1929-1932-жылдары еліміздегі сталиндік-голощекиндік саясаттың жалғасы қазақтың дәстүрлі шаруашылығын біржола бүлдіріп қиратқан, күштеп ұжымдастыру және көшпелі, жартылай көшпелі қожалықтарды отырықшылдыққа зорлап көшіру шараларынан көрінді. Шаруаларды ұжымшарларға біріктіру әкімшіл- әміршіл тәсілдермен жүргізіліп, бұрмалаушылықтар мен асыра сілтеулерге жол берілді. Ауылшаруашылығын социалистік жолмен қайта құру орасан зор зиян келтіріп қана қоймай, қолындағы бар малынан айырылған халықты бұрын-соңды болмаған ашаршылыққа душар етті.
Ашаршылықтың ақиқаты ұзақ жыл бойы ашылмады, тек Қазақстан өзінің егемендігіне қол жеткізер тұста ғана миллиондаған адамды жалмаған қасірет мәлім болды. Зұлматтың салдарынан аш халық қырылып қана қоймай, босқындарға айналып, көрші мемлекеттерге ауып кеткені анықталды.
Қазіргі қоғамда ашаршылық туралы жиі айтыла бермейді, ол тек тарихи жадта сақтаулы. Аштықты көзбен көріп, бастан кешіргендер дүниеден өтті. Өз кезегінде ашаршылық қасіретін естеріне алып, мәлімет берген куәгерлердің барлығы дерлік өткенді еске алуға қиналған. Аштықтың қасіретін бастан кешкендер ұзақ уақыт бойы жұмған ауызын ашпауға тырысқан. Оның да өзіндік себептері бар еді. Бір жағынан, халық өкілдері аштық туралы айтуға сескенді. Қуғын-сүргінге ұшырап кетпейік деген қорқыныш санада берік орнықты. Екінші жағынан, Кеңес одағы «ұлы бетбұрыс» жылдары, «кемелденген социализмде» өмір сүрген халықты мұндай жағдай ендігәрі орын алмайды деп сендірді. Кеңестік идеология ертеңгі күнге деген сенімді санада терең ұялатты. Сондықтан да кешегі тарихтан орын алған қасіретті еске түсіргілері келмеді. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары тарихтан тағылым алу үшін ұрпағынан бастан өткендерін, көздерімен көргендерін жасыра алмады. Дегенмен, олардың айтқандары тарих еншісінде қалып барады, куәгерлер берген мәліметтің көпшілігі ғылыми айналымға түсірілмеді.
Жадта сақталған тарихи деректі жаңғыртудың маңызы баға жетпес. Өйткені естелік авторлары оны шынайы өмірден алған. Олар өздерінің әңгімелерінде зұлматтың қасіретін ешбір боямасыз және бүркемелеусіз ашық көрсетеді. Идеологиядан, саяси ықпалдан тыс естеліктердің шынайылығы өте жоғары. Себебі сұмдық және жантүршігерлік ақпараттың авторлары – куәгерлер. Оқиғаларды бастан кешіріп, көзімен көрген олар аштық қасіреті бойынша мол мәлімет береді. Естеліктерде ашаршылықтың орын алу себептері, аштық кезіндегі тұрғындардың ауыр жағдайы, халықтың қынадай қырылуы, босқындарға айналуы көрініс тапқан. Ұзақ жыл бойы айтылмаған ашаршылық ақиқаты тәуелсіздік кезеңінде ашылып, зерттеулер жүргізіліп, ғылыми еңбектер жарық көрді. Сонымен қатар, оқиға куәгерлерінің естеліктерін жинау да қолға алынды. 1992 жылы 32-нің зұлматының 60 жылдық мерзіміне орай әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті тарих факультетінің студент жастарынан тарихшы-ғалым Қампарбек Атабаев басқарған арнайы экспедиция құрылған. Студенттер жазғы демалыс кезінде өз ауылына барып, көнекөз қариялардан сол бір қасірет туралы жантүршігерлік, ауыр толғаныстарға толы естеліктерді хатқа түсірген. Сол экспедиция материалдары жинақталып, заңдастырылып, «32-нің зұлматы» деген атаумен жарық көрген. Естеліктердегі ашаршылық ақиқаты анық көрсетілгендіктен олардың тарихи дереккөздері ретіндегі құндылығы мен маңызы баға жетпес. Алайда бұл жинақ теңіз суының бір тамшысы тәрізді. Өйткені студенттер шама-шарқынша өздеріне қолжетімді деректерді жинақтаған. Қазақстанның барлық өңіріне барып, естелік жинау мақсат етілмеген.
