Тарих таразысы

Уақыты: 02.02.2025
Оқылды: 294
Бөлім: РУХАНИЯТ

Ұлттық деген сөздің ұлылығын әлі жете сезінбей отырмыз. Біраз талқыланып, түрлі деңгейде қозғалып жүрген «Ұлттық басылым» күні жайлы ұсыныс осыдан екі жыл бұрын көпшіліктің  қолдауымен жүзеге асты. Қайнар бастауында Ахмет Байтұрсынұлы, Әлихан Бөкейханұлы, Міржақып Дулатұлы сынды  ұлт зиялылары тұрған «Қазақ» газетінің алғашқы нөмірі 1913 жылдың 2 ақпанында  жарық көргеніне орай осы күн «Ұлттық басылым» күні болып  белгіленді. Ендеше ұлтқа қызмет етемін деген әр басылым Алаш аманатын арқалап жүргенін сезінгені дұрыс.

Баспасөз қай кезеңде болмасын өзінің биігінен төмен түспеуге тырысты. Алайда заман ағымына байланысты ұстанымы өзгеріп, сол уақыттың талабына бой ұсынғаны да шындық. Дәл қазіргі әлемді түрлі мәселелер алаңдатып тұрған жағдайда бұқаралық ақпарат құралдары шынында да бұқара жағында болып, ұлттық құндылықтарды қадірлеуге, мемлекеттігіміздің мәртебесін биіктетуге қызмет етуге тиіс! Шындығын айтсақ, Ахмет Байтұрсынұлының: «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі» деген сөзінің бүгінде қадірі қашып тұр. Оны айтасыз, көп жағдайда «Ұлттық» деген ұлы сөзден ұялатын, айтуға жасқанатындай деңгейге жеттік. Адамзат жаратылғалы әр ұлт өзіндік болмысымен дараланып, басқаларға ұқсамайтындығымен ерекшеленеді.

Мақтан тұтар тұстары мен өкінетін кездері де бар. Тарих барлығын өз орнына қояды. Сондықтан әлі күнге түрлі пікірлерге өзек болып отырған «Ұлттық басылым» күні деген ұғымды санамызға түбегейлі сіңіріп, бекіту қажет. Сонда мүмкін баспасөзде ұлтымыздың ұлы мұраттарына қатысты іргелі бетбұрыстар қолға алынатын шығар. Оны мінезді, ұлты мен мемлекеті үшін жанын да аямайтын журналистер жүзеге асыратын болады. Әйтпесе, дәл бүгінде ұлттық басылымдарды айтпағанда, жалпы баспасөздің күні сөніп, айы батып бара жатқандай көрінеді. 

Қалай десек те, бұл қалам ұстаған әріптестерім үшін айтулы мереке. Осы орайда «Ұлттық басылым» күнімен бәріңізді зор ілтипатпен құттықтаймын! Қолымыздағы қаруымыз – қаламға серт беріп, ұлтымыз үшін адал қызмет етейік!

Болат Абаған,
Қазақстанның Құрметті журналисі