Бұйрат құмдары бұйығып, сары адырлары самал соқса қоңыр топырақтың борпылдағынан шаң шудалап, оны бұлтша қоюлатып жіберер; түйлері көш-керуен шеру тартып бір шаһардан екінші қиырдағы сауда кентіне жөткерер ықылымға ықылас ауғыш. Қаласы мен даласының арасына сүрдек түсіп, ыдыстары қыштан, баспаналары балшықтан тұрған, күмбезді шәрілерде кім тірлік кешпеген? Машайығы мен мыңжылдық мұғдарына сана жетелеткен ойшылдары, ақ сәлдесін арындай қорғаған оқымысты молда-сопылары, шайырлары білтелі шамның жарығымен білімге бас қойса, сырттағы дүниенің даңғазасын саудагерлер, көпестер дүркіретіп жібереді. Осындай қым-қиғаш тірлікке мойынсал көңілдің аусары да сол замандағы бір сәттік, мезгілдік көріністің арасында күн кешсең деген жалқы үмітке жегіле беретіні несі?!
Дүние дөңгелегі кері айналып, адам қалаған уағы мен шағына бір сапарлап қайтар қабілетке ие болса, біз дәл шығыс даналығы түзіліп жатқан ғасырларға аттанар едік. Онда Хорасан жеріндегі Жам шаһарына аял қылармыз. 1414 жылдың дәл осы мезгілінде, яки қараша айында жарық ғаламмен жанар суарған атақты Нұр-Әд-Дин Әбдр-әр-Рахман ибн Ахмед Жәмимен жүздесер едік.
Есім-сойының өзі тұтас бір сөйлемді құрайтын бұл шайыр шығыс шұғыласының ең бір жарық, ең бір сәулелі әрі даңқтысы. Әлем оқырмандары «Әбдірахман Жәми» есімімен танитын бұл тұлғаға рухани ғашық болудың екі түрлі себебі бар.
Сүйіктім-ау, қашанғы мен арқалаймын қайғыны?
Жанды жеген мол қасірет түсер екен қай күні?
Жүрегімді тұтқындасаң мен дайынмын әманда,
Сенші маған. О, перизат жаратқанның байлығы! – деп рубайларының бірінде іңкәрлік пен ізгіліктің жарты мысқал ұшқынын ғашығының жанарындағы жалынмен тұтастыра жыр саптаған Жәмиге жүміле дүниенің бастау көзіндей көрінген шайырлық құдіреттің тұтас қонуын бірінші себеп дер едік. Әрі бұл жолда ұлы ақын, ойшыл һәм данышпанның соқпағын даңғылға айналдырған Әлішер Науаи, Баяни, Бинаи, Ками, Сайфи секілді ірі әдебиет өкілдері тұрғанын, бұлардың бәрі Жәмидің шәкірттері екенін еске салсақ, әлгі бастапқы себептің жанама һәм күшейтпелі нұсқасы деуге толық негіз бар.
Ал екінші себеп – Абай Құнанбайұлы шығармаларының Жәми шайыр туындыларымен сарындас болуы. Әрине, әдебиет тұрғысында ой толғағанда нақтылы дерекке жүгіну керек. Бұған дейінгі жазбаларда Абай мен Жәми арасындағы рухани байланыстың бар екені айтылғанымен, «Абай Әбдірахман Жәмиді ұстаз тұтқан» деген сөз қозғалған емес. Десе де мұны айшықты етіп айтпаса да Абай дарияның кенересін толтырған бір ұлы арна Жәми дариясынан жылыстап келіп қосылып жатқанын екі алыптың шығармасынан аңғаруға болады.
Өсек, өтірік, мақтаншақ,
Еріншек, бекер мал шашпақ
Бес дұшпаның білсеңіз, – деген хакім жыры, Жәмидің:
Өмір жақсы, тұрмыстың сен тауқыметін тартпасаң,
Бес нәрсе бар – дейді дана үмітіңді ақтасаң.
Денсаулық пен бейбітшілік, жаның тыныш, тоқ болсаң,
Сыр ашатын досың болып, әркімге оқ атпасаң, – деген жыр жолдарымен үндесіп жатқан жоқ па?!
Жәми жазған жыр үлгінің нақты формасын, ұйқасы мен ішкі мазмұнын Абай шығармашылығынан айқын көруге ықылас қана қажет. Мәселен, қазақ сахарасынан шыққан данышпанымыз: «Тамағы тотық, жұмысы жоқтық аздырар адам баласын», – деп «Сегіз аяғында» көсілсе, Әбдірахман Жәми:
Көңілі тоқтық,
Уайымы жоқтық,
Өмірдегі тыныштық.
