Мифтік әфсаналар

Уақыты: 17.11.2024
Оқылды: 1002
Бөлім: РУХАНИЯТ

Қазақ халқының таным көкжиегі туралы ой қозғағанда әуелі оның тектілігін айғақтайтын дүниелерге мән берген дұрыс. Жер бетіндегі ұлттар мен ұлыстардың ішінде дәл қазақ секілді қиырдағыны көріп, мезгілді алдын-ала болжап, келер күннің қандай сыбаға ұсынатынын біліп отырған ұлт санаулы ғана. Жеті қат көктің тылсымына сана жетелеткен текті халық байырғы қалпынан, мыңжылдық мұғдарынан өзінің жаратылысына сай өмір сүрген, табиғатпен тұтаса тіршілік кешкен. Сондықтан да кемеңгер ұлт, текті жұрт деп ерекше мақтанышпен атайтынымыз бар.

Көшпенділердің мәдениеті, яғни біздің бабаларымыздың салт-дәстүрі, әдет-ғұрпының бастау алар тұсы да таным көкжиегінің кең болғанын дәлелдеп, тылсымға сеніп, табиғатпен үндесе тірлік кешуімен түйіседі. Бұл тұрғыда патшалары өлгенде оны тәңір сыйы деп қабылдап, бақиға алтынмен көміп, қабірінің есігін күншығысқа қаратқан кешегі ғұн, үйсін, түркі тайпаларының ғұрпын айрықша атап өту керек.  Жазба деректер осылай деп ақпар береді.

Рас, Алланың соңғы елшісі келіп өзінің миссиясын толығымен өтегенше, жер бетіне ислам діні тарап, оны қазақ ұстанғанша бабаларымыз Тәңір дінін ұстанған. Яғни мұсылманшылықтан алыс кетпеген. Еуразияның барлық көшпенді жұртына тән болған бұл ұстанымды яки көкке табынуды әлемдік мәдениеттануда «тенгризм», тенгриандық» деп атайтынын жақсы білеміз. Табиғатқа құрмет көрсетіп, тылсымды қастерлеу, болмаса ай, жұлдыз, күнге мінәжат жасап, оған қарап алдындағы өмірін болжап отырған байырғы бабаларымыз иманның шырағданын да тылсым күшке сену арқылы маздатып отырғанын этнографтардың, тарихшылардың жазбасынан да жиі кездестіреміз. Осы орайда тарих ғылымдарының докторы, профессор Әбдеш Төлеубаев: «Қазақтардың ең жоғары көк аспанның құдіретін – «Тәңір» деп атайды. Мұсылмандықты қабылдағаннан бергі заманда қазақтар «Тәңір» сөзін исламдық «Алла» мен «Құдай» сөзімен бірдей қолданды. Келе-келе халықтың діни санасындағы «Тәңірі» мен «Алла» сөздерінің мәнінде ешқандай айырмашылық жоқ болып кетті», – дейді.

Ғалымның айтуынша «Тәңір» сөзі этимологиясының шығуының тағы да басқа түсіндірмелері бар. Мысалы, ол түркі тіліндегі Таң мен Ра сынды қос сөзден құралған деген пікір бар. Осы орайда ойын айшықтаған ғалым: «Мұндағы «Таң» – күншығыс дегенді білдірсе, «Ра» күннің көне  діни аты делінеді. Сонымен екі ұғымнан жинақталған «Таңра» сөзі шығып келе жатқан күнді білдіретіні айтылады. Рас, бұл ұғымның этимологиясын түсіндіруде әлі де қалыптасқан бір ортақ пікір жоқ», – деп толғанады.

Шындығына келгенде «Тәңір» сөзінің нақты бір түсіндірмесі жоқ екені айқын. Десе де қазақтың байырғы ұстаным, наным-сенімінің ең биік өресінен табылатын осынау атауды тұтас ұғымға сіңдіріп, үшбу сөзінің басында тілге тиек еткен кешегілердің мәтелі мен нақылы бүгінге жалғасты. Алтын арқауы үзілмеген сол сөздер: «Тәңір жарылқасын», «Тәңірдің ісі», «Тәңіріңе табын», «Тәңірі асыраған қозыны бөрі жемейді», «Тағы ас – Тәңірден», «Иттің иесі болса, бөрінің Тәңірісі бар» сынды жалғастырасақ талай жерден барып қайырым қылатын мәтел, нақыл, тұрақты сөз тірексі болып тізбек-тізбегімен кете береді. Осы ретте жеті қат көктің ең биігін де «Тәңір» деп атайтынын ғаламдардан мысал еттік. Ал бұл тұрғыда қазақ қарғаған адамын: «Көк соқсын» деп қайырымға келтірмей сыбайтынын де айта кеткен жөн. Бұл тұрғыдан алғанда Мұхатар Әуезов шығармасында:

«Осы ретке жетпесек,
Төбесі анық көк ұрсын!», – деп келетін жырлардың барын, осы тақылеттес дүниелер талай шығармада ұшырасатынын да айрықша атап өткіміз келеді.

