«Жеріміздің асты да, үсті де қазынаға толы. Бірақ ел болып әлі ес жиған жоқпыз» дейді сапарға шықсаң жүргізушілер екіленіп. «Қазақстанда Менделеев кестесіндегі бәленбай элемент кездеседі. Соншама байлыққа ел отыққан жоқ. Өз елімізде өгейдің күнін кешудеміз» дейді жаңалықтарға құлағы түрік кей ағамыз қоғамдық өмірге сараптама жасап. Айналадағы адамдар тұрмыс қамымен тұтастырып шағым айтуға жаппай кіріскен сыңайлы. Бай-бақуатты тірлікті көксемейтін кім бар? Біз де асып-таситындай болмаса да, өркениетке өңеш созған елмен бірге жақсы тұрмыстың желкенін көтеруге іңкәрміз. Сондайда «Шынымен де неге біз осы байлыққа бөгіп өмір кешпейміз, ә?» деп құлақтан кіріп бойды алған әуезді уәжге бір сәт елтіп кетеміз...
Еліту де, еліктеу де жақсы. Бірақ әр дүниенің өзіндік құндылығы, шегі мен шегарасы болады. Жөн-жосық деген тағы бар. «Неге біз осы?» деген Оралхан Бөкейдің «Атау-кересіндегі» Тағанның монологын екінің бірі айтар бүгінгі таңда сауалды дұрыс қойып жүрміз бе? Әдеби шаралардан қалмайтын бір зиялы ағамыз әңгіме барысында байлыққа бейіл көзқарас танытты. «Өз құндылығы, рухани байлығы бойында бар сіздей адамдар көп болса, жақсы тұрмыстың жыры содан кейінгі санатқа сырғымай ма?» дедік әзілге жығып. «Ораза-намаз тоқтықта» деп бастаған ағамыз құндылықтың да қажетсінер кезі болатынын, ашқұрсақ адам үшін рухани байлықтың түк құны жоқ екенін түйеден түскендей дүңк еткізді. Ойланып қалдық...
Ой үстінде жүрген сәт ұзаққа созылмады. Халық жазушысы Төлен Әбдік жазған «Парасат майданы» шығармасына кейіпкер болғандай сеңсоқты хәлде аз-кем күн өткіздік. «Қаныш және Ғылыми майдан» кітабын оқып жатқан уақыт еді. Аталған кітапты тамамдаған сәтте «Ораза-намаз тоқтықта» деген ағамыздан рухани тұрғыда алыстап сала бердік.
Рас, «Жеріміздің асты да, үсті де қазынаға толы. Бірақ ел болып әлі ес жиған жоқпыз» дейтін жүргізушілер мен «Қазақстанда Менделеев кестесіндегі бәленбай элемент кездеседі. Соншама байлыққа ел отыққан жоқ. Өз елімізде өгейдің күнін кешудеміз» дейтін кей көкеміздің айтқан уәжі орынды. Десе де ел болып біз қашан: «Қазақтың телегей мұрасы бар, кітапхана сөресіндегі кітаптардың өзі 250 миллионнан асады. Бірақ неге біз осы рухани жұтап барамыз?» деп дүрлікпейміз? «Қазақтың қаны сорғалаған тарихының өзі Қадыр Мырза Әлі жырлаған «жұқана» қалыптап том-том мұраға айналып кетті. Ұлы шығармалар мезгілімен жазылып жатыр. Бірақ соның бәрін игеріп, игілігімізге жаратардай оқуымыз керек» деп неге ұран тастамаймыз? Қызық...
Шындығына келгенде біз рухани құндылықтан жыл өткен сайын алыстап барамыз. Кітап оқу, мәдениетке ел болуға ден қою, өнер өрісін кеңейту деген секілді дүниелер мемлекет қызмет аясында, өнерпаздар һәм қызметкерлер арасында атқарылар дүние болып қалды.
