Ғалым Еділ Ерғожиннің жары: "Еділімнің еңсесін түсірмедім"

Уақыты: 09.03.2025
Оқылды: 2732
Бөлім: РУХАНИЯТ

Қазақта «әйел қырық шырақты» дейді. Бұл сөзді "Жақсының жары" айдарымыздың кезекті кейіпкері, қазақстандық танымал ғалым Еділ Ерғожиннің жан жары Зеннат Мәмбетқызының мықтылығы мен қадір-қасиетіне қаратып айтса болады. 

Кейіпкеріміздің ата-бабасының кіндік қаны тамған өлке – Павлодар облысының Баянауыл ауданы. Текті топырақ талай ғұламаларды дүниеге әкелген жаннат мекен екеніне дау жоқ. Әке-шешесі жаз жайлауда, қыс қыстауда ата кәсібі – мал бағумен, оның ішінде асыл тұқымды жылқы өсірумен айналысып жүріп, кейін Ақмола облысының Ерейментау ауылына қоныстанған. Зеннат апамыз дәл осы елді мекенде дүние есігін ашқан. Есімі елге танымал жазушы Зейін Шашкин Зеннат Ерғожинаның нағашы ағасы екен.

«Ертеде байлар тек қана бай отбасымен құдаласқан ғой. Әкем мен анамды әке-шешелері біліп  қосқан болуы  керек», – деп бастады әңгімесін апамыз. – Биыл 85-ке  келемін. Бір ғасыр болды. Әкем мен нағашы жұртымның өмір тарихы біздің өсіп-жетілудегі  жолымызда көп рөл атқарды. Солар салған сара жолмен, басқан іздермен ғұмыр кештік. Заман, уақыт өзгерсе де әр адамның өмір жолы ұрпағына өнеге ғой.

Әкем Мәмбет Шотбайұлы «Ерейментау» кеңшарының жылқы фермасын басқарды. Анам Ұмсынған үй шаруасымен айналысты. Сол кезде 100 жылқыны 1000 басқа дейін көбейткен әкеміз хат танымаса да еңбегін  ел  бағалаған жан еді. Оның  ісін көріп өскен біз де еңбекқор болдық. Ауылымызда мектептің жоқтығынан  Төртқұдық деген рудникте тұратын әкемнің ағасының үйінде тұрып оқыдым. Өте зерек болып  бойжеттім. Оқуды да  жақсы оқыдым. Ауылдағы  кітапқұмар балалардың бірі атандым. Қолға түскен барлық жазушының кітабын оқып тауыстым десем сенбейтін шығарсыздар. Аудандағы кітап дүкеніне түсетін жалғыз кітапты  мен  сатып алатынмын. Мектепті бітіретін жылы үйге Зейін ағамыз келіп,  әңгіме арасында: «Зеннатты  Алматыға   оқуға жіберіңдер. Біздің үйде тұрып оқиды» деді. Мен қуанып кеттім, себебі ауылда бойжеткен  қызға құда түсушілер көп еді. Осылай   ару Алматыға жол тарттым.

Алпысыншы жылдары  ҚазМУ-дің экономика факультетіне оқуға түстім. Зейін ағамыздың үйінде төрт  қыз тұрдық. Ол қаламгер болғандықтан белгілі бір сағаттарда кабинетіне кіріп жазуға отыратын. Біз оқудан келгенде үйге  кіру үшін қоңырауды басамыз, сол кезде үндемей әрқайсымызға бір есік ашатын-ды. Бір күні үйдегі  үш қызға: «Біз келер уақытымызды бір сағатқа ыңғайлап,  бір-ақ кірейік» деп айттым. Содан кейін нағашымды қайта-қайта орнынан қозғамай, басымыз жиналып қана кіретін  болдық. Оның үйінде  түрлі танымал адамдар  бас қосатын еді. М. Әуезовтен бастап көрнекті  тұлғалардың біразын көрдім.

Үйдегі қыздардың бірі жеңгеміздің сіңлісі. Ол химия факультетінде оқыды. Есімі – Валя еді. Бірде ол факультетінде жастар кеші өтетінін айтып,  бірге барайық деп  ертіп алды. Сол кеште Еділдің досы мені бірінші  биге шақырды. Ал Еділ болса: «Сен шақырма, мен билеймін» деп ақыры  кеш біткенше менімен ғана  билеп еді. Сол сәттен бері сезім оты тұтанса керек, төрт жыл бойы соңымнан қалмады. Менің театрды жақсы көретінімді біліп, билет алып  күтіп тұратын. Тобымда оқитын 25 баланың ішінде қазақ қыздарынан екеу ғана едік. Сабақ біткен уақытта басқа жігіттермен кетіп қалмасын, өзгелер қарамасын  деп  алдын орап келіп алатын еді. Бірде  тағы сол театрға шақырып  келіп тұр. Содан: «Бара алмаймын, сабағым бар» деп бетін қайтардым. Енді келмейтін шығар деп ойладым. Бірақ, олай болмады. Нағашымның үйіндегі  телефон нөмірін тауып алып, соған хабарласатынды шығарды. Мені шақыра беретін бұл қандай бала десе  керек, бірде  Зейін ағам: «Ол өзі  қандай жігіт, маған  алып келіп көрсет» демесі бар ма?! Сөйтіп таныстыруға тура келді. Оның көңілінен шықты. Қалай шықпасын,  күнделікті алдында зыр жүгіріп жүрді ғой. Барып кел, шауып кел дегенге еш қарсылық білдірмеді. Ал менің ойым сол – одан  қалай құтылудың жолын іздеумен әлекпін. Сөйтіп, қалай құтылсам деп жүріп,  келісім бергенімді білмей қалдым ғой (Еділ аға туралы  әдемі әңгіме айта отырып арасында апам сықылықтай  күледі. Бұл күлкісі  оның  жастық  шағын  еске салғандай).