Шаруаларды күштеп меншігінен айыру, зорлап ұжымдастыру қазақ ұлтының дәстүрлі тарихи-табиғи, эволюциялық дамуға негізделген тағдырына еріксіз таңылған қиянат. Бұл ашаршылықтың етек жаюының бір себебі еді. Еккен егіні шықпаған, малын салық түрінде тірідей де, еттей де, оған қоса жүні мен терісін, тіпті мүйізіне дейін өткізген. Астық салығы енгізілген тұста қолда бар малын тұқымға айырбастаған. Мұның өзі аздай тұрғындардың қорасындағы малын шолақ белсенділер күнде келіп санап, азайып қалса жазаға тартып отырған. Астықтың әрбір дәніне дейін өкіметке өткізуге тура келген. Биліктегілер мал мен астықты қатаң бақылауға алған. Қос уыс бидай ұрлағандарды «халық жауы» деп абақтыға жапқан. Малы мен астығын сыпырып алған халықтың аштан өлмеуі екіталай еді. Дәл осы кезде халық арасына «Қайдан тапсаң онан тап, қаптың түбін қақ!» деген мәтел кең тараған. Сол бір қасіретті оқиғалардың бірін Абай облысы Ақсуат ауылының тұрғыны 1910 жылы дүниеге келген Қауажан Тыныбаева былай деп еске алған: «... 1931 жылға дейін әлі де мал-мүлік болды. 1931 жылдың күзінде елден малды сыпыра бастағанда, біз бір сиырымызды сойып алдық. Екі сиырды өкімет алып қойды. Ол кезде бір сиырдан қалдырды. 1932 жылдың басында халықта әлі де болса астық болды. 1932 жылдың сәуір айында жоқтық үдей бастады». Шындығында азық-түлік тапшылығы куәгерлердің айтуынша, 1931 жылдың күзінен басталған. Қазіргі Жетісу облысы Ақсу ауданы Ойтоған ауылының тұрғыны Балқия Қойдәулетқызы бірде балаларына әңгіме қылып, мына бір жайтты айтыпты: «Сол бір жылдары жер жыртып, егін егетінбіз. Бидайдың тұқымын малға айырбастап алдық. Егін егетін құрал да өте қарапайым. Өгізге жегілген соқа. Оның өзі әбден шаршаған, ұрғылап, тұмсығынан тартып, артынан итеріп, әрең дегенде жоспарды орындаймыз. Қараңғы болғанда қолдан жасаған шамның жарығымен де жер жырта беретінбіз. Алайда жаздың соңына қарай астық шықпады. Үйімізде қорада қалған бір-екі малдан басқа түк жоқ. Көп ұзамай солардың өзін сойып жеп алдық. Содан кейін жейтін ештеңе қалмады». Орын алған жағдайды кеңестік кезеңде тұспалдап жеткізген тарихшылар болды. Мәселен, Ж. Жұмабеков өзге тарихшылар айта алмаған тарихи шындықтың бетін аша отырып, мындай ғылыми батыл тұжырым жасаған еді: «Ауыл тұрғындары өмір сүруінің қайнар көзі мал шаруашылығының азық-түлігі болғандықтан мал басының айтарлықтай азаюы еңбекшілердің материалдық жағдайын күрт нашарлатты. Оған 1931 жылы егіннің шықпай қалуы қосылды. Нәтижесінде малшы және бірқатар отырықшы-егінші аудандар еңбекшілері азық-түлік қиындығын бастан кешіріп, ауылдарда көптеген адамның ашығуы мен қырылуына әкелді. Әсіресе, 1932–33 жылдың қысы өте ауыр болды». Себебі 1932 жылдың жазында жауын-шашын аз түсіп, еккен бидайлары күткен мөлшерден төмен жиналған. Орын алған құрғақшылық аштықтың тағы бір себебі болды. Соның салдарынан ауылдағылардың күн көрісі күз айларында нашарлап, қорасындағы соңғы малын жеп алғаннан кейін ішуге тамақ таба алмай, босып, жан-жаққа жан сауғалап тарай бастаған.
