Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдық мерейтойына арналған іс-шаралар басталды

Уақыты: 02.04.2025
Оқылды: 592
Бөлім: РУХАНИЯТ

Қазақ музыкасының дара тұлғасының мерейтойы тек елімізде ғана емес, ЮНЕСКО және ТҮРКСОЙ сияқты беделді ұйымдардың қолдауымен халықаралық деңгейде де атап өтіледі, деп хабарлайды.

Мерейтойлық бағдарламаның басты іс-шарасы – Қазақстанның Мәдениет күндері аясында Франциядағы ЮНЕСКО штаб-пәтерінде өтетін Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығына арналған салтанатты концерт. Сондай-ақ АҚШ-та, әйгілі Карнеги-холлда, концерт пен көрме ұйымдастырылса, Бейжіңде «Құстар қайтып барады» концерті аясында композитордың әндері орындалады.

Жыл бойы Қазақстанның барлық өңірінде 100-ге жуық іс-шара  өтеді. Атап айтсақ, көрмелер, концерттер, байқаулар мен фестивальдер ұйымдастыру жоспарланған.

1 сәуір күні Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымында Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен «Әлқисса-Нұрғиса» атты мерейтойлық концерттің салтанатты ашылуы өтті.

Бұл концерт композитордың 100 жылдығына арналған мерекелік іс-шаралар бағдарламасының бастамасы болды. Көрерменге Нұрғиса Тілендиевтің қазақ музыкасының алтын қорына енген шығармалары ұсынылды.

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі