшылығы Васекеңді ұйымдастыру комиссиясының құрамына енгізіп, бар тізгінді қолына беріпті.

Васекең жергілікті ақсақалдармен ақылдаса келе мереке өтетін орынға, жолы қиын болса да, жоңғарлармен шайқастың куәсі, сарбаздардың қолымен қаланған Үйгентасты таңдайды. Жол салу жұмыстары жедел қолға алынып, зәулім тарихи, тас үйіндінің басына шырағдан орнату, мәңгілік алау жағу, бәйге алаңының табан жолын тегістеу сияқты іргелі істер қауырт өріс алады. Атқарылған жұмысқа күн сайын баға беріліп, жаңа жұмыстардың жоспары жасалады. Күнде басқосу, күнде жиын дегендей, іс қыза түседі...

Осындай бір жиында кергіп қалған мекеме басшыларының бірі: «Біз күн-түн демей жұмыс істеп жатырмыз. Қаншама материал жұмсалды, ол шығындарды кім төлейді?», – десе керек.

Орнынан аспай-саспай көтерілген Васекең: «Қапа болмаңыз, бұл шығынның бәрін осыдан 300 жыл бұрын Қабанбай батыр шыбын жанымен төлеген...», – депті сыпайы ғана жымиып.

 

ӨКІНІШ

Өзі қорған болып, қолдап, қолдан өсірген бір мекеме басшысы кейінде Васекеңнің өзіне тікірейе қарап, сөзін жүре тыңдауға айналса керек. Тіпті шақырған жиындарға шайқала басып, кешігіп келуді шығарыпты.

Әдеттегідей жиын белгіленген уақытта басталып, Васекең сөйлеп тұрған сәтте баяғы үйреншікті әдетінше ырғала басып мекеме басшысы кіреді. Жәй кірмей кердеңдей басып, өзінің орнына жайғасады. Осы тұста өзінің де, өзгенің де уақытын қатты қадірлейтін, әсіресе тәртіптілікті ұнататын Васекең сәл-пәл кідіріп:

– Қап-ай, ә! Сенің осындай ит боларыңды білгенде күшік кезіңде өлтіре салар едім ғой... – депті де терең бір күрсініп, сөзін әрі қарай жалғай беріпті.

Жауапты шығарушы Нүсіпбай ӘБДІРАХЫМ