Ашаршылық жылдары аң-құс былай тұрсын, құрт-құмырсқа, бақа, жылан, тышқан тәрізді жәндіктер азайып кеткен. Ашыққан халық қолына түскенін жей берген. Талғажау етерлік нәрселерді таудан, даладан тауып әкелгендерін айтпаған естелік авторлары жоқ десе де болады. Олардың бәрі халық бұрын-соңды тағам ретінде қолданбаған тау және дала өсімдіктерінің барлығын дерлік жегенін айтқан. Оған қоса ит, мысық, тышқанды және т.б. жеген. Мұның өзі жаппай эпидемияға алып келген. Архив деректерінің мәліметтерінше, 1929-1933 жылдары аштықтан зардап шеккен халықтың белгілі бір бөлігі түрлі індеттер мен жұқпалы аурулардың өршуінен қырылды. Елде іш сүзегі індеті жайлады, ауырғандардың саны жыл сайын өсті. Ресми мәліметтер бойынша, егер 1929 жылы осы індетпен 5413 адам ауырса, 1932 жылы олардың саны 13119 адамға жетті.
Ашаршылықтың, күштеп ұжымдастыру және зорлап отырықшыландырудың қалай жүзеге асырылғаны әлдеқашан айтылып, дәлелденген. Кеңесшілдік, волюнтаристік әдістер арқылы іске асырылған ұжымдастырудың салдарынан айдалаға көше-көше ғып киіз үй тіктіріп, әр көшеге партия көсемдерінің аты берілген. Сол үйлерде аштан қырылған халықтың қасіреті турасында айтқанда Бейімбет Майлиннің «Күлпаш» деген әңгімесін мысалға келтірсек те жетеді. Үйіне тамақ алып келген Күлпаштың Мақтұм деген ері мен баласының өлі денелерін көрген әйелдің халі қандай болғаны Бейімбет пен ашаршылықты көзімен көргендерге ғана аян.
Аштық жылдары адам етін жеу фактілерінің орын алғанын растайтын естеліктер кездеседі. Куәгерлердің арасында өз балаларын, бөтен адамдарды жеген оқиғаларды жеткізгендер кездескен. Тамақ үшін ел кезіп, шаршаған ананың барлық баласын алып жүруге шамасы келмеген жағдайда қызын ағаштың түбіне, тастың үстіне қалдырып кеткен кездің болғаны шындық. Осындай ақылға сыйымсыз, жантүршігерлік әрекеттердің белең алғанын дәйектейтін деректер де кездеседі.
Сол бір қасіретті жылдары дала тағылары көбейіп кеткен деседі. Ол жайында да көптеген дерек бар. Қасқырлар адамдарға шабуыл жасаған кезде олар алдана тұрсын деп қыздарын немесе жүгіруге шамалары келмеген әйелдерін қасқырға қалдырып, өздері әупірімдеп аман қалған. Осындай төбе шашты тік тұрғызатын оқиғалар ашаршылық жылдары жиі болатын құбылысқа айналған деседі. Жан сауғалап қалар тұста жергілікті халық өкілдері қызынан гөрі ұлын аман алып қалуға ұмтылған. Өйткені халық ділінде ұл баланың орны мен жолы ерекше бағаланады.
