Теріспиғылдықтар тағдыры

Уақыты: 05.12.2016
Оқылды: 1432
Бөлім: РУХАНИЯТ

Бүгінгі таңда өзегімізді өртейтін өкініштің бірі – діни біліміміздің таяздығы, болмаса, тіптен жоқтығы. Менің бұлай деуіме Сириядағы содырларға қолдау көрсету үшін отбасымен бірге басын қауіпке тіккен қазақстандықтар дәлел. Осы әрекеттердің алдын алу үшін елімізде түрлі шаралар өтіп, жат діннің жетегінде кетпеу жолдары түсіндірілуде. Соның бірі облыстық дін істері басқармасының ұйымдастыруымен қойылған «Адасқандар» қойылымы. 

Бүгінде еліміз тәуелсіз, жеріміз еркін. Аллаға шүкір атеизмнен арылдық, дәстүрлі ислам діні қалыптасты. Дегенмен, осынау шаттықты күнге қайта оралған шақта қандастарымыздың бір бөлігі жат дінді жақтап, өзге ағымды ақтап жатқандары өкінішті-ақ. Шаһит боламыз деп шатасып шетел асып жатқаны қаншама?! Көне Шам еліне жиһад деп кеткендердің күні қараң. Соңғы ақпараттарға сүйенсек «Ислам мемлекеті» лаңкестік ұйымы қатарында 300 қазақстандық азаматтың бары анықталған. Бұл өте үлкен көрсеткіш. Оған бойымыздағы еліктеудің басымдығы әсер болмақ. Яғни, экстремистік әрекеттер ғаламтор арқылы еркін насихатталып, еліміздегі жат дінді дарытушылардың кесірінен жастар адасуда. Бұған тоқтау бар ма? Иә, жат пиғылдылардың жолын жабу үшін түрлі түсіндіру  жұмыстары жүргізілуде. Бикен Римова атындағы облыстық драма театрында ислам дінін жамылып, теріс пиғыл тықпалаушылардың тағдыры талқыға түсті. Жүргенов атындағы өнер академиясының білімгерлері ағым қуалап адасқандардың тозақты күндерін көрсетті. Драматург Кеңес Жұмабековтың туындысы талайды таңдандырды. Экстремизмге қоғам болып төтеп беру керектігін ұғындырды. Қойылым берекелі отбасының өзге дінге еліктеуі кесірінен жойылуын баяндайды. Жұртқа жалынып жүргенше, барға малынып өмір сүруді көксеген жас отбасы өздері қатарлы достарының ұсынысымен шетел асуды құп көреді. Бұл шешімге келіспеген шешесінің де бетін қағып, діннен толық хабарың жоқ, маңдайың сәждеге бір рет болсын тимеген деп жазғырады. Содырлармен кеткен достарының бір жыл ішінде жеткен байлығын бейнетаспадан тамашалап, сол керемет өмірге  құштарлықтары артады. Жамандықты сезген ана жүрегі жүз жерден айтылса да тыңдалмай, жат дінді насихаттап жиһад деп келген содырдың сөзі сыйланады. Тым болмаса немересін алып қалғысы келген әже арманы аяқ асты болды. Себебі содырларға негізгі керегі сол жастар еді.  Анасының сөзін тыңдамай, баласын қолынан жетектеп жолға шығады жастар. Иә, осынау қайталанбас қателікті жасаған отбасы қорлық пен зорлық әлеміне енерін білмеген де еді. Дін атын жамылған фанатиктердің қарқынынан қорқа бастады да. Әр ұлт өкілдерінің ортасына түсіп, шаттықты өмірдің шетін көруге де зар болған жастар қателескенін түсінді. Бірақ бәрі кеш болатын. Қойылым соңында ешкімді ешқайда тірі қайтармайтынына көздері де жетеді. Тек бір үміт пайда болды. Ол елшіліктен келген қазақстандық еді. Осы мүмкіндікті пайдаланып жас шаңырақтың ұлдары Отанға оралуды құптайды. Ал қалғаны қиыншылығын айтқысы келсе де айта алмайды. Содырларға жіпсіз байланып, қорқыныштан тілдері күрмеліп қалған. Ұлдары кеткен соң сатқын атын еншілеген жас отбасы ату жазасына кесіледі. Міне, осындай өкінішпен қайғылы күймен қойылым аяғына жетті. Драма бүгінгінің басты тақырыбын көтергені үшін де құнды болды. Әрине, әртістер шеберлігі де басты орында. Білімгер болса да қойылым жобасын жүректерімен сезіне білген жастар жауапкершілік жүгін оңай көтеріп шықты. Олар елімізде тапшылық көргенше, жат жерге барып жақсылық көреміз дегендердің ойы үлкен қатерге жетелейтінін жеткізе білді. Бұл әр ойыншының шеберлік шыңынан болса керек. Міне, осындай қойылымдар арқылы берекесі кеткен елге барушылардың алдын алып, қақтығысқа қатысушыларды тоқтатуға болады. Қойылым соңында  адасып жүріп адам естімеген сұмдықтарға тап болғанша, уақытылы құлшылығымызды қылып, берекелі өмір құрып жүргеніміз артық екенін ұғындық. 

Құралбек СӘБИТОВ