Ойласаң мына өмірді жалған,
Көп екен шіркін адамда арман.
Түлкіні көріп бүргенді жерден,
Қырандар азба қапыда қалған,
Осыған ұқсас мендегі арман.
Арман-ай ару қарамайсың ба,
Жаныңа мені баламайсың ба.
Жүрегім жүдеу аямайсың ба,
Кетесің әр кез жаралайсыңда,
Жасық деп әлде бағалайсың ба?
Дариға-ай арман балаймын жанға,
Тіл қатшы маған қайдасың, қайда?
Іздеймін сені қанатым талып,
Осында ма деп қараймын айға,
Қараймын айға, арайлы таңға.
Жалғыздық арман баласы жоқта,
Бергендей болып панасын отқа.
Кезіктірмеші ғаламда мынау,
Көңілде ешбір шарасы жоққа,
Ертіп кет арман салсаңда ноқта.
Біреудің ерте шырағы сөнген,
Шошынып ұшқан аққуы көлден.
Қатыгез арман жолдарың қатер,
Қайғың бар ауыр зіл қара жерден,
Пендеделер шіркін бәріне көнген.
Ғашықтық арман Қорланың Естай,
Қойғанба бір күн әніне қоспай.
Ләйлі мен Мәжүн, Салиха –Сәмен,
Тігілмей жатып құлаған қостай,
Арман-ау арман қойдың ғой қоспай.
Тіршілік жолы арманға толы,
Сезімі жоқтар білеме оны.
Жер екеш жерде емес ғой бірдей,
Бір жері қағыр бір жері соны,
Арманға толы тіршілік жолы.
Арман –ау арман, арман –ау арман,
Шөліркеп келем шықсаңшы алдан,
Іздеймін сені әр атқан таңнан,
Кештерде самсап жұлдыздар жанған,
Жұбатшы келіп көңілді қалған.
Жерұйық іздеп Асан да өтті,
Мінілмей небір асаулар кетті.
Ақ жауын тілеп отырам әр күн,
Жүректе жанған басар деп отты,
Басылмай өрті шарпима көкті.
Дауылда буған болатпен белін,
Армандап кетті Махамбет елін.
Көгертсем сені туған жер ана,
Өзің деп соғар жүрегім менің,
Жүзейін келші арманым көлім.