Аш тұрғындардың іргелес мемлекеттерге босып кеткені де рас. Қазіргі уақытта әлемнің көптеген елінде тарыдай шашылған қазақтардың өмір сүруінің бір ұшы осы ашаршылыққа келіп тіреледі. Аштық жылдары байырғы тұрғындар көрші ел – Қытайға қоныс аударған. Оның бір себебі аштық болса, екіншісі ауқатты адамдардың үгіт-насихаты еді. Мысал ретінде «Анаға апарар жол» фильмін келтіруге болады. Аштан қырылғанша бас сауғалап, аман қалуды ойлаған кәмпескеленген байлар мал-мүлкін алып, бала-шаға, туысқандарын ертіп, шегараға беттеген. Алайда оларды биліктегілер «банда» деп атаған. Сондай «бандылардың» қаншасының жолда өлгені, қаншасының жат мемлекетке жеткені белгісіз.
Осылайша «артта қалған халықтардың, соның ішінде қазақтардың капитализмге соқпай социализмге өтуі» зор адам шығынын әкелді. Ашаршылықтан халық саны айтарлықтай азайды. Алайда «бір адам өлсе – өлім, миллион адам өлсе – статистика» деген билік ашаршылық ақиқатын жасырды. Солай десе де аштықтың зардаптары мен тағылымын тарихи жадтан өшіру мүмкін емес. Себебі ол – бір емес, миллиондаған адамның қасіреті. Сондықтан да ашаршылық тарихын архив құжаттарының ғана емес, куәгерлердің естелігі бойынша терең зерделеу мемлекеттің болашақ өркендеуі үшін қажет.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» және «Әділетті Қазақстан – Адал азамат» атты бағдарламалық баяндамаларында тарихи сананы нығайтуға ерекше мән берді. Өйткені өз ұлтының өткенін білмей мемлекетті прогрессивті түрде дамыту мүмкін емес. Осы орайда 1931–1933 жылдардағы ашаршылық тарихын зұлмат куәгерлері мен олардың ұрпақтарының естеліктері бойынша кешенді зерделеу өзекті бола түседі. Ұлттық бірегейлікті, тарихи сананы нығайтуда жадта сақталған деректерді жаңғырту маңызды. Осы бағытта Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтында «Қазақстандағы 1931–1933 жылдардағы жаппай ашаршылық куәгерлерінің және олардың ұрпақтарының естеліктер сериясын дайындау және басып шығару» тақырыбында ауқымды ғылыми бағдарлама жүзеге асырылуда. Осы жоба аясында куәгерлер мен олардың ұрпақтары ұсынған мәліметтері бойынша 20 томдық естеліктер жинағын шығару жоспарланған. Көптомдық жинақтың бір томы Жетісу облысына арналып отыр. Осы уақытқа дейін Жетісу облысы бойынша ашаршылық туралы естеліктер жинақталып, жарық көрмеген. Жекелеген адамдар өздерінің ата-бабалары жөнінде ізденістер жүргізу барысында бірен-саран мақала жариялаған.
Жетісу облысында көзі қарақты, көкірегі ояу, жады рухани қазынаға толы қариялар мен олардың ұрпақтары бар екені даусыз. Солардың аузынан ашаршылық ақиқатын жазып алу – уақыт талабы. Бұл ұжымдық тарихи жадты жаңғыртып қана қоймайды, сонымен қатар қазақстандықтардың тарихи санасын жетілдіріп, отансүйгіштік қасиетін арттырады. Отан тарихын куәгерлердің естеліктерінен алынған тың деректермен толықтырып, елдің өткеніне деген қызығушылығын тудырады. Сондай-ақ туған өлкенің тарихын тануға, оны терең зерделеуге де септігін тигізері сөзсіз. Естеліктердің тарихи оқиғаларды бұрмалауға да кедергі болары анық. Сондықтан да Жетісу облысы тұрғындары ашаршылық ақиқатын бірге жаңғыртуға, бірлесіп зерделеуге ат салысады деп сенеміз.
Оразгүл Мұхатова,
т.ғ.д, профессор,
Ш. Уәлиханов атындағы
Тарих және этнология
институтының бас ғылыми
қызметкері