ҚАРАДАМЫ, ҚАЙДАСЫҢ?

Уақыты: 23.11.2024
Оқылды: 696
Бөлім: РУХАНИЯТ

Бүгінде ғылым қаншама дамып кетті дегенімізбен әлі де шешімін таппай келе жатқан мәселелер баршылық. Соның бірі қазақта кісікиік, өзге халықтарда қар адамы, иети, алмасты, сасквоч, бигфут аталатын жұмбақ тіршілік иесінің бар-жоқтығы жайындағы әңгіме. Дүниежүзі бойынша қаншама адамды, соның ішінде қабырғалы ғалымдарды да толғандырып келе жатқан бұл мәселеге қай уақытта нүкте қойылмақ?


Бір қарағанда, дәл осы жерде пікір таластырып, дәлелдеуге тырысатындай себеп те жоқ сияқты. Жұмбақ тіршілік иесін көрдік, тіпті онымен жақын байланыста болдық деген қаншама адамның айтқандары қағазға түсіріліп хатталған, қар үстіне, топыраққа түскен ізі гипстеліп, мәйітінің сүйектері, шаштары, т.б. көпшілік назарына ұсынылған. Алайда не нәрсені болсын көзге шұқып, қолына ұстатып көрсетпесе сенбейтін оқымыстылар ондай әңгімелердің қай-қайсысына да сенімсіздікпен қарайды, тіпті, жоққа шығаруға тырысып тұрады. Жаңағыдай нақты деген дәлелдердің өзін шұқшия зерттей келе олар көбісінің бұған дейін белгілі жануарлардың – аюлар мен маймылдардың, одан өзге де тіршілік иелерінің ізі, сүйектері, терісі екенін, тағы бірқатарының адамдарды алдарқату, сенсация тудыру үшін қолдан жасалғанын анықтауда. Бір шетінен, нақты шындыққа көз жеткізу үшін осылайша шұқшия зерттеген дұрыс та шығар. Әйтсе де ондай ғалымдардың скептицизмінің, яғни не нәрсеге де сенімсіздікпен қарауларының салдарынан кей кездері нақты өмір шындығының өзін жоққа шығарып жүрген жоқ па екенбіз деген ой да көңілге оралмай қоймайды. 

Кісікиік жайында сөз болғанда ең алдымен қазақтың аңыз-ертегілеріндегі жезтырнақ пен дию, жын-пері секілді кейіпкерлер еске түседі. Олар да «қар адамы» секілді иен далада, кісі аяғы баса қоймайтын жапан түзде жүрмеуші ме еді? Аң қызығына түсіп сондай иен далаға шығып кеткен батыр жігіт айдалада от жағып отырғанда жанына жезтырнақ немесе перінің қызы келетін. Ондай әңгімелердің көбі қаскөйлікті байқап қалған батыр жігіттің жеңісімен аяқталатын. 
Бұл жердегі айтпағымыз – «қар адамы» жайындағы әңгімелердің көпшілігі осыған ұқсас болып келеді. Бірақ олар көп ретте адамдарға жаулық ойламайды, қайта, орайы келіп жатса саналы тіршілік иелеріне жақындауға, мүмкіндігінше қарым-қатынас жасауға дайын тұратындай. Жаңағыдай аңызға ұқсас әңгімелердің арасында кісікиікпен жақын қарым-қатынаста болған адамдар жайындағы баяндаулар да ұшырасып тұрады. «Перінің қызымен байланыста болыпты-мыс» деген ондай әңгімені соңғы кезге дейін құлағымыз шалып қалып жүрді емес пе?

Ғылым не дейді?

Осы жайтқа қатысты мәселелерді зерттейтін ғылым саласы ресми емес қалыпта гоминология деп аталады. Аталған ғылым саласының тарихы ағылшын саяхатшыларының тұла бойын түк басқан, бойлары ұзын, адамға ұқсас тіршілік иелері жайында естігендерін жариялаған ХІХ ғасырдың алғашқы жартысынан басталады. Одан бергі кезеңде дәл осындай кейіпкерлердің басқа да көптеген халықтарда бар екені анықталды. 

Кеңестер одағында бұл мәселемен алғашында академиялық ғылым айналысты. Оны негіздеуге тарих және философия ғылымдарының докторы, профессор Б. Ф. Поршнев өлшеусіз үлес қосты. Ғалымның КСРО Ғылым академиясы Төралқасының шешімімен 1963 жылы небары 180 дана таралыммен ғана жарық көрген «Реликті гоминоид жайлы мәселенің осы заманғы жағдайы» атты көлемді монографиясы сол сәттен бастап сирек кездесетін библиографиялық құндылыққа айналды. Осынау бірегей кітапқа «қар адамы» жайындағы бай әдеби мәліметтермен қатар оны көрді деген адамдардан сұрақ-жауап түрінде жазып алынған материалдар, ең бастысы – проблеманың теориялық талдамалары жинақталды. Мұның өзі белгілі американдық зоолог профессор Айвен Сандерсонның «Кеңес ғалымының қызметі бүкіл мәселеге жаңа сипат беріп, оны жоғары деңгейге көтергені соншалықты, батыстың ғылыми әлемі бұл жайтқа деген көзқарасын түбегейлі өзгертуге мәжбүр болды» деп жазуына негіз болды. 

