Бірсыдырғы болмасын

Уақыты: 02.02.2025
Оқылды: 323
Бөлім: РУХАНИЯТ

«Ұлттық баспасөздің қазіргі ахуалы қандай?» деген сауалға жауап беру оңай емес.

Біріншіден, таралым аз, екіншіден, кәсіби маман тапшы. Қазір журфак көп, бірақ олар дайындаған шәкірттер – баспасөзде жұмыс істеуге қабілетті де, құлықты да емес. Редакцияларға өндірістік тәжірибеден өтуге келген болашақ журналистің сөйлемді дұрыс құрай алғаны үшін ғана құшақтап, бетінен сүйгің келеді. Себебі, көпшілігі бойына ондай «талантты» да жұқтырмастан «таза» жүр. Үшіншіден, журналистердің көпшілігінде өзіндік ұстаным, азаматтық позиция қалмай барады. БАҚ атаулы бірсыдырғы, бірқалыпты, іш пыстырарлық сипат алып кетті. Серпілтер, селт еткізер серкесөз сирек. Телекеңістігімізді ой емес, ойын-сауық жаулап алғаны қашан. Әлде қазір жалаң ақпарат пен жадағай сенсацияның ғана заманы туып, салиқалы талдау мен салмақты ой кейінге ысырылып бара ма? Осының бәрі ойландырады. 

Қазір газет оқымайтын тұтас буын ата-ана болып отыр. Үйінен газет көріп өспеген бала ертең кім болып шығады? Мемлекет ұлттық баспасөздің бүкіл проблемасына назар аударып, оны қолдап-қуаттап отыруы қажет деп білемін. Газет идеологиялық құрал немесе рухани байлық сипатында ғана емес, сонымен қатар сатып алушыны қызықтырып-еліктірер кәдімгі тауарға айналғанда барып өтімді болады. 

Демек, енді газеттер жылдам ақпар беру жөнінен интернетке, радиоға, телеарналарға ілесе алмайтынын ұғынып, болған оқиғаның лезде себеп-салдарын анықтап, жай-жапсарын зерттеп, сараптап жазуға көшуі керек. Сонда ғана ақпарат кеңістігіндегі өз орнын сақтай алады. Осы тұрғыдан келгенде, қазір қазақ журналистикасы өтпелі кезеңде тұр деуге болады. 

Газет оқитын оқырман барда қазақ баспасөзі жасай береді. Сол оқырманды сақтап қана емес, санын арттырып, көбейту, көзі қарақты, сауатты ұлт болуымыз үшін жұмыс істеу керек. Ұлттық басылым күні құтты болсын! 

Сәкен СЫБАНБАЙ,
«Парасат» журналының бас редакторы