Дарқан даланың боз жусаны мен бетегесінің жұпарынан тартып туған елінің асқақ та арда қасиетін домбыраның шанағынан күй қылып көмкере саз өнеріне жауһар қылып ұсынған жаратылысқа аттай 100 жыл. Әлқисса, тарихымыздан тартып ата толғауындай мұраларымыздың бәрін музыка құдіретімен нақыштаған тұлғаның ғасыр тойы ел көлемінде бастау алды. Юнеско және Түрксой секілді беделді ұйымдардың қолдауымен халықаралық дәрежеде тойланар Нұрғиса Тілендиев тойы Талдықорған төрінде де айшықталды.
Саф өнердің сарқылмас мұрасын солақайымен-ақ ұлы биіктікке көтерген композитор, дирижер, КСРО-ның халық әртісі һәм Қазақстанның Халық Қаһарманы Нұрғиса Тілдендиевтің ғасыр тойы облыс орталығындағы композитор атындағы музыка мектебінің алдында бастау алды. Алдымен облыс әкімінің орынбасары Диас Есдәулетов бастаған Ермек Келемсейіт, Ақшабай Керімбеков, Әли Алпысбаев, Серік Нұрхалық секілді зиялы қауым өкілдері мен өзге де өнерпаздар ұлы композитордың ескерткішіне гүл шоқтарын қойды.
– Биыл ЮНЕСКО көлемінде Нұрғиса жылы аталып өтеді. Бұл ғасырда бір туар саз өнерінің саңлағына ғана емес, күллі қазаққа берілген айрықша баға. Дүбірлі той халықаралық деңгейде атап өтілетін болса, бүгін облысымызда салтанатымен шымылдығын түруде. Тарихтың өзі сабақтасып жатқан ұлы құндылық десек, Нұрғиса Атабайұлының ғасырлық тойы Ұлы Жеңістің 80 жылдығымен де тұспа-тұс келіп отыр. Біз Н. Тілендиевтің қазақ музыка өнерінің қайталанбас құбылысы ғана емес, 16 жасынан Отан соғысына қатысқан жаужүрек майдангер екенін де жақсы білеміз, – дей келе көпшілікті жүйесі мен киесі, ырысы мен тынысы бір руханияттағы айшықты тоймен құттықтап өтті. Ұлы композитордың өмір жолы мен шығармашылығы хақында тебірене толғанды.
«Ата толғауы» күйімен бастау алған Н. Тілендиев атындағы музыка мектебі алдындағы мерекелік шара Дәнеш Рақышев атындағы облыстық филармониясының концерттік бағдарламасына ұласты.
Қазақ музыка өнеріне өлшеусіз үлес қосқан дарынды дирижер, ұлы композитор Нұрғиса Тілендиев көзінің тірісінде саз өнерінің бүкіл жанрын қамтыды. Опера, күй, ән, күй-поэмадан тартып бекзат өнердің болмысындағы барша құдіретті нота қылып нақыштады. Бикен Римова атындағы Талдықорған драма театрында өткен Мұқан Төлебаев атындағы халық аспаптар оркестрінің «Өз елім» концертінде Тілендиевтің телегей шығармашылығының бірқатары орындалды.
Рухты аспандатып, жанды жадыратқан, қиялды шарықтатқан концертте әуелі Нұрғиса Атабайұлының өмір жолы мен шығармашылығы хақында түсірілген бейнебаян көрсетілді. Өз кезегінде «Көш керуен» күйімен бастау алған концертте «1916», «Сарын», «Алтын дән», «Аңсау», «Ақсақ құлан», «Әлқисса», «Махамбет» секілді ғажайып күйлер, «Алатау», «Сағындым ғой», «Ақ шағала», «Құстар әні», «Өз елім» сынды қазақтың біртуар шайырларының жырына жазылған рухты әндері шырқалды.
Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