Борис Федорович осы зерттеулерінің негізінде ежелгі Homo тұқымы – палеонтроп осы біздің заманымызға дейін сақталып келді деген гипотеза ұсынды. Ғалым жинақталған мәліметтерге сүйене отырып осынау тіршілік иелерінің сыртқы түрі адамға ұқсағанымен жалпы аң тәрізді тірлік кешеді, нақты дауыс шығарып сөйлей алмайды, еңбек құралдарын, от пен киімді пайдалануды білмейді деген қорытынды шығарады. Олар жатқан немесе тұрған жерлерінен көп ретте түнде, әйтпесе ымырт үйіріле ғана шығады. Денесін қалың түк басқан, бойлары 2 метрден асады. Кереметтей жетілген бұлшық еттері алып күш иелері екендігін көрсетеді. Адам аяғы баспайтын меңіреу түкпірлерді – тау шатқалдары мен ну ормандарды мекендейді. 

Бұл айтылғандардан осынау жұмбақ екі аяқты тіршілік иелерінің «қар адамы» емес, шындығында орман немесе тау адамы, қазақша айтқанда кісікиік, жабайы адам екені аңғарылады. Олардың кей-кейде түрлі себептермен тау басындағы қарлы беткейлерге де барып қалатыны болады, сондай кездері адамдар әлдеқашан жойылып кетті деп жүрген неандерталдықтың алып іздерін көріп қалады. Иә, зерттеуші ғалымдардың көпшілігі «қар адамын» адам мен маймылдың арасындағы жетіспейтін буын – нақ сол неандерталдық деп есептейді. 

Тағы да сол ғылыми болжамдарға сүйенетін болсақ, неандерталдықтар біржолата жойылып кетпеген. Шындығында адамдар маймылдан жаратылмаған, жаңағыдай адам тектес тіршілік иелерінен дамыған. Олардың бір бөлігі еңбек құралдарын, отты пайдалану арқылы дамып кетсе, тағы бір бөлігі тіршілікке бейімделе алмай сол жабайы күйлерінде қалған. Саналы адамдар оларды тіршілікке қолайлы өңірлерден бірте-бірте ығыстырып, кей кездері бәсекелес ретінде жоспарлы түрде жойып отырған. 

Ондай болжамдарды қоя тұрып ғылыми зерттеу мәселесіне қайта оралсақ, 1950-жылдардың соңында КСРО-да «қар адамын» іздестіруді, зерттеуді мақсат еткен бірнеше экспедиция ұйымдастырылды. Алайда, өкінішке қарай, бұл сапарлар нәтижесіз аяқталды. Оған экспедиция басшылығына осы іске шын берілген ғалымдарды қоймауы, «көмектеседі» деген желеумен бұл іске шегарашыларды қатыстырып жібергені де кедергі болған сияқты. Тапсырманы орындауға «ынты-шынтысымен» кіріскен шегарашылар тайганы азан-қазан қылып, аң-құстарды қырып-жойып, барлығын үркітіп жібереді. Сөйтіп Поршневтің болжамы теріске шығарылып, қатаң сынға ұшырайды. Ғылыми баспасөзде гипотезасы күлкіге айналдырылып, айтқандарының бәрі жоққа шығарылған ғалым «Адамзат тарихының бастауы туралы» атты кітабына дәл жарыққа шығар алдында тыйым салынған кезде жүрек талмасынан қайтыс болады. 
Осылайша КСРО Ғылым академиясы, өз кезегінде оған тікелей бағынышты болған Қазақ КСР Ғылым академиясы да нақты өмір шындығынан алыс, ойдан шығарылған тіршілік иесі деп танып, «қар адамын» іздестіруден ресми түрде бас тартады.

Бұл орайда өз пациенттерін гипнозбен емдеген әйгілі Месснерді 1784 жылы дүмше, алдамшы деп таныған, шамамен сол жылдары «аспаннан тас түседі деген хабарламалардың бәрі ойдан шығарылған ақымақтық, сондықтан ондай тастарды іздеу тоқтатылсын» деп қаулы шығарған Париж Ғылым академиясының одағай шешімдері ойға оралмай қоймайды. Иә, ондай қаулылар одан әлденеше ондаған жылдар өткеннен кейін ғана негізсіз деп танылды. Ал өз кезінде ондай шешімдердің ғылымның дамуына қаншалықты тосқауыл болғанын шамалауға болады.

«Алмасты» ма, албасты ма?

