Көксуда «Еңбекпен ер атанған» атты көш керуен жобасы өтті. Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы ұйытқы болған шара қаладан бастау алған болатын. Жобаның мақсаты – еңбек адамдарының жетістіктерін дәріптеу, қоғамдағы рөлін көтеру, еңбек адамдарының өмірлік жолын әдеби және өнер туындылары арқылы таныту. Бұл бастама Мемлекет басшысының 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялауына байланысты өткізіліп отыр.
Салтанатты жиында «Еңбекпен жеткен биігің, заңғар болып көрінер» атты жылжымалы көрме ашылды. Онда І. Жансүгіровтің әдеби музей қорынан алынған құжаттар, ақынның бала-шағасы тұтынған жеке заттар, еңбек тақырыбында жазылған өлеңдері қойылды. Сонымен қатар, Құттыбек Баяндиннің «Нұрмолда Алдабергенов», «Нар тұлға», Никита Головацкийдің өз тәжірбесі жайлы сыр бөліскен «Человек на земле», «День, равный году», Социалистік Еңбек Ері Зылиха Тамшыбаеваға арналған «Жетісудың жұлдызы», «Жер туралы жыр» кітаптары көпшілік назарына ұсынылды.
– Биыл Мемлекет басшысы «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялады. Мұндағы мақсат – қоғамның, жастардың назарын жұмысшы мамандықтарына аудару. Әрине, мамандарды бір-ақ жылдың ішінде жаппай даярлап, жұмысшы кадр жетіспеушілігін шешу мүмкін емес. Ең бастысы, үлкен істің басы басталды.Жұмысшы мамандықтарының артықшылығын, қажеттілігін ұғындыру, еңбектің құндылығын ілгерілету ерекше екпінмен қарқын алып отыр. Бүгін еңбек ерлері туралы, маңдай тердің жемісі жайлы бірқатар шығармамен танысып, тәнті болдық. Осындай шаралар әсіресе жастар үшін аса қажет, – деді Жетісу облысының Құрметті азаматы Наурыз Қылышбаев.
Рухани кеш соңы театрландырылған қойылым мен концерттік бағдарламаға ұласты.
Айта кетейік, аталған жоба 21 ақпанға дейін жалғасады. Іс-шара облыстың барлық аудан-қаласын қамтиды.
Медет ЖҰМАБАЙ,
Көксу ауданы