Адал достық,
Жан сырластық,
Бес қасиет тым ыстық, – деп айшықтайды. Өлең формасы, ұйқас, сарын – түп-түгелімен айырғысыз дүние. Тіпті, бір ақынның қолтаңбасы деуге болатындай. Десе де мұндағы айырмашылық бірі адамды аздырар дүниеден сақтандырғысы келсе, бірі бес қасиетті кісі баласы бір басына жия білу керек дегенге келтіреді. Неге бірі адамды аздыратын, бірі көңілді жаз қылатын дүниені қозғап отыр? Мұның сырын сәлден кейін топшылап көрейік.
Осы тұста қос шайырдың тағы бір үндесер тұсын айтсақ, Абай: «Адамның бір қызығы бала деген» деп жырлайды да, Жәми болса: «Адамның өмірдегі бір ұрпағы, алдыңда тұр әлемнің Гүлстаны», – дейді. Қарап отырсақ «ұлылар үндестігі» деп аталатын әдебиеттегі нақты байыз таппаған, жай емеурінмен білдіріп, ерін ұшымен айтыла салатын осы сөзге лайықты дүниені аңғарып отырмыз. Бәлкім, бұл да теория жүзінде қабылдануы керек шығар, кім білсін?! Десе де заманалар көшінде екеуінің аралығында 5 ғасыр жатса да түпкі ойы, тұжырымы үндескен, бір заманда жыр қозғағандай құндылықты қоса жырлаған шайырлардың ділі, діні, тілі бір рухани өзекпен тұтасқанын уақыт аралығы алшақтата алмапты.
Хош, ғылым мен ілімнің шырағданын жаққан Жәмидің 4 жасында тіл сындырып, 5 жасында хат танығанын, Герат қаласында ғұмырының 60 жылын өткергенін, медресе оқып, жаратылыстану ғылымын меңгергенін, тұтас өнерге жүйрік болғанын атап өтпей-ақ қоялық. Бір ғана бейнелеу өнерінде, музыка, дін, ақындық жолда ірі тұлғалар тәрбиелегенін мысалға келтірсек, бір тарау әңгіменің желісін ұзақтан қайыратынымыз анық. Міне, осындай шығыстың шұғыласы поэзия жанрында ерекше толғамдарға барды. Соның бірі – фардылары.
«Ұзақ емес жолымыз да жер бетінде жүретін...
Сәл нәрсеге мәз болып кеп жандармыз ғой күлетін», – деп екі тармаққа адам баласының тұтас ғұмырын, пенделігін, аңғалдығын, ақкөкіректігін суреттеп түсірген Жәмидің фардылары парасаттан түзілген ақық дүние.
«Ажал өзі қай кезде де келем десе келеді,
Тағдыр тұнған бақыт десе оған кімдер сенеді?», – дейді бірде мынау бес күндік жалғанның шын мәнінде шұғылаға толы екенін көрсеткісі келген шайыр.
Желмаяның желісі мен оның ұлы шөлдерді кесіп өтетін қажыры мен қайраты өркештегі майдан ұлы денеге жайылар қуаттың қайнары екен. Егер түйенің бір өркешін кесіп алса, екіншісі мәңгілік қызметін тоқтататын көрінеді. Өмір осындай заңдылықтан түзілген. Яғни, адамның өмірде қайғы еміп, қасірет шегумен қатар өмірдің ләззатын татуы, «Адамның бір қызығы бала деген» секілді құндылықтарды көруі де заңдылық. Ал рухани ілімге жүрегі байланған, ақида мен фиқһ мәселесінде жорға болған Жәмилердің «Тағдыр тұнған бақыт» деуі де сондықтан. күллі ислам руханиятына аты мәшһүр Жалаладдин Руми заманында мәңгілік кітап жазбақшы болыпты. Сөйтіп өмірге, құмарлыққа, нәпсі хақындағы дүниеге теріс қарап, күндерін жазумен өткеріпті. Оны әулие тәрбиесіне алып, үш мәрте тапсырма берген дейді аңыздағы ақпар. Үш реткі таспырмасы да – шаһардан шарап алып, оны елден жасырмай сәлдеге орап, ауызын ашып әкелу екен. Имани тұрғыда ұялып, ақындық атыма сызат түседі деген Руми ақырында өлмес шығарманы жазу жолында нәпсіні тыйып, елдің ұялуды мансұқтайды ғой. Халық сөзін, саусақпен шұқып тілдегеніне мән бермей шарапты төгіп-шашып, дүйім елге көрсетіп ұстазына алып келеді. Сонда ұстазы: «Енді өлмес шығарма жаза аласың, кете бер» депті немкетті түрде. Сонша масқаралықтан кейін түк үйренбей кетіп бара жатқанына ашуланған шайыр мұның мәнісін сұрайды. Сонда тәлімгері: «Бұрын елден қаймығушы едің, мына жазғаным қалай болады деп уайымдайтынсың. Енді елден ұялмайтын болдың, қалай болады деп емес, қалай тұжырымдаймын деп толғанатын күйге жеттің. Ендігі жазғаныңа өтірік қоспасаң, оның ұлы шығарма болып шығады» деген екен. Осынау ақиқаты айшықты аңыздың айтпағы да осы. Ал мұндай дүние, өлмес мазмұндағы шығарма Жәмидің фардылары десек артық етпес.