«Қар адамын» Азияның бір халықтары алмасты деп атайды екен. Осы орайда өзімізге бала кезден таныс ұғым – албасты бейнесі көз алдыңа келмей қоймайды. Соған қарағанда сырт бейнесі адамға ұқсағанымен денесін қалың түк басқан, түрі бізге қорқынышты болып көрінетін алып құбыжық жайын бабаларымыз баяғыдан білген сыңайлы. Қалай дегенмен олар үшін «қар адамы» жұмбақ құбылыс болып саналмаған. Түске немесе кешке дейін ұйқыбас болып жата берген адамды «Албасты басып жатыр ма?» немесе «Қара басып жатыр ма?» дейтіні де сондықтан болар. 
«Қар адамының» ізін, ізін ғана емес, өзін де Гималайдан, Кавказ, Памир тауларынан, қызыл құм, ну орман ішінен көрген адамдар көп. Қазақстан аумағынан, өзіміздің Алатау аңғарларынан да жолықтырған замандастарымыз аз емес. 

Әрине, ондай хабарламалардың бірқатарын жоққа шығаруға болар. Бірақ, энтузиастар тұжырымдап жүргендей, бәрінің бірдей жалған болуы да мүмкін емес. Сондай бірнеше оқиғаны келтіре кетейік. 

Журналист Қайым-Мұнар ТАБЕЕВ  «Egemen Qazaqstan» газетіне жариялаған «Кісікиік» деген мақаласында Шығыс Қазақстан облысының Үржар ауданында болған оқиғаны баяндайды. Мұғалім Дәлелхан Біләлов 4-сынып оқушыларымен табиғат аясына шыққан кезде жоғарыда баяндалғандай бірнеше тіршілік иесін кездестірген. 

«Достарыммен аңға шыққанда жанымызда жолбастаушы болды. Ымырт үйірілген кезде «Уазикпен» таудан түсіп келе жатқан кезде бізге қарай келе жатқан біреуді байқап қалдық. Жолбастаушымыз «Тоқта!» деген соң оның келуін күттік. Жақындап келгенде қолына бір бөлке нан ұстатты. «Қыстыгүні ылғи осы маңнан кездестіріп, тамақтандырып тұрамыз, зияны жоқ», – деп түсіндірді ол». (Жамбыл облысы, Жуалы ауданында тұратын Бақыт есімді аңшының әңгімесінен).

Мұндай әңгімелерді дүниенің қай бұрышынан да келтіре беруге болады. Көпшілігі бір-біріне ұқсас болып келетіндіктен оның бәрін тізбелей беруді жөн көрмедік. Ортақ бір жайт – жұмбақ құбылыс иелері қаншама алып болғандарымен адамдарға тиісе бермейді, тіпті көп ретте адамдардан көмек күтетіндей. Жақсы қарым-қатынас жасалған жағдайда адамдармен бірлесіп тірлік кешуге де дайындығы аңғарылады. Абхазия еліндегі Зана аталып кеткен жабайы әйелдің адамдар арасында тірлік кешіп, ауыл жасөспірімдерінен бірнеше балалы болғаны, дүниеге жаңа келген шақалақтарды бұлақтың мұздай суына жуындырғаны себепті олардың көбісінің шетінеп кеткені, дегенмен бірді-екілі баланың тірі қалып, ел қатарына қосылып кеткені тарихи шындық саналады. Зана да адамдардың арасында тірлік кешіп, аз ғана бейімделгенімен тұтастай алғанда жабайы қалпынан оншалықты ілгерілей қоймаған. Ең бастысы, ұрпағы қалыпты адамдардың қатарына қосылған.

Рас-өтірігін қайдам, дәл осындай оқиға Қазақ-станда да орын алыпты. Иен қостағы жылқышы жабайы әйелмен қыс бойы бірге тұрып балалы болыпты деседі. Кейін жылқышылар ауылдарына қайтқанда жабайы әйел баланы жол үстіне қойып кетеді. Адамдар оны айналып өтіп кеткен соң қайтадан алдарына әкеліп қояды. Осылайша бірнеше рет қайталанған соң үмітін үзіп қала беріпті. Серіктері «Жолдан тауып алдық деп ауылға алып кетейік» десе де көнбеген жылқышы көп ұзамай аяқ астынан қайтыс болады...

Ғылыми түрде дәлелденбегендіктен Қызыл кітапқа да енбеген, уақыт өткен сайын адам аяғы баспаған меңіреу түкпірлердің де азайып бара жатқаны себепті біздің жабайы туыстарымыздың да қатары сиреп бара жатқан сыңайлы. Олардың бірлі-жарым қалғанын іздеп тауып, қамқорлық жасауды ойластырып жүргендердің де қатары көп емес. Соны ойлағанда «Қар адамы, қайдасың?» деп жанұшыра айғай салғың кеп кететіндей. Эволюция жағынан адамзатқа ең жақын туыс болып келетін, содан кейін де бізден шынайы көмек күтіп жүргендей көрінетін тіршілік иелері шынында да бүгінде қалай күн көріп жүр екен? Оларға көрсететін, көрсетеміз деген көмегіміздің кешігіп те қалуы мүмкін-ау...

Нүсіпбай ӘБДІРАХЫМ,
Қазақстанның Құрметті журналисі