Кез келген басылым – халықтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтап, билікпен арада алтын көпір орнатып, мәселенің тиісті орынға жетіп, шешімін табуына толықтай ықпал етеді. Әр жазғаны тарихқа таңба басқандай айқын көрініп, түптеліп, қатталып отырады. Қазақ зиялылары құрып, бастамашы болған алғашқы газеттер – ұлттың жаңғыру жолында нағыз қайнар бұлақ, бүгінгі басылымдар үшін бағдаршам болды.
Таңғы асты газет оқып отырып ашатын еуропалық мәдениет, болмаса жүрген жерінде газет құшақтап бара жататын дамыған елдердегі дәстүр біздің де қоғамға ауадай қажет. Тек қана кітап оқымай, мерзімдік басылымдарды да серігіне айналдырған жанның ұтылмасы анық. Себебі оқу – адамның көкжиегін кеңітіп, ақыл-өрісінің дамуына ықпал ететіні ешқандай дәлелдеуді қажет етпейді. Қаншама уақыт өтіп, заман құбылып, дүние өзгерсе де газет өз өсінен шыққан емес. Осы орайда сан тарихтың куәсі болған ұлттық басылымдардың ел жүрегінен алар орны ерекше.
Бүгінде технология дамып, гаджет алға шығып, әлеуметтік желі салтанат құрды дегеннің өзінде газеттің орнын баса алмасы анық. Оқиғаны талдап, сараптау, қоғамдағы түйіткілді мәселені көтеріп, әр оқырманның жазғанына жауап бере отырып, шешім қабылдау бүгінгі басылымның негізгі міндеті. Отыз жыл ғұмырым қазақ баспасөзінің атасы Жетісу облыстық «Jetisy» газетінде өтті. Кешегі кңестік кезеңнен бастап, тәуелсіздік жылдары да ұлт мүддесін бағдаршам еткен ата басылымда қазақ журналистикасының небір майталмандарымен бірге еңбек еттім. Оқырманымыз елу бес мыңға дейін жеткен сәттер болды. Дәл қазіргі жаһандану заманындағы үдеріс тек еліміздегі мерзімдік газет-жорналдарға ғана емес, әлемдік басылымдарға да әсер етіп жатқаны рас. Журналистер мерекесінен бөлек, жыл он екі айдың бір күнін «Ұлттық басылым» күні деп белгілеу бұлт артынан шыққан күндей жан жылытар жаңалық көп болсын!
Гаухар Дүйсенбаева,
ҚР Ақпарат саласының үздігі