«Барлық білім кітапта» деп алып Абай нұсқаған құндылықты кешегі буын кезек күтіп сатып алып, жастанып оқыса, бүгін тегін қызмет көрсететін кітапханаға баруға енжарлық танытатындардың қатары қалың. Мәселен, Жетісу облысы бойынша 148 кітапхана бар. Оның ішінде ауылдық кітапхана саны – 125. Жалпы 2 миллионнан аса кітап қоры бар. Осыншама телегей байлықты тілшелеп оқып, таушалап тауысып жүрген жас тұрмақ жасамысты көзіміз көріп жүргені шамалы.
Дүниеде адамның өмірі мен оның ұрпағына жасаған игіліктен артық іс жоқ. Адам жақсы тірлік кешу үшін жұмыс істейді, отбасын қамтамасыз етеді. Бұл дұрыс. Алайда ұлтын ойлаған, ұрпағының келешегіне алаңдаған азаматтың ең басты бағдаршамы ұлы құндылыққа негізделуі тиіс. Тірлігінде ғылым игерген, көпке үлгі болған Қаныш Сәтбаев пен зайыбы Таисия Сәтбаева қалтасындағы соңғы тиынын қағып отырып халқымыздың ғылымға іңкәр жастарының алақанына салып беруі, елді 40 жыл басқарса да дүние жимай кеткен Дінмұхамед Қонаевтың ерлігі бәрімізге үлгі болуы керек-ті.
Кешегі ғасыр өтінде «Ел бүгіншіл, менікі ертең үшін» деп ұлттың қамын ойлап іс қылған алыптардың көздегені де елдің рухани бай ұлт болуына негізделіп еді. Сондықтан бірі педагогиканың, бірі ағартушылық саланың, енді бірі әліпбидің сүрлеуінде сүргінді ғұмыр кешті. Ел игілігі үшін жол нұсқады. Бүгінде солардың ерлігі мен өрлігін айшықтайтын кітап пен жаһан халықтарының танымы, тұрмысы, тарихынан хабар беретін шымыр шығармалар кітапхана сөресінде тұрып сарғаюда. Соншама енжар, самарқау қалпымызға қарап көңілің ортайып қалатыны жасырын емес.
Жетісу облысы бойынша кітапханалар қорында 1,2 миллионнан астам (дана) қазақ тілінде кітап бар. Ал С. Сейфуллин атындағы орталық кітапханасының қорындағы 203424 кітаптың, 52 мыңға жуығы қазақ тіліндегі құндылықтар. Алайда облыстың басты кітапханасындағы оқырмандардың саны небәрі 14336-ны құрайды. 200 мыңнан астам тұрғыны бар облыс орталығының халқына шаққанда болмашы пайызды көрсететін бұл дерекке қарап-ақ біздің қаншалықты кітаппен дос болғанымызды аңғаруымызға негіз бар шығар?!
Жетісу облысындағы кітапхана ісі кітапханашылардың арқасында жанданған. Әрбір қызметкер өзінің мамандығына кәсіби тұрғыда адалдық танытып келеді. Оны әр апта, ай сайын өтетін мәдени, әдеби шараларда айқын сезініп жүрміз. Жыл сайын мерейтой иелерінің, қарымды қаламгерлердің кездесу, еске алу кештері айтарлықтай айшықты ұйымдастырылады. Алайда, мұнда да әдебиетке іңкәр, мәдениетке жақын жандар ғана төбе көрсетеді. Қарапайым халық арасынан «Осы бір кітапханадағы шараны өз бетімен көрейін, тағылым алайын деп келдім» дегенді бүгінге дейін бір рет болсын көрген емеспіз. Біз үшін кітапхана, музей секілді тарих пен танымнан, ұлы құндылықтан хабар беретін қасиетті орындардың есігі қашан да жабық секілді. Өйткені, «Музей түні», «Кітапхана түні» секілді кештердің өзінде сол көзкөрген адамдар ғана жүреді. Бәрі де әдеттегідей.
