Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Алтынай Нөгербек Netflix фильміне шақырту алды.
Бұл туралы Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театры мәлімдеді.
Белгілі болғандай, актриса Карлаг жайлы тарихи фильмге түседі.
Театрымыздың белді актрисасы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, мемлекеттік сыйлық иегері Нөгербек Алтынай Бауыржанқызы NETFLIX фильміне шақырту алды. Танымал актриса Netflix-тің Карлаг жайлы фильміне түспек. Құрметті Алтынай Бауыржанқызы, барша театр ұжымы атынан сізді шын жүректен құттықтаймыз! - делінген жазбада.
Фильм 2025 жылдың аяғына дейін көрерменге жол тартуы мүмкін.
Ulys-қа берген сұхбатында актриса түсірілімнің Испанияның Бильбао қаласында өтіп жатқанын және оның 2,5 айға созылатынын айтты. Жобаға Қазақстаннан тағы үш актер – Дина Тасболатова, Сергей Уфимцев және Фараби Ақкөзов шақырылған. Фильм режиссері – «Бумажный дом» сериалымен танымал испандық Мигель Ангель Вивас. Басты рөлде «Элита» драмасынан белгілі Аарон Пиппер ойнайды.
Фото: instagram.com/kaztheatre