ТЕАТР– ТӘРБИЕ БАСТАУЫ

Уақыты: 30.03.2025
Оқылды: 916
Бөлім: РУХАНИЯТ

Облыс орталығында алғаш рет оқушылар арасындағы «Театр – тәрбие бастауы» атты байқау өтті. Оған әр аудан-қаладан үздік шыққан 10 команда қатысып, нашақорлық пен буллингтің зардабы, қылмыс пен жаза, ұстазға құрмет тақырыбында қойылым қойды. Игілікті іс облыс әкімінің орынбасары Марлен  Көлбаевтың бастамасымен жүзеге асырылды.

Нашақорлықтың ғасыр дерті екенін, соңы жақсылыққа апармайтынын  қойған қойылымдарында нақты көрсеткен  байқауға қатысушы командалар сахнада қилы тағдыр иелерінің образдарын сомдап, өмірде болып жатқан оқиғалардың шынайы жақтарын шеберлікпен жеткізе білді. Қазылар алқасы жас әртістердің еңбектерін оң бағалап, тілектерін білдірді.

– Мұндай қойылымдарды балалар ғана емес, ата-аналар да келіп көруі керек. Оқушы  болса да шынайы әртістерден кем түспей, аудиторияға үлкен әсер сыйлап жатыр. Балаларды дайындаған жетекшілердің де еңбегі орасан екенін айта кеткен жөн. Жеткіншектер сахнада ойнауда бір-бірінен асып түсіп жатыр. Жалпы нашақорлықпен қоғам болып күрескеніміз дұрыс. Осындай театрлық қойылымдар көпшілікке дұрыс ой салады. Ақ жолдан адаспауға ықпал етері сөзсіз, – дейді ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Әлихан Ыдырышева.

Байқаудың негізгі мақсаты – жас- өспірімдер арасындағы нашақорлық, буллинг, құқықбұзушылықтың алдын алу мен отбасы тәрбиесін күшейту, театр арқылы жастарға дұрыс бағыт-бағдар көрсету, саламатты өмір салтын ұстану, рухани тұрғыдан дамыту, білімді және шығармашыл ұрпақ тәрбиелеу.

– Мен бұл қойылымда бір әулеттің жалғыз ұлы болып ойнадым. Достарымның ықпалымен есірткі қолданып көріп, аяғында тәуелді болып қаламын. Сөйтіп қылмыс жасаймын. Аяғында нашақорлықтың құрбанына айналамын. Мұндағы бар мақсатымыз есірткінің зиян екенін көпшілікке жеткізу болды. Өзге аудан, қалалардан келген оқушылардың да қойылымдарын көрдік. Барлығы жақсы дайындалған, – дейді Н. Островский атындағы №8 орта мектептің оқушысы Елдана Елшат.

Жарыс қорытындысы бойынша I орынды Кербұлақ ауданының, II орынды Панфилов ауданының, III орынды Текелі қаласының оқушылары иеленді. Ал бас жүлдені Сарқан қаласы, Абай атындағы №1 орта мектеп-гимназиясының  жас актерлері еншіледі. Сондай-ақ, «Үздік декорация», «Үздік жас актриса», «Үздік жас актер», «Үздік сахналық костюм», «Үздік жас режиссер» номинациясы бойынша ерекше көзге түскен командаларға табысталды. Барлық командалар ақшалай сыйлықтармен және Алғыс хатпен марапатталды. 

– Біз байқауға бір айдан астам уақыт дайындалдық. Оралхан Бөкейдің шығармаларын негізге ала отырып, кейіпкерлерді де соған қарап жасақтадық. Көрермендерге жақсы қойылым ұсындық деп ойлаймын. Бас жүлде алып, үлкен жетістікке жетіп жатырмыз, өте қуаныштымыз. Сахналық шеберлігімізді әлі де пысықтайтын боламыз, – дейді Сарқан ауданы командасының жетекшісі Гүлбахар Рыспаева.

Медет ЖҰМАБАЙ