Ботадай көзде болмашы бір мұң шықтанса, оның астарында ұлттың тағдыры, тарихы мен ұлы құндылықтары тұрды. Қазақ елінің ертеңі үшін қаламмен күрес жүргізген тұлғалардың ішінде баспасөзге бар ғұмырын арнаған бірегейлер туралы бірер сөз жазудың өзі жанға салмақ салады екен. Өйткені олар саясаттың қысымына, халық жауы деген қамытты арқалап кету қаупіне қарамай қазақ халқының ертеңгі жарқын өміріне қажетті ұлы мұрат жолында күрес жүргізді.
Міржақып Дулатұлы, Сәкен, Бейімбет, Ілияс секілді саңлақтардың том-том кітабын парақтап отырсаң, елге ауадай қажет дүниелерді мақала, зерттеу материал, сараптама ретінде ұсынғанын көресің. Заманның шідері тірсек қиған қиын кезеңде ұлтым деп у жұтуға бар тұлғалар сапында солардың біразы «Jetіsý» газеті арқылы да ұлт мұратының қазанына шоқ тартты. От маздатты.
«Әйгілі Әуезовтың қолтаңбасы қалған» деп марқая айтар «Jetіsý» газеті қазақ баспасөзінің ғасырдан асқан тарихы бар бір тармағы. Биыл жарыққа шыққанына 107 жыл толар бірегей басылым бұқараның үнін байтақ елге жеткізіп, билік пен халық арасындағы алтынкөпірлік міндетті хәл-қадірінше арқалап келеді. Алайда, жалқы сөзбен айтқанға жұқана көрінер тарихтың астарында қаншама тұлғаның терсіңді еңбегі жатыр.
Олардың қай-қайсысы да ұлт мұраты жолында баспасөз саласында табандап тектілікті, төрттағандап тарих пен әдебиеттің, мәдениет пен ұлт құндылығының жалғасты ғұмыры үшін жан аямай еңбек етті.
Бүгінгі таңда өзінің төл басылымына, ұлттың ұлы құндылықтарын жүйелі насихаттайтын қайнар бұлағы іспетті газет-журналына бейжай қарайтын оқырман көбейді. Тіпті, газет-журнал оқуды ескіліктің нышаны секілді қарайтындар қатары көп. Бұл тұста «Журналистің арқалағаны алтын, жегені жантақ» деген Шерхан Мұртазаның орамды ойы еске түседі. Елге қажетті қасиетті сөз бен тұжырым ұсынған, арғы-бергі тарихтан сабақтастырып өнегелі дүниелерді бедерлеген, бүгінгі жасампаз дүниедегі атқарылған іс пен болашақтың бағдарын да жазбасында айшықтаған журналист, қаламгер қауымның еңбегі лайықты деңгейде еленіп, бағаланып жатпағаны анық.
Рас, 107 жылда «Jetіsý» газеті ұлт мұраты жолындағы әр дүниені айшықтап жазып, ашып көрсетіп келеді. Мың жылдықтар тізбегіндегі тарих, әдебиет, ұлт құндылығын жүйелі насихаттаған басылымның әр редактор басшылық еткен кезеңдері – бір-бір белес. Бәрін айтпай, бір ғана Сара Есова жөнінде толғансақ қызғылықты дерекке көңіл суарасыз. Сара Есова жалпы қазақ баспасөзі тарихында редактор болған тұңғыш әйел. Ол ел мәдениеті мен руханиятына өзіндік үлес қосып, талай саңлақтармен тізе қосып тірлік еткен, ақырында сталиндік қуғын-сүргін құрбаны болған Қазақ КСР Халық комиссарлары кеңесінің төрағасы Ораз Исаевтың зайыбы еді. Сараның әкесі Сәтбайдың Ес батырдың баласы және XVIII-XIX ғасырларда Хиуа мен Қоқан хандықтарына, Ресей империясына қарсы шайқасқан атақты Ақтан батырдың немересі болғанын біреу білсе, біреу білмейді. Қазақтың сан тұлғасын сахарада босып, күн көріс қамымен болмайтын кәсіппен айналысып жүрген жерінен жиып алып, интернаттарға, жоғары оқу орындарына түсуге септескен, оларды білімге шақырған Ғани Мұратбаевтың көмегінің арқасында журналистикаға бет бұрған Сара Есова саналы ғұмырының бір бөлшегін баспасөзге арнап еді. Ел үшін, өз халқы үшін қаламын қару етті. Міне, осы секілді әрбір редактор мен 107 жыл қойнауында «Jetіsý» газетінде еңбек еткен әрбір журналист, қаламгердің өмірін айшықтап жазар болсақ, бәрі де ұлт үшін өмірінің бір бөлігін арнағанын айғақтай аламыз. Ендеше, бірегей болмыстардың ғұмырбаяндық-хамсасын ғана танымай, олардың салып кеткен сара жолымен елге қаламмен қызмет етіп жатқан журналист һәм басылыммен бірге болыңыз деп оқырманға ой тастағымыз келеді. Арыстардың үнімен жеткен қазақ баспасөзінің тамыры, тарихы, келер күні де есті оқырманмен ғана баянды.
Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ
Фото: tilalemi.kz