Жемқор – жаудан бетер.
***
Тағыңмен мақтанба,
Тапқаныңмен мақтан.
***
Қызғаншақ қарап жүріп қиналады.
***
Мылжың мидың соры.
***
Жөні келсе жайынды да жұтарсың.
***
Талпынам деп түңіліп қайттым.
***
Тақ қадірден де қымбат.
***
Бастық болдым дегенше
Асып-толдым де.
***
Таққа отырсаң – тасисың.
***
Жемқордың да бәрінен жеритін кезі болады.
***
Жер кімдікі болса – жеңіс сонікі.
***
Өзімшіл өзін де аямас.
***
Оңай табыс – олжа ғой,
Үнемі солай болса ғой.
***
Асасаң аш қалмайсың.
***
Адал – арып-ашып күн көрер.
***
Суайт суайтқа сенбейді.
***
Жемқор жемқорға жақын жүреді.
***
Теңгенің бары жақсы,
Теңгең болса бәрі жақсы.
***
Қаңқу сөз құтыңды қашырар.
***
Өсекшіге өсекшінің өзі де өш.
***
Бастық бастыққа болысар.
***
Күндейді деп текке,
Көпшілікті сөкпе.
***
Омалып отырғаннан өскен артық.
***
Парықсыз да пайдасын ойлар.
***
Жемқордың шекесі жалтырайды,
Қалтасы тесік қалтырайды.
***
Бағына қарай – Тағы.
***
Сараңнан сағыз сұрама,
Қазымырдан қарыз сұрама.
***
Басшысыз қосшы не бітірмек?
***
Парақор пайдасына қарап ұмтылар.
***
Қымқырмасаң көтерілу қиын.
***
Атағың болмаса алғыс та жоқ.
***
Жұтуға да жүрек керек.
***
Еңбек еткісі келмейді,
Бірақ астан кеткісі келмейді.
***
Пайдалы дос – пайдасын бөлісер.
***
Қазына мол болса,
Қалта да толы болады.
***
Теңге жетпес түкпір жоқ.
***
Жеуді білмегенің – өмір сүрмегенің.
***
Таланты бар – танысы жоқ.
***
Бастықты басың жерге жеткенше мақта,
Бастыққа басың жерге жеткенше жалбақта.
***
Тағына қарай – табысы,
Тапқыштығына қарай – түсімі.
***
Бермесең бір қадам да баспайды.
***
Бергеніне қарай беделі.
***
Бастықтың бәрі бөлісе бермейді.
***
Дәметкіш әркімнен дәметіп, діңкесі құрыр.
***
Адал жүріп күнелткенше,
Асап-асап алған – абырой.
***
Шенеуніктің бар сөзі шындық емес.
***
Қымқырмаған – кеш қалар.
Қауқарсыз деме көкемді,
Танытады әкеңді.
Күндес күндеске күн бермейді.
Қолына қыстырмасаң қағыс естиді.
Сыбайластың сырын сыбайлас білер.
Жемқорды алуға үйретпе,
Жармасуды біледі ол сүйекке.
Ақшаны алған сайын артықтық етпейді.
Майладым қолын,
Ашылды жолым.
Тойымсыздың бар ойы – қарында,
Қызғаншақтың бар ойы – жарында.
Ақымақ керіседі,
Айлалы бөліседі.
Дәмету – алудың басы.
Опыру – оңай,
«Отыру» – қиын.
Опырмасаң опық жейсің.
Ұрты майлының ұйқысы тәтті.
Тойымсыз ешқашан тоймас,
Мисызға білім қонбас.
Басекең дәметеді –
Құлқыны әндетеді.
Алуды білмесең аулақ жүр.
Біреуді күндеме,
«Алмайды кім» деме.
Басып жемеген басшылық ете алмас.
Көкемнің күші жоқ деме,
Істеген ісі көп.
Қымқырмай, қамсыз
Күнелту – мәнсіз.
Бастықпен керіспе, бөліс.
Басекеңе ерсең – балдан татарсың
Ермесең – былыққа батарсың.
Жей алмасаң қазынаға жолама.
***
ЖАҢЫЛТПАШ
Көкем қарпып қалды,
Қарпудан артық қалды.
Артығын тағы біреу артып алды.
***
25-ке келгенде тасып тұрар күшіңіз,
35-ке келгенде ірі-ірі ісіңіз.
45-ке келгенде түсе бастар тісіңіз.
