Азамат Нұрмұхан: "Жер тербеліп кеудемде шер егілген"

Уақыты: 14.04.2025
Оқылды: 329
Бөлім: РУХАНИЯТ

Ым

Алаңымнан.. бүгінгі елеңімнен,
Жер тербеліп кеудемде шер егілген.
Жанға батып жазылған астарлы ымды,
Оқығандар ұғар ма өлеңімнен?!

Емірене алатын ел дегенде,
Тебірене алатын жер дегенде...
Ер жоқ емес..,
солардың соңы, бірақ,
Ұласады ұдайы шерлі өлеңге.

Жыл да жаңа, ай жаңа, жаңарған күн -
Орындалар тұсында бар арманның...
Көлеңкеден шыға алмай күрсінеді,
Қабағынан қар жауып Қара орманның.

Берген кеше ақсақал бата қайда?!.
Қас қарайса орман тіл, қатады Айға.
Айналасы көлеңке жасыл желек,
Бекіместен буыны батады ойға.

Өзгергендей көрінген бұдан бұрын,
Қара орманға қарайды Қыран қырын.
Бәрі өлген, өлмеген үміт қана...
Туар буын ұстаған Тұран туын!

 Жақсы ой

Сергімейсің сейілмей тұман ішкі,
Алаң алға бастырмай тұрады істі.
Желден жүйрік уақытқа ілесе алмай,
Әр сәтіңнен іздейсің, қуанышты.

Салыстырып алтынға жақұтыңды,
Күйбең тірлік ұрлайды уақытыңды.
Жайғасардай төріңе өзі келіп,
Әрлі күннен күтесің, бақытыңды.

Өмір солай өтеді мерекелі,
Ақ пейілің көңілді көл етеді.
Әміріне әлсіздік танытсаң да,
Тәңіріңнен тілейсің, берекені.

Мерзімінде боларға сәл асығып,
Қиялыңды қоясың таң асырып.
Көңіліңе кірбің кеп ұяласа,
Жақсылықты аңсайсың, аласұрып.

Күні көктем, жаз сынды бөтенге айы,
Мен де сендей пендемін шекерлі ойы.
Қуаныштың,
Бақыттың,
Жақсылықтың,
Жақсы ойыңда екен ғой, мекен-жайы!

Үміт

Үмітіме еріп шықтым далаға,
Үйімнен тас қабырғалы.
Шемен-шерімді жұттың ба қала,
Улы түтіндей аспаныңдағы?!

Жер бетіндегі тіршілік мынау,
Қайтесің қойса елемей?
Жеті қат аспан күрсініп тұр-ау,
Көз жасын төгіп телегей.

О, менің асқақ аялы арманым,
Барасың бастап сен, қайда?
Салқын самалдың сая болғанын,
Қарашы шемен-шерлі ойға...

Іздегенімді таба алмай келем,
Жанарым жылы жаутаңдап.
Жанайын десем жана алмай келем,
Алғанмын қандай жол таңдап?!

Үмітімді ертіп үйіме кірдім,
Көрінбей көзге жыл құсы.
Күнделікті осы күйіме Күннің,
Тұрады-ау келіп күлкісі!

Жақсы

Біреудің өзі жақсы,
Біреудің көзі жақсы.
Жаурасаң, жылытатын,
Біреудің сөзі жақсы.

Біреудің оңы жақсы,
Біреудің солы жақсы.
Биікке шығаратын,
Біреудің жолы жақсы.

Біреудің қамы жақсы,
Біреудің жаны жақсы.
Барыңмен бағалайтын,
Жақсының бәрі жақсы.

Біреудің үйі жақсы,
Біреудің күйі жақсы.
Күтетін жаны қалмай,
Біреудің сыйы жақсы.

Біреудің сәні жақсы,
Біреудің әні жақсы.
Жақсылық жаршысындай,
Жақсының бары жақсы.

Біреудің үні жақсы,
Біреудің сыны жақсы.
Шын сеніп ақтаратын,
Біреудің сыры жақсы.

Түзетіп текті ел көшін,
Көңілі көкке өрлесін.
Қатары жақсылардың,
Біреумен шектелмесін!