Егіз қалам, бір қалам

Уақыты: 08.02.2025
Оқылды: 406
Бөлім: РУХАНИЯТ

Мың жылдық сағыныштай сана түпкірінен бастау алған іңкәрліктің әр шым еткен хәлі мен күйін шайырлардың жырына құныққан жүрек үдете түсетіндей. Қара алмас көзді қадаған кітап бетінде адам туындысы ғана жанарға ілінер болса, онда оқырманның жан дүниесінде олқылық мол деп тұжыруға болатындай. Көзге ілінген жырдың әр тармағында ақынның рухы, үні, қоғам мен дүниеге деген танымы жатқан жоқ па? Ендеше, жұмыр жердің бетінде шалқар шабытпен көңілін көмкеріп, тірліктің тасырқаған тұстарында да пенде атаулының ең асқақ сезімін жырға қосқан тектілерге деген сағыныштың жүректен бастау алуы – заңдылық!
Ертең артына «Қазақтың дәл өзіндей қарапайым» өміршең өлең қалдырған Мұқағали ақынның туған күні. Ал келесі таң «Сүйгізген, сүйген, мұңдасқан. Өмірі – өлең, жыр-дастан» Есенқұл шайырдың құжат бойынша жарық дүниенің жамалымен қауышқан күні.  

Мұқағали МАҚАТАЕВ. Дәуір үнін дәуірлерге жалғайтын ұлы рухтың түзілуінен түлеген асқақ болмыс иесі секілді сезілетін Мұқағалиға деген сағыныш күллі қазақтың өлеңсүйер қауымында айрықша. Киіктің сүтін еміп ер жеткен, қуатты қыранның қанатынан алған бірегейдің әр жырындағы саз, ырғақ, текті тіркес пен тосын байлам, шымыр ұйқас сүйіспеншілікке негіз болса, ақынның шынайы сезімі сағынышымызға айналып кеткелі қашан?!
Жамылып сағыныштың сал шекпенін,
Сарғайып, сенің үшін зар шеккемін.
Зарықтыр, о, тәңірім, жалықтырма?
Мәңгілік ғашықпын мен, ант еткемін!
– деп жасын ғұмырында дүниенің барша құдіреті мен игілігі адамның асқан алапат сезімінен бастау алатынын айрықша жырлап, зарықтыруға көнсе де жалығудан жаны шошитын Мұқағали мұңы жалқы ма? Жоқ, әрине! Өмірдің өтеріне «пай-пайлап» таңданыс білдірген талант-тақсырының қай жырын алып қарасаңыз да күллі адамзаттың аңсарымен астасып кеткендей көрінеді. Әсіресе, қазақтың қамыққан, жабыққан, ақиқат үшін алашапқынға түскен жүрегінің нотасын Мұқаң жырының әуезімен шендестіргенде, теңестіргенде тіпті  қайран қаласың. Мұқағалидың орнына қазақ елін қойсаң «Қажыдым, қалқам» деп өткен ғасырдың алапатынан арыстарын жоғалтып, жақсыларын тонатып шыққан елдің өксігін тануға, дүниеге, жарық ғалам мен еркіндікке аусар елдің аңсарындағы «өмірде айтылмаған ғашық әнім» деп күңіреніп жүректің соққанын, мидың солқылдағанын тілеген хәлін көзге елестетесің. Ал ақынның бүкіл поэзиясынан елдің тұтас болмысын көргенде, сағынышың еселей түсетіні сөзсіз.
Бәрі де үнсіз.
Үнсіз аспан, үнсіз жер,
Үнсіз орман, үнсіз таулар, үнсіз көл.
Мен де үнсізбін, дәрменім жоқ  күрсінер.
Үнсіз кеуде...
Үнсіз жүрек  дүрсілдер.
Бәрі де үнсіз...
                                   
Бәрінде бір сұрақ бар,
Үнсіз ауыл.
Үнсіз жанып тұр оттар.
Үнсіз зират ұйықтап үнсіз қыратта,
Үнсіз ағып бара жатыр бұлақтар, –
деп телегей дүниенің тегенесін аударып алған аңғал халықтың өміріне солақай саясатының ызғарын алып келген мұртты көсем мен тегеурінді ақылманның үстемдік құрған заманындағы көріністі жырлауы, ұлт жүрегінің соғысы емес пе еді? Осы бір өлеңнің өзі бір романға жүк боларын ойлағанда тағы да шайырға деген сағыныштың салмағы арта түседі-ау...

