"ТЕГІН ТАПСЫРДЫ": ЕЛБАСЫНЫҢ ТАРИХИ-МӘДЕНИ ОРТАЛЫҒЫ ЖӘДІГЕРЛЕРМЕН ТОЛЫҚТЫ

Уақыты: 06.12.2019
Оқылды: 1290
Бөлім: РУХАНИЯТ

«Атамекен» тарихи-мәдени орталығы «Елбасы туған жерде» атты мерекелік іс-шара ұйымдастырып, құтты қонақтарға ерекше көңіл-күй сыйлады. Айтулы мейрамның құрметіне орай, орталыққа ауданның зиялы қауым өкілдері, басқа да белгілі азаматтар мен мәртебелі меймандар шақырылды. Олардың бірқатары «Атамекен» тарихи-мәдени орталығының арнайы Алғыс хатымен марапатталып, өнерпаз жандардың концерттік бағдарламасына куә болды.

Басқосуда аталмыш орталықтың директоры Аделия Қоржымбаева мәдени ошақтың екі жылдық есебін баяндап, маңызды ақпараттан құлағдар етті.

– Биыл Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Шамалған ауылы тұрғындарымен кездесуі «Атамекен» орталығында өтті. Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова арнайы іссапармен келді. Жалпы, орталық ашылғалы бері 28 мыңнан астам көрермен келіп, жан сарайын кеңітіп қайтты. Орталықтың қорындағы жәдігерлер саны күннен-күнге көбеюде. Биыл жәдігер жинаушы Әуесхан Мажайқызы халқымыздың 5 ғасырлық тұрмыс-тіршілігінен сыр шертетін, бір әулеттің мұрасы саналатын 100-ден аса жәдігерді көмекші қорға тегін тапсырып отыр, – деді ол.

Осылайша, Тұңғыш Президент күніне орай ұйымдастырылған шараның жалғасы тағылымы мол «Көнергенмен өзі, көненің көзі» атты көрмемен жалғасты. Шара аясында қолөнерші, жәдігер жинауға жаны құмар Әуесхан Мажайқызының тың дүниелері қонақтар қауымына таныстырылды. Жетпіс жастың жетегіндегі әжейдің V ғасырлық тарихы бар мұраларының қай-қайсысы болмасын өткеннен сыр шертетін және қасиетін жоғалтпаған құнды дүниелер екені көрініп-ақ тұрды.

Ол жәдігерлердің арасында көненің көзі болған Қызай қалпақ пен шылауыш, осыдан үш жүз жылдың алдындағы аталарымыз тұтынған тұрмыстық бұйымдар мен шеберлер мұрасынан тартып, бүгінгі күннің болашақта жәдігерге айналар асыл қазыналары толып тұр. Айта берсек, қазан-ошақ, самаурын, келі-келсап, қазан, мосы, астау, тегене, қасық, шөміш, пышақ, қысқаш, тоқылған ши, аттың қылынан өрілген арқан, қазақтың қара сабыны, тағы басқа да тұрмыстық бұйымдардың түр-түрі көз сүріндіреді.

Олардың қатарында тарихта аты қалған Қызай қалпақ, Солтангелді бидің күмістелген ер тоқымы, Ұлтарