Дос - жарандарымен бір басқосудан ащы суға сылқия тойып қайтқан Серік деген ауылдасым жол-жөнекей тағы бір танысына кездесіп қалыпты. Екеуі үйлеріне таяу маңдағы бір дәмханаға бұрылып, ішімдікті қайта жалғастырыпты.
Әдетте ешкімнің қолын қайтармастан іш десе іше беретін Секең, бұл жолы тартыншақтай беріпті. Таңырқай қараған жолдасы:
- Ішсеңші Секе, бір жерің ауырып отыр ма? – деп сұраса керек. Сонда Серік:
- Әй, осы ел үйден қырық қадам шыққан адамды мүсапір дейді, ал, мен, үйге қырық қадам қалғанда мүсәпірмін, – деген екен.
Болады ғой жусаң да
Бірде Аякөз өңірінде тұратын бір жігіттің әкесі тоқсанға қараған жасында өмірден өтіпті. Қаралы шаңырақтағыларға алыс-жақынан ағайын - туыстары мен дос - жарандары ағылып келіп, көңіл айтып қайтып жатады. Сонда, елдің соңына ала келген сол жердің танымал адамдарының бірі Азанғали Тұраров деген ақсақал жігітке:
« Әкең өтті өмірден,
Жасы келіп тоқсанға.
Келген де бар бұл санға,
Келмеген бар бұл санға.
Енді әкең келмейді,
Тұлпар мініп қусаң да.
Ат шаптырып той жасап,
Болады ғой жусаң да», - деген екен. Айдын КӘЛІМХАН