Есенқұл ЖАҚЫПБЕК. Қалақтай ғана қара домбырасын сүйреп сахнаға көтерілген айтыскерлік жолдан басталған шайырлық ғұмырының алпыс жылдық белесіне жетпей өмірден өткен Есенқұлдың да есті жұрттың көкірегіне сағыныш ұялатқаны анық. Қарапайым жыр мен ғұмыр кейіпкеріне айналған тұлғаның:
Көк шыққанға бір қуанып,
Шөп шыққанға бір қуанып
Сөк шыққанға бір қуанып,
өмір өтті зырғып ағып, – деп келетін әнге айналған әсем жырынан тартып, баллада, толғау, дастандарына дейін исі қазақтың  жанын баурап үлгергені де аян.
Алшаңдай басып, мамырлай жүріп маңғаз қалпымен өмірдің өзін сатираға айналдырып, бірде анайы жырмен сыбап алатын Ес-ағаның есіл ғұмырда ескерілер туындыларының бәрі – сағыныштың дәнегі!

Иә, жымиған ғана қалпымен қазақ баласының көз алдында тұрар Есенқұл Жақыпбектің дария кеудесінен дүр етіп оянған толқын ырғақтың бәрі де тілшелеп түгеспес тақырыпқа айналған асқақ жырлармен ұштасты. Бекзат өнер айтыстан тартып қазақтың ән өнеріне қадау-қадау ғажайып туындылар қосқан, өрісті поэзияның кенішті қорына қазына қотарған ақын:
Жаным-ау, менің жағама таққан тұмарсың,
Жалғанда жалғыз жабығып жүрген шығарсың.
Ұнарсың талай бір көрген жанға, ұнарсың,
Өмірде бірақ, өзіме ғана сыңарсың, –
деп сонау жылғы кейіпкерінің рухани әлемдегі сыңары өзіндей асқақ ақын боларын жырына арқау еткен Ес-ағамның қазақты сүюі, елді ардақтауы, таланттарға тағзым етуі әрбір әдебиет сүйер қауымның сағынышын үдетсе, біз секілді жыр әлеміндегі жасын жастарға рухани бағдар екені де шындық! Ал:

Біздер, біздер патшадан да паңдармыз,
– Біздер, біздер, біреулерге арманбыз, –
деп тасынған теңіз жүректің тебіренісін толғағанын тек ақындық болмысқа таңуға бола ма? Жоқ, әрине! Кең құрлыққа атының ізін салған апайтөс медиенде дәуірлеп ғұмыр кешкен айбарлы бабалардың ерлігі, Ғұн мен Сақтың патшадан да паң азаматтары мен әскерін, талай елге арман болған ерлігі мен өрлігін ойлағанда, Ес-ағамның әр жырындағы тармақтар көкірек отын маздата түседі-ау. Сонда барып салқам жүріп, салмақты ғұмыр кешкен шайырға деген сағынышымыз үдей түседі.

                          ***
Иә, мың жылдық сағынышымыздың жарқын кейіпкері мұзарт таудың мұзбалағы мен  елдің еркесіне айналған Мұқағали мен Есенқұл екені даусыз. Ал мынау жарық ғаламда от жүрегін тулата озалдан ақық жыр туындатқан осынау қос шайырдың рухы біртұтас секілді көрінетіні де ақиқат.

«Жапырақ жүрек жас қайың», – деп жыр түлеткен Мұқағали жанын аққайыңға айырбастап ғұмыр кешіп көруді аңсаса, «Жапырағын жанымның, білдірмей біреу жұлып жүр» дейді Есенқұл, аққайыңдай өмірдің әр уақытын ұры мезгілге тонатып отырып. Үндестік бар ма?

Үндестік пен рухани сабақтастық туралы сөз қозғағанда қос шайырдың, әсіресе Мұқағалидан Есенқұлдың жан ошағына от тартқанын тануға болатындай. Мәселен, Ес-аға:

«Қарашаның суық желі қаңғыртып,
Құтты ұядан қуалайды қар бүркіп», –
деп толғанса, одан бұрын Мұқағали:
«Қарашаның ұлыса желі гулеп,
Түсіне бер қаңтардың желігі деп», –
дейді. 
Мұзарт таудан қанат қаққан мұзбалақ ақын:
«Қайырлы таң, жомарт жерім, ер жерім, өзендерім, көлдерім,
Қайырлы таң, кермиықты кең далам, құба жонды белдерім!»
– деп дүниеге іңкәр жүрекпен ақ таңда жаһанға сәлем берсе, «Таң атты түу-у алыстан, тас таулар малынды арай» деп сол ғажайып сәтті жырға қосқан Есенқұл да өмірдегі «дәу киесінен» үлгі алды. Міне, осындай қос шайырдың рухани әлемдегі айтылар ойы ғана емес, ақпанның ақық таңында араға бір ғана күн салып өмірге келген ғажайып екі ақынның өзге де үндестігі туралы тереңнен талдау жүргізуге болады. Десе де, сағынған жүректің қысқаша айтылған үніндей мақалада келер уақытта жазылар кесек дүниеге кіріспе көрсетіп кеттік деп санаймыз... 

Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