Жұматай ЖАҚЫПБАЕВ: "Түн мүсіркеп, түн кеп мені аяды"

Уақыты: 31.01.2025
Оқылды: 246
Бөлім: РУХАНИЯТ

Ләйләң қайда?

 «Ләйләң қайда?» - деді маған күліп күн,
«Ләйләң қайда?» - деді маған күліп түн.
Дүниенің көріп жүрген күллі елін
Көрдім маған күннің қатты күлгенін.
Қатты күлді, әйелдерше күлді кеп:
«Сені тосып жүре ме ол, - деп, - үлбіреп?!»
Құшағы бар аялайтын аялы,
Түн мүсіркеп, түн кеп мені аяды.
Аяды кеп, аялады күлмеді,
Қоңыр үнмен жұбатты кеп түн мені:
«Мәңгі түнге жеткеніңше уақыт көп,
Күлкілі боп жүрісің де бақыт», - деп.
Аямайтын күн болып кел – бәрібір,
Аялайтын түн болып кел – бәрібір.
Сені, Ләйлә, қара көзді киелім,
Қайыспастан қара жерше сүйемін.

Айыбым болса кеше жүр

Айыбым болса кеше жүр
Асқақтау жердің маралы.
Жырладым сені неше жыл
Жындантып неше қаланы?
Траптан түссең алға аттап,
Такаппар, асқақ түрменен,
Қалың ел сені ардақтап,
Қарсы алса деп ем гүлменен.
Дүние діні, тілі көп,
Дүрліге жылда той қамдап,
Ләйләнің туған күні деп
Ләйлісе деп ем мейрамдап.
Жетпеспін сонау арманға
Жеткенмен менде құдірет.
Ақынның тілін алған ба
Адамзат ауылы бір рет?!