Толқын Ақанұлына Шыңғыс Айтматов атындағы әдеби сыйлық табысталды

Уақыты: 18.11.2024
Оқылды: 1972
Бөлім: РУХАНИЯТ

Көрші қырғыз елінде Қазақстан және Еуразия жазушылар одағының мүшесі, ақын, сазгер, академик Толқын Ақанұлының түрік тілінде баспадан шыққан  «Алтай жырлары» атты жаңа өлеңдер жинағының және қазақ тілінде  жарық көрген тағы бірнеше кітабының тұсауы кесілді.

Бишкек қаласындағы Алықұл Оспанов атындағы акедимиялық кітапханның Абай залында  өткен мәдени басқосуды Қазақстан «Ақеділ» жастар шығармашылығын қолдау қоғамдық қоры ұйымдастырған.  Салтанатты шараға қазақ, түрік, қырғыз елдерінің қаламгерлері, ардагерлер, халықаралық жоғары оқу орындарының  ғалым-зерттеушілері, Қазақстанның Қырғыз Республикасындағы Төтенше және Өкілетті елшілігінің өкілдері басқа да өнер сүйер қауым қатысты.

Кітапқа ақының тарихы терең түбі бір түркі халықтарына ортақ құндылықтарды кеңінен дәріптелген өткір тіл, орамды оймен жазылған отты жырлары енгізілген. Аударған Ашұр Өздемир. 

Жиналған жұрт алдында жеке-жеке сөз алған үш елдің зиялылары мен қырғыз халқының абыз ақсақалдары ақынға ақ батасын беріп, шығармашылық табыс тіледі. Осы орайда танымал композитор, Қырғыз Республикасының халық әртісі Мұратбек Бегалиев қаламгердің әдеби және өзге де салаға сіңірген еңбектерін айрықша атап өтті.

 – «Қазақтың даналар тұжырымында «Жігітке жеті өнер де аз» деген аталы сөз бар. Менің зерттеуімше Толқын Ақанұлы  тек ақын ғана емес, жан-жақты азамат. Ол қазақ, қырғыз, қытай, моңғол, түрік мемлекеттеріне кең танылған белгілі ақын, сазгер, білікті дәрігер. Оның ауруға шипа іздеп, ажалға арашашы болатын медицина саласына да сіңірген еңбектері ұшан теңіз. Ал бүгін күллі оқырман қауымына жол тартып отырған қолдарыңыздағы «Алтай жырлары» атты бұл жинақ түбі бір түркі руханиятының алтын қорына қосылған тағы бір тың туынды екені айдан анық. Сондықтан біз сегіз қырлы бір сырлы бұл азаматтың еңбегіне табыс, деніне саулық тілейміз», –деді халық әртісі Мұратбек Әкімұлы.

Осыдан соң академик, медицина ғылымдарының докторы, Қырғыз Республикасының батыры Миталип Мамытов қазақ–қырғыз бір туған сөздің терең мәніне кеңінен тоқталып, тарихтан  іргесі бөлінбеген екі елдің тату достығын, бірлігін тілге тиек ете келіп, ақын Толқын Ақанұлына көрші елдің мәдениет министірлігі атынан Қырғыз Республикасының ең жоғарғы Шыңғыс Айтматов атындағы әдеби сыйлығын табыс етіп, кеудесіне меделін тақты. Шара барысында автордың қазақ, түрік қырғыз тілдерінде өлеңдері оқылып, белгілі әншілер әсем сазды әндерін орындап көпке рухани азық сыйлады.

                                                                           

                                                                         Айдын КӘЛІМХАН