Университетті бітірген жылы шаңырақ көтердік. Қызығы сол,  мені қытай жігітіне тұрмысқа шығыпты деп айтқандар көп болды. Үйленген соң нағашым  Химия ғылымдары институтының директоры Әбікен Бектұровпен сөйлесіп, Еділді  аспирантураға алуын  сұрады. Ол кісі де еш сөзге келмеді. Бәлкім, оның  бағын жандыруда Алла  мені жар етіп  жолықтырған болар. Мен де осал болғаным жоқ, әйелі ретінде Еділдің ғылым жолындағы жайын жасауға барымды салдым,  – деп ағынан жарылды Зеннат Ерғожина.

Апамыздың айтуынша, ғылым жолында Еділ ағаның  алды ашық болды.  Жазған әрбір ғылыми мақаласы баспасөз бетінде жарияланып, әр елде өтетін семинарлар мен конференцияларға үзбей барып, қатысып жүрген.

– Еділ көбіне сырттың адамы болды. Сондықтан отбасындағы шаруаны өзім реттеп, оның даңғыл жолына кедергі келтірмеуге, үлкен ғылымның ордасынан ойып орын алуына жағдай жасап,  ұсақ тірлікке   араластырмадым. Тұңғыш қызымыз  –  Сәуле  өмірге келген жылы  ғылым академиясынан берген  жатақханада тұрдық.  Алайда үйдің кезегіне  тіркеліп қойғанбыз. Жатақханадағы  12 шаршы метр бөлме бұйырғанда құдды коттеджге қол жеткізгендей  қуандым. Жас босансам да жұмысқа  орналасуға тура келді. Себебі  Еділдің алатын  70 сом шәкіртақысымен күн көру қиын болды. Содан енемді қолымызға алдық. Апамызға баланы қалдырып,  жұмысқа барамын. Алатын  айлығым 120 сом. Осылай екеуміздің ақшамызды қосып, 30 күнге бөліп, ай біткенше қысылмай-тарылмай өмір сүрдік. Әр күні түрлі  тағам  дайындағаныммен бір  күндік есепті 3,5 сомнан асырмаймын. Жатақханамыз жұмыстан  қатты алыс емес, күніне  екі уақыт келіп,  қызымды емізіп, жұмысқа қайта кетемін. 

Еділдің Қадір деген жақын досы болды. Оны  үнемі үйге шақырып, кейде қонып та  қалатын. Енем төсекте жатады, қызымызды бесікке бөлейміз. Біз үшеуміз жерде, екеуінің ортасында мен жатамын. Арасында Еділ досынан  «ұйықтадың ба?» деп сұрайды (өткенді есіне  алған  апам риясыз күлді). Аядай ғана бөлме болғанымен ешқандай ренішсіз, бір-бірімізге қабақ шытпай ғұмыр кештік. Міне, сол ниетімізден шығар, Алла басымызға үлкен баспана  бұйыртты. Еш уақытта тарылып, «жоқ» деген сөзді айтпадық. Адам өз еңбегімен, өзіне тиесілі бағытпен жүріп, алға қарай талпынса,  бәріне жетеді. Ал  біреуден алғаның ешқашан өзіңе жұғын болмайды әрі жақсылыққа апармайды. 

Сәулемізден кейін өмірге Дәметкен, Гауһарымыз келді. Үлкеніміз медицина  ғылымдарының докторы, екінші қызымыз  химия ғылымының кандидаты, үшінші қызымыз экономист. Негізінде, әр қызымды бір-бір азамат деп есептедім. Алайда ұлдары барлар маған біртүрлі қарайтын еді. Сөйтіп жүргенімде,  37 жасымда  Дәулетімді өмірге  әкелдім. Үйде әйел-ана, жұмысымда  беделді қызметкер болдым. Сағадиевтің жетекшілігімен Мәскеуде диссертациямды қорғадым, – дейді апамыз.

Жүріп өткен жолынан  сыр шерткен Зеннат Ерғожина қуанышы мен қиындығы қатар келетін өмірде аяғынан тік тұрып, 1993 жылы менеджер-экономистерді даярлайтын «Дәулет» мемлекеттік емес  оқу орнын ашқанын да тілге тиек етті. Сонымен қатар ол 40-тан астам ғылыми еңбек, мақала мен оқу құралын жазған. 