Тісіңізбен қосылып,
Болбырайды ісіңіз.
***
Басында майысады, кейін қайысады.
***
Отыз бестен ассам да,
Жаспын, әлі гүлмін ғой.
Күйеу ол – күл астында,
Таңдап, шертіп жүрмін ғой.
***
25-ке келіппін,
Келеді әлі желіккім.
***
Еркекке көз өтпейді,
Әйелге сөз өтпейді.
БАНК ТӨРАҒАСЫНЫҢ ЖЫРЫ
(Абайша)
Жүргем жоқ жырғап,
Бәрі де қымбат.
Түсіруге шамам жоқ.
Ойда жүр бұл гәп,
Уәде – құрғақ,
Қолдан келмес, амал жоқ.
Кешірімді сұрармыз,
Бағаны ұстап тұрармыз.
Жұрт шайқап басын,
Көтеріп қасын,
Ұстамасын жағасын.
Көл болып жасың,
Ауырып басың.
Бір амал өзің табарсың.
Ілесем десең нарқыңа,
Қарап ал біраз артыңа.
Үкіметке айтып,
Түсіртем қайтіп
Доллардың биік бағамын.
Құқайды талай
Көрдік қой солай.
Халыққа қалай жағамын.
Қоярсың тағы бір тулап,
Басыларсың бір шулап.
***
ӘЛІПТІҢ СОҢЫН БАҚҚАН ЖҰРТ
(Қазтуғанша)
Алаң да алаң, алаң жұрт,
Алаңдаумен болған жұрт.
Ата заңнан қайыр жоқ,
Алаңсыз көңілі қалған жұрт.
Ашқарақ, ашкөз, жемқорлық,
Айнала жайлап алған жұт.
Ақырып, іздеп әділдік
Алаңға талай барған жұрт.
Айлакерлік, қулықтан
Арсыздықтан, сұмдықтан,
Абайлап «сабақ алған» жұрт.
Еңсесі кейде түскен жұрт.
Өкпесі талай өскен жұрт.
Зейнетақы мен жалақы
Өсе ме биыл, өспей ме?
Көкейін сұрақ тескен жұрт.
Қайда барсаң қағазбастылық,
Сандалып, көше кезген жұрт,
Құрғақ уәде, көбік сөз
Оған да көніп, төзген жұрт.
Қаңқадай қайысып қатқан жұрт,
Келешекке сеніп жатқан жұрт.
Банкке де қарыз боп,
Белшесінен батқан жұрт,
«Көппен көрген ұлы той»,
Әліптің соңын баққан жұрт.
Мың тіріліп, мың өлген жұрт,
Құқайды талай көрген жұрт,
Қиындыққа қажымай
Сабырмен шыдай берген жұрт.
Қылғытты,
Қалды тұтығып,
Тоқтамай қойды ықылық.
Бастық айтты – мақұлмыз,
Бас изесіп жатырмыз.
Ісі бұлдыр,
Сөзден сырғыр.
Жыбырлайды
Құлқын құрғыр.
Ылдым-жылдым
Асар, қылғыр.
ШЕНДІ-ШЕКПЕНДІЛЕРГЕ
(Бұхар жырауша)
Шенді шекпенділерге
(Бұхар жырауша)
Бірінші тілек тілеңіз,
Тойымсыз топас болмасқа.
Араменен ұстасып
Жуадайын солмасқа.
Екінші тілек тілеңіз,
Құлқыны терең жемқордың
Ізіне еріп азбасқа.
Үшінші тілек тілеңіз,
Тамыр-таныс жағалап,
Көкеңізді ағалап,
Көкке колың созбасқа.
Төртінші тілек тілеңіз,
Төбе би боп ұмтылып
Табаныңнан тозбасқа.
Бесінші тілек тілеңіз,
Белді буып өтірік
Сағыздай істі созбасқа.
Алтыншы тілек тілеңіз,
Алмаң-далмаң мінезбен
Арам ақша алмасқа.
Жетінші тілек тілеңіз,
Жер-көктегі бағаны
Шарықтатып қоймасқа.
Сегізінші тілек тілеңіз,
Серілердей той қуып,
Атанбасқа «ой, қасқа!»
Тоғызыншы тілек тілеңіз,
Тойған жерде тоба ғып,
Әдептен әрі озбасқа.
Орындалса осылар
Ой, керемет, керемет!
Сіз туралы сөз басқа.
Үміт Зұлхарова