Ғылым, білім, ілім жолында Самарқандтың биілігін де қажет етпеген, лауазымға бармаған шайырдың бірқатар фардысын тізсек:
Білгеніңді бойыңдағы еліңе үйрет жалықпа,
Көкірекке тұншықпай ол шықсын еркін жарыққа.
***
Жаман әдет үйренген жан өз мінезін жоғалтар,
Қасиеттен жұрдай болып мәңгі өзіне сор артар.
***
Қазына да қайғы, мұңсыз қалдырмас,
Қол тырнатпай раушан гүл де алдырмас.
***
Кездескеннің бәрін бірдей жолдастыққа санама,
Жолдастардың бәрін бірдей сырластыққа балама..., – деген секілді 40-қа жуық толғамның бәрін бірдей тізбелеуге де болар еді, бірақ оның астарына сана жетелетпесе, ақынның айтпақ ойын түсіну қиын. Олай болса: «Білгеніңді бойыңдағы еліңе үйрет жалықпа, Көкірекке тұншықпай ол шықсын еркін жарыққа», – деген жолдың өзін талдасақ талай көшке ат шалдырарымыз хақ. Дүниеде білу, ғылым тану қаншалықты маңызды болса оны келер ұрпаққа үйрету, үлгі көрсету өзің білгеннен де биік дүние екенін ғұламалар айтып кеткен. Тіпті, ислам әлемінен мысал келтірсек, бір қауымның жойылуы, олармен бірге абзал жандардың да бірге Алла жазасына ұшырағанын оқып біліп жүрміз. Алла елшісінің: «Я, Раббым, бұлардың шінде сені құрметтеген, құлшылық жасаған ізгі жандар бар ғой» дегенінде, жаратушының періштелеріне қарап: «Әуелі солардан бастаңдар, өйткені олар қара басын ойлап, өзгелерге ізгілік дәнегін сеппеді» деуі де бекер емес. Шайырдың бір тармағынан мыңдаған мысал келтіруге болатынын ескерсек, онда фардының әр тармағы парасаттан тұнған жазба екенін айшықтауға күш салмасақ та болатындай.
Хош, жоғарыда Абайдың: «Қарыны тоқтық, қайғысы жоқтық аздырар адам баласын» деуі мен Жәмидің: «Көңілі тоқтық, уайымы жоқтық өмірдегі тыныштық» дегеніне тоқталайық. Желісі бір жырлардың мазмұны екі бөлек, неге? Біріншіден екеуінің сүрген өмір, жүрген ортасына байланысты. Абай ғылымға сусаған топырақтан шықты. Қараңғы елінің надандығына күйінді. Мұндай елге білім қуып, еңбек ету керектігін айтқысы келді. Ал Жами заманында Герат сұлтандары мен Самарқанд үкіметінің шақыртуын, ұсынған лауазымына пысқырып қарамады. Өйткені ол тұстағы елдің дені қатал тәртіпке мойынсал, еңбекқор, білімі жүміле дүниені тануға жетерлік хәлде еді. Сондықтан да екі данышпан екі түрлі жыр өрнектеді. Яғни, Абай адамды аздыратын дүниені ашып көрсетсе, Жами рухтың дамылдар тұсын, өмірдегі тыныштықты айшықты етті.
Шығыс шайырлары ішінде адамдық негізді дөп жырлаған, рубайлар мен ғазалдар өрнектеген, фарды, қасіретнама жазған Жамидің бәйіттері көңілді көкжиекпен астастыратындай қуатқа ие. Оны заманында қазақтың көрнекті ақыны Сейфолла Оспан тәржімалағанын да айта кеткен жөн...
Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