– Менеджер-экономистерді даярлайтын оқу орнын аша отырып  жекеменшік институттың заңын  ұйымдастырған алғашқы адам мен едім десем артық кеткенім емес. Біраз адамға жол көрсеттім. Тесттік жүйеде де көп еңбегім сіңді. Алайда  осы уақытқа дейін Үкімет тарапынан  ісімді   бағалап, елеп-ескерген  жан болған жоқ. Басқаны айтпағанда, аналар мерекесінде бір түйір құттықтау қағазын алып көрген адам емеспін, – деген Зеннат Мәмбетқызының  еңбегін дүниежүзі қолдап, 1996 жылы  ауылшаруашылығы саласына маркетингтің не екенін түсіндіруге  байланысты жұмысы үшін  Ташкент қаласында   грант иегері атанып, 26 мың доллар алыпты.  Бұған қатысты  құжаттарды әлі күнге дейін сақтап келеді.

– Институт ашқанымды  Еділге айтпадым. Себебі  рұқсат етпейтін еді. Дей тұрғанмен сөз жата ма, құлағына жетіпті. Оқу орнын ашып, жүгірумен жүріп үйге түнгі 23:00-де келемін. Кешке қарай ағаларың далада күтіп тұратынды шығарды. Алайда  үйдегі шаруамды да реттеп, арасында  жүгіріп келіп оның   түскі асын  беріп үлгеретінмін. Жоғарыдағылар институтты мен емес, Еділ ашып отыр деп ойлапты. Бұл туралы сұрағандарға: «Менің еш қатысым жоқ. Жабамын десеңдер, жауып тастаңдар. Зеннаттың өзімен сөйлесіңдер» дейді екен.  Қалай дегенмен оқу орнын ашу деген оңай шаруа емес қой. Ауылшаруашылығына қатысты «Нарық деген не?», «Біз қандай заманға келдік?» деген секілді тақырыптарды тілге тиек ете жүріп  әр облысқа барып, лекция оқимын. Кімге дейсің ғой, қара халыққа. Солар түсінсін деймін. Ақырындап жүріп облыстардан институттың филиалын  аштым. Затым әйел болса да  еліміздің жандануына  еңбегім сіңген жанмын. Жер дауына байланысты мәселеге де араласып, баспасөз бетінде мақалалар жаздым,  – деп өмір тізбегінен  сыр шерткен  Зеннат Ерғожина отбасындағы 5 ұлдан кейін дүниеге келген   қыз болса да ер мінезді болып өскенін  де тілге тиек етті. 

Үйімізде 100 бас ешкі болды. Әкем мен ағам тамақ ішетін уақытта атқа мінемін де үйірімен қайырып тұрамын. Бірде ешкілер желдетіп таудың басына шығып кетіпті. Содан  ешкіні қайтару үшін атыма мініп,  қолыма пышағымды алып, жаныма екі итті ертіп, қайтар жолда аң ауламақшы болдым. Мұны әкемнен көргем  ғой. Тауда қоян  көп жүреді,  бір уақытта қасымнан бір қоян ытқып  жүгірді. Иттеріме ұстаңдар деп бұйрық беріп едім, лезде  қоян қолға түсті. Қуанғаннан   оны  бауыздап, үйге жеткенше асықтым. Қоянның етін жейтін болдық деп мәзбін. Мұны көрген шешем: «Мұсылманда қыз бала  мал бауыздамайды ғой» демесі бар ма?! Сол кезде ғана өзімнің қыз бала   екенімді  ұқтым. Ал бұған дейін  ағаларымнан күштімін деп ойлап жүріппін, балалығым ғой, – дейді жақсының жары.  

«Өмір жолымыз туралы айта берсем, қағаздың бетіне сыймайтын бір тарихқа айналады», – деп жалғады әңгімесін апамыз. Айтуынша Еділ ағамен 60 жыл бірге ғұмыр кешті. 

– Алпыс жыл деген бір адамның өмірі ғой. 37 жасымда диссертация жазуды қолға алдым. Төртінші балама аяғым ауыр болса да  жұмысымды бітірсем дедім. Үйдегі тірліктен қолым қалт еткенде жазамын. Мен жазғанда  апам (енем) залдағы диванда  менен көзін алмай қарап отырады. Менің: «Апа, сіз барып демала тұрыңыз, қазір шай демдеген соң шақырамын»  дегеніме: «Жоға,  мен саған қарап отырамын» деп орнынан қозғалмайтын еді жарықтық. Енем мені ерекше  жақсы көрді. Мен қызындай  болдым. 

Тағдырыма  разымын. Балаларымнан немере сүйген бақытты әжемін. Ендігі Алладан сұрайтын аналық ақ тілеуім  – Дәулетім ақталып шықса екен деймін. «Аққа құдай жақ» демекші, түбінде  ақталып, жеңіске жететінімізге  кәміл сенемін. Бастысы аман болсын, – деп түйді сөзін Зеннат Ерғожина. 
 

Сарби ӘЙТЕНОВА
Талдықорған – Астана – Талдықорған