Иә, ұстаным мен наным, сенім тұрғысында айтылар ойлардың біршамасын анықтау үшін кейде аңызға да жүгініп кететініміз бар. Бұл тұрғыда Ш. Уәлиханов: «Қазақтардың түсінігі бойынша аспанда да адамдар тұрады. Олар белдеулі мойындарынан тағады. Біз адамдар ғаламның ортасында – Жерде тұрамыз, сондықтан да белбеуді ортан белімізден байлаймыз, ал жер астындағы халықтар белбеуді аяқтарынан тұсап байлайды» деп жазады. «Түркілер жердің ортан белінде тұрады» деген сөзді көне түрік жазбаларынан да ұшыратамыз. Жалпы жеті қат көк пен жер туралы, табиғат тылсымы тұрғысындағы біздің кемеңгерлер ойы осылайша аңызбен астасып, ақиқатпен тұтасып кететіні бар. Бұл орайда да ғаламның үш, жеті сатылы екендігі көптеген халық дәстүрлі дүниетанымында айшықталған.

«Қазақтың көне ұғымында, әсіресе ертегі, мифтерінде Жерге, Көкке байланысты жеті, тоғыз сандары да жиі кездеседі. Әсіресе жеті қат көк деген түсінік жиі пайдалланылады», – деген профессор Әбдеш Төлеубаев олардың ай, меркурий, шолпан, күн, қызыл жұлдыз (Марс), мүштәри (Юпитер), сатурн екенін де санамалап өткен.

«Тәңір тұрғысында толғап отырып несіне жеті қатқа өтіп, аңызға иек артты?» деп ойлай көрмеңіз. Аңыздың өзі ақиқат қой. Ал біздің жадымызды жаңғыртқан аңыз тақылеттес дүниенің бірі –ғаламшар жынысы немесе жер мен көктің некелесу хақындағы айтылған сөзді көзім шалғаны екенін айтсақ, таңданарсыз. «Халық түсінігінде аспан мен жер адамзат баласы сияқты жынысқа бөлінеді және өзара белгілі бір некелік қатынастарда болады», – деген профессор Әбдеш Төлеубаев бұл әпсананың ақырын да түсіндіріп өтеді. Ғалымның айтуынша аспан ер адамның кейпін білдіреді екен, өйткені ол жоғарыда орналасқан әрі өзінің жауын-шашынымен жерге береке сыйлайды, нәр береді һәм ұрықтандырады. Қатқыл мінез де көрсетеді. «Жерде әйелдің, ананың қасиеті бар», – деген ғалым: «Жер өмірге жаңа тіршілік сыйлайды, бүкіл жандыны қоректендіреді, ол өте мейірімді, жұмсақ, момақан. Қазақтар әдетте, «Көктен жаудыр, жерден өндір» деп тілек тілейді» – дейді. Қарап отырсақ ақиқаты аңыздан бастау алатын бұл дүниенің де білгілі бір дәрежеде өз шындығы, ақиқаты бар секілді. Оны растап немесе мансұқтау біздің міндет емес-ау?!

Осылайша аңыздан ақпар беріп, ғалымдардың еңбегіне, халықтық дәстүр, этнографиялық жазбалар мен тарихи деректерге сүйенсек небір таңғажайып толғам мен байламға ұшырасасыз. Бұл жерде аталған дүниенің бәріне иланыңыз немесе санаға томпақ келген жерінен теріс айналыңыз демейміз, тек бабалардың таным көкжиегі қаншалықты терең һәм кенен болғанын, табиғат сырын біліп, жеті қат көктің өзін техниканың жоқ кезеңінде танымымен түгендей алғанын көреміз. Сондықтан да дәстүріміз бай, салтымыз саф екенін қуана қуаттап, оның бір тұсын осылайша оқырманға ойып, кертіп ұсынып келеміз.

Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ
Фото: kazislam.kz