Бүгін Есенқұл Жақыпбековтің туған күні

Уақыты: 10.02.2025
Оқылды: 643
Бөлім: РУХАНИЯТ

Бүгін  қазақ әдебиетінің қайталанбас классиктерінің бірі, дауылпаз ақын Есенқұл Жақыпбектің туған күні.

Ол 1954 жылы 10 ақпанда Алматы облысы, Жамбыл ауданындағы Бірлік ауылында дүниеге келген. 

1974 жылдың тамыз айынан аудандық газет редакциясында қызмет істей бастады. Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірген. Алматы облысы, Жамбыл ауданындағы өнер мектебінде айтыс ақындарына дәріс береді. Қазақстан Жазушылар одағы Алматы облыстық бөлімшесі поэзия секторының меңгерушісі,  Жамбыл аудандық «Атамекен» газетінің Бас редакторы болып қызмет атқарған.

«Бастау», «Ағымнан жарыламын», «Біз екеуміз», «Жеріңе табын», «Біздің елдің жігіттері», «Есіл дүниеай!», «Жан қисса», «Бұл жаз да өтер», «Тау басында кәрі қар», «Сарғайған сары терезе» атты кітаптары жарық көрген. Телевизиялық ақындар айтысының тұңғыш лауреаты. Айтыс сахнасында 30 жылдай еңбек еткен. Халық арасында кең таралған ән-термелердің авторы. Ақын 2013 жылы дүниеден өтті.

ТАҒДЫР

Алатауда тұман бұлттар түтіндеп,
Азынайды қарлы боран түтін жеп.
Сол боранда қажыған бір қарт бүркіт,
Ұшып кеткен ұясын жүр бүтіндеп.
Тауысып болып таудың ит-құс тағысын,
Тапшылықтың бұл да киді қамытын.
Талғау болар таутеке жоқ, елік жоқ,
Бұйырғанын тамақ қылды жаны үшін.
Жейтін азық табылар-ау, тек жоқтық,
Жегідей жеп бара жатыр намысын.
Өмір сүру қиын емес дәл бұлай,
Олжа көп қой, торыңды құр қалғымай.
Жаратқаннан жаралсаң да құс болып,
Жылы жаққа кете алмайтын, тағдыр-ай.
Жылы жақты көрген емес, көрмейді,
Оны тәңір тағдырына бермейді.
Қанша жерден қара тастай болса да,
Жылынсам бір деген үміт өлмейді.
Ұмыттырып жылуы жоқ төзімді,
Сенде де жан бар екені сезілді.
Кетсем-ау деп бөденедей жорғалап,
Төмен жаққа бір қадайсың көзіңді.
Құзыры көп құс патшасы екенсің,
Бір «елп» етсең төменгі елге жетерсің.
Дәл мұныңды кешіреді Құдай да,
Өзіңді – өзің кешіре алар ма екенсің?

ӘЙЕЛІММЕН ӘҢГІМЕ

Жайлап алып жаны жылы пеш түбін,
Шүңкілдесіп отырамыз кешқұрым.
Демеу болар ағайын көп десек те,
Сенен басқа жоқ екен-ау, ешкімім.

Белің сынып кететіндей күтірлеп,
Барған сайын бара жатсың бүкір боп.
Менің тақыр тауқыметім тұрғанда,
Саған осы өле-өлгенше күтім жоқ.

Барлық жүгін әйелдің де, жігіттің,
Саған ғана артып қойып жүріппін.
Мен түзелер деген, сірә, үміт қой,
Көздеріңнен жылтыраған бір ұшқын.

Е, бәйбіше, сенде не жоқ, бәрі бар,
Сынған шәйнек, тозған диван табылар.
Жеті ай қыста жем жемеген сиырың,
Шытыр көкке тойып өлді, жануар.

Күн көрерміз бұзаусыз да, сиырсыз.
Өзі де бір өлгір еді, сиымсыз.
Бейбіт қайның былтыр берген тананы,
Бұзауымен қайтарар-ау, биыл күз.

Е, бәйбіше-ау, сіздің көңіл биікте,
Біздің көңіл қырда жүрген киікте.
Қоразы жоқ қотыр тауық болмаса,
Басқа малға емшегіңді иітпе.

Маздап жатыр, қозғап қойшы пеш түбін,
Менен басқа сенің де жоқ ешкімің.
Мен бар кезде сенің де жоқ еш мұңың,
Біздің күйеу «әйгілі ақын» – екен деп,
«Айқым біткен шулап жүр» – деп естідім.
Түбі менің түсініксіз байлығым,
Тұқымындай көбейеді ешкінің.
Бұлың-бұлың бұлдыр бұлттар ішінде,
Өрге тартып бара жатыр көш жырым.


Бұл өмірде сен бар-ау, деп білмеген,
Қателігім болса егер кеш, күнім!
Келші, жарым
Шүңкілдесіп отырайық кешқұрым.

ҚҰПИЯМ ЖОҚ

Құпиям жоқ,
Болса да сақтамаймын,
Көңілім бір кірбіңсіз аппақ айдын.
Адал достың алдынан құшақ жайып
Айқарыла ашылған қақпадаймын.
Құпиям жоқ,
Бәрін де ақтарғанмын,
Сырымды айтып беремін достарға әр күн.
Құпиясы болса егер болар мүмкін
Мансап үшін ұятын сатқандардың.
Құпиям жоқ,
Болса егер білерсіздер,
Бәлкім, сіздер осыған күлерсіздер.
Құпиямды біліп ап,
Қыл мойныма
Құрық салмақ болады жүгенсіздер.
Құпиям жоқ,
Ақтарып айтам бәрін,
Ішімде жоқ жасырын сайтандарым.
...Бала қыз-ай, бар еді бір құпиям
Соны ғана мен саған айта алмадым.