Хош, облысымыздағы кітап қорындағы 3 млн.-ға жуық кітаптың 1202256-сы қазақ тілінде. Бұл орайда «Шет және орыс тіліндегі кітаптар басым екен, неге?» деген секілді сауалдарға жауап іздеу мәнсіз деп ойлаймыз. Толстойдың кітабын қазақшадан гөрі өз тілінде оқыған жөн. Сол секілді орыс тілі арқылы жеткен әлемдік әдебиетті түпнұсқадан оқудың маңызы ерекше екенін әдебиет қауымы қуаттар. Сондықтан мұндағы басты мәселе кітаппен дос болу, қаншалықты кітапханамен ел болып байланыс орнатып жүргенімізде.
Негізінен алғанда ел бойынша білім және ғылым саласына қарасты 7096 кітапхана жұмыс істейді екен. Мектептерде – 6461, колледждерде – 579, жоғары оқу орындарында – 56, сондай-ақ республикалық ғылыми-педагогикалық кітапхана бар. Осыншама құндылық құндақтаған мәдени мекемелердің жұмысы іштей жанданып жатқанымен, оқырманның көптігінен табалдырығы тозуда деп айта алмаймыз. Аталған деректі ауқымды етсек, білім беру ұйымдарындағы жалпы кітап қоры – 267 миллионнан асады. «Пах, шіркін» дерсіз тамсанып. Алайда талғажау етер жандардың санын шығарсақ, баяғыдай көңіл қоңылтақсып қалатыны тағы рас.
Күнделікті тірліктің тепеңімен жүріп әдебиет пен мәдениет, төл тарихымыз бен адамзатқа ортақ шедеврлерді шетінен шекіп оқитын жан таппай сарсаңға түсеміз. Бұл орайда мемлекет болып жүзеге асырылып жатқан рухани шаралардан анағұрлым оң әсер көріп жатқанымыз шамалы. «Оқуға құштар өлке», «Кітап оқитын ұлт» секілді тұжырымдама мен бағдарламалардың шарапаты шамалының ғана төбесіне шуақ шашар кепте. Десе де, соның өзіне қуанамыз, елді кітап оқуға шақырған өңір, мемлекет жобасына жүрегіміз жылып сала береді.
Технология заманының биігіне ту қадаған дамыған елдің бәрі кітап оқу мәдениетіне айрықша ықылас танытқанын айта кеткен жөн. Мәселен, Ұлыбритания елінде балалардың кітап оқуын мемлекет тікелей қадағалауында ұстайтын болса, Германияда кітап оқытуды дамытуға мемлекет те, жекелей ұйымдар да мүдделі. Ал бұл елдердің халқының басым бөлігі әдебиеті, төл тарихымен сусындауды қалыпты заңдылық деп есептейді. Сол секілді Жапонияда өскелең ұрпақтың кітап оқуына айрықша қолдау барын, жалғыз осы елде ғана жастардың кітап оқу белсенділігін арттыруға байланысты мемлекеттік Заң шыққанын айта кеткен абзал.
Францияда кітап оқу мәселесін шешу Мәдениет министрлігі мен Үкіметтің басты міндетіне айналған десек, ұлттық оқу саясатын ұйымдастырудың тағы бір нұсқасы Америка Құрама Штаттарында жарқын түрде жүзеге асырылады. Міне, осындай алпауыт мемлекеттердің өзі құндылығын жоғалтпаудың қамын мемлекет болып қолға алып, кітаптың, кітапхананың қаншалықты қажет екенін дәлелдеуде. Бұл орайда біз де жалпы ұлт болып кітап оқитын елге айналуымыз, кітапханаларды мәдени шараның ордасы деп қабылдамауымыз керек деп ойлаймыз.
Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ
Фото: baq.kz