Талдықорғанда «Құрмет» орденінің иегері, Жетісу облысының «Құрметті азаматы», белгілі композитор Мұратхан Егінбаевтың шығармашылығына арналған «Сәйгүлік» атты ІІI Республикалық әншілер байқауы өтті.
І. Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайында өрнек тапқан гала-концертке Жетісу облысы әкімінің орынбасары Диас Есдәулетов қатысты.
Салтанатты жиынның ашылу салтанатында сөз алған Диас Есдәулетов:
– Жетісу жері таланттарға бай өлке. Жер жаннаты Жетісуда қазақ өнері өлшеусіз үлес қосып келе жатқан тұлғалар жетерлік. Солардың бірі – Мұратхан Егінбаев ағамыз ортамызда отыр. Ағамыздың Мұқағали Мақатаевтың сөзіне жазылған «Құмған алған», Кәкімбек Салықовтың сөзіне жазылған «Үш арыс» сынды көптеген әндері халық жүрегінен орын алды. Біз жыл сайын ағамыздың шығармашылығына арналған байқауды дәстүрлі түрде ұйымдастырып келеміз, – сазгердің сырлы әлемі туралы естеліктер тарқатып, ақжарма тілегін ақтарып, композитордың иығына оқалы шапан жапты.
Кеште сазгер Мұратхан Егінбаев сөз алып, жылда дәстүрлі түрде байқау өткізіп, қолдау көрсетіп жүрген облыс басшылығына ыстық ықыласын білдірді.
Байқауда еліміздің түкпір-түкпірінен келген өнерпаздар сазгердің әндерін орындап, бақ сынасты. Олардың ішінен 21 өнерпаз ақтық сынға жолда алды. Байқауда Махмұт Тойкенов, Серікжан Әбдінұров, Айгүл Қосанова, Әли Алпысбаев, Абылай Қармысов секілді саз өнерінің саңлақтары, танымал композиторлар, профессорлар қазылық етті. Гала-концертте жүзден жүйрік шыққан орындаулшылар лайықты марапаттарға ие болды.
Байқау қорытындысы бойынша «Оркестрдің сүйемелдеуімен ән айту» номинациясы бойынша астаналық Саят Сақитжан, «дәстүрлі ән» номинациясы бойынша Жетісу облысының өнерпазы Нұрәли Есхат бас жүлдені иемденіп, 500 мың теңгенің сертификатын жеңіп алды. «Дәстүрлі ән» номинациясында 1-орынды астаналық Елнар Халықбек пен алматылық Мадияр Өмірғалы еншіледі. «Оркестрдің сүйемелдеуімен ән айту» номинациясы бойынша 1-орынды жетісулық Салтанат Мұратқазы қанжығасына байлады. Оларға 400 мың теңгенің сертификаты табысталды. Үш аталым бойынша тұғырдың екінші сатысынан көрінген саңлақтар 300 мың теңгелік, үздік үштікке енген өнерпаздар 200 мың теңгелік сертификатқа ие болды.
Айдар ҚАЛИЕВ