Мектеп оқушыларының функционалдық сауаттылығын қалыптастыру – білім саласы алдында тұрған маңызды міндеттің бірі. Осы орайда «Функционалдық сауаттылық дегеніміз не?» деген заңды сұрақ туындайды. Ол дегеніміз – оқушының пәнді терең түсіну қабілетін дамыту, алған білімін сыныптан тыс жерде кез келген жағдайда тиімді пайдалана білуін қамтамасыз ету, демек, өмірде тиімді қолдануға үйрету.
Оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамытуда оқу бағдарламасындағы әр пәннің рөлі зор. Пәндер арқылы бала білімін жетілдіріп, дүниетанымын кеңейтеді. Қазақ тілінің грамматикасын терең меңгерген оқушы қоғамның кез келген саласында қиналмай жұмыс істеп, өзінің сауаттылығын көрсете алады. Ал, математиканы өмірмен байланыстыра меңгерген бала болашақта кез келген ортадан орын тауып, өзінің жарқын болашағын қалайды. Жалпы функционалдық сауаттылық – оқушыны жеке тұлға ретінде шыңдап, ұлттық сана-сезімін, өзіндік дүниетанымын, азаматтық ұстанымын, рухани білімін қалыптастыруға негіз болатын аса бай құндылықтың бірі деуге болады.
Оқушы функционалды сауатты болып өсуі үшін логикалық ойлауы дамыған, жан-жақты жетілген, ой-өрісі кең, кез келген сәтте өз алдына шешім қабылдай алатын тұлға болуы шарт.
Осыған орай күнделікті сабақтарымда алдымдағы оқушыларға жеке тұлға ретінде қарап, жан-жақты дамытуға тырысамын. Бұл ретте өтетін тақырыпқа орай алдын ала әзірлеп келген логикалық тапсырмаларымды сабақтың басында ұсынып, балалардың ойлануына мүмкіндік туғызамын. Бұл жұмыс оқушылардың өзіндік ой қалыптастыруына ықпал етеді.
Балалардың ойлауын дамытуда деңгейлеп саралап оқыту, ойын арқылы оқыту, проблемалық оқыту, топтық оқыту, сыни тұрғыда ойлау әдістері өте тиімді. Бұл әдістер арқылы оқушылардың пәнге деген қызығушылығы артады, білім алуы жеңілдетіледі, сабақтың сапасы көтеріледі. Айталық, топқа бөлініп жұмыс жасауда балалар арасында тәжірибе жинақталады, өз беттерімен білім алуына мүмкіндік туады, ізденуге құлшынады, әрқайсысы өз ойларымен еркін бөліседі. Ал топтық жұмыс баланы жан-жақты ашуға, тұлғалық қасиетін көруге, мінез-құлықтарының ерекшеліктерін байқауға көмектеседі. Соның нәтижесінде оқушылардың бір-біріне достық қарым -қатынастары арта түсті, меңгерген білімдерін көпшілік ортада қолдана білу қабілеті күшейеді.
Оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамытудағы басты ұстаным – теория мен тәжірибенің қатар қолданылуы. Оның мәні – оқушыларға теориялық білім беріп қана қоймай, сол білім-білік дағдыларын күнделікті өмірде, кез келген жағдайда қолдана білуін қамтамасыз ету.
Қорыта айтқанда, оқушылардың функционалдық сауаттылығын қалыптастыру – бүгінгі заман талабы.
Лаура АЙТБАЕВА,
К. Ахметов атындағы олимпиада резервінің республикалық
мамандандырылған мектеп-интернат колледжінің
қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі
Алматы қаласы