Жер жаннаты Жетісудың тумасы Бейсен Құранбектің жеміс-жидегі төгіліп тұратын туған өлкесіндей, жомарттықтың жылылығындай мейірімі мол жан болғанын қалам ұстаған жандар жақсы біледі. Елінің есінен кетпеген Бейсен ағамыз «Айтуға оңай» мен «Қарекет» бағдарламаларында әлеуметтік жағдайды жыр етіп, қиналғандарға пана болып, жаураған жұртын кең пейілімен, жылы сөзімен жұбата білді.
Бейсен Құранбек сан түрлі әлеуметтік топтың мұң-мұқтажын терең түсініп, нәзік жүрегімен қабылдап, заңды белшесінен басқан кейбір дөкейлерден қорықпай тікелей эфирге шығарып, шыжықша шыжғыра білді. Осы жерде философиялық ойдың асқар биігіне көтерілген данышпан Абайдың: «Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста, сонда толық боласың елден бөлек» деген ұлағатты сөзі еске түседі. Қарап отырсақ, көптеген ток-шоулардың түп-төркіні Батыс елдерінен алынғаны, өкінішке қарай, білініп-ақ тұрады. Б. Құранбектің қолтаңбасымен шыққан «Айтуға оңай» бағдарламасы ұлтының мұңы мен үмітін, арман-аңсарын терең түсініп, сезінген қазақы қалыбымен көрермендердің жүрегін бірден баурағандығымен ерекшеленіп тұратын. Осы бағдарламаға үміт артып келген қаншама жанның жүрегінде үміт оты жанып, өмірге деген құштарлығы артып жатқанын көргенде солармен қоса қуанған бүкіл аудитория тебіренгендей болатын.
Журналистика мамандығы бойынша білім алып жүрген соң Бейсен ағамыздың сөзге де, жазуға да асқан сауаттылығына, әрбір бағдарламаға тынымсыз дайындалатын ізденімпаздығына сүйсінемін әрі еліктеймін. «Жегені – жантақ, артқаны – алтын» журналистика атты мамандықтың шыңына шыққан ағамыз жүргізген бағдарламаларда елдің сан түрлі мәселелерін шешіп берумен бірге «Ар сақта!», «Талаптан!», «Қарекет қыл!» деген ұран сөздерімен ағартушылықты қоса жүргізді. «Біреуге шағымданба, біреуді айыптама және ешкімге ақталма» деп тәрбиелеген шәкірттерімен бірге ток-шоуларды шығармашылық тұрғыдан биікке көтеріп, мазмұнды етті.
«Генерал болуды армандамаған солдат – солдат емес» деген сөз бар. Сол айтылғандай, халқының жүрегіне терең із қалдырған Жетісудың дара перзенті Бейсен Құранбектей арда журналиске ұқсап бағу жастардың басты бағдаршамы болу керек деп есептеймін.
Милина ЕРТУҒАНҚЫЗЫ,
Ілияс Жансүгіров атындағы
ЖУ-дің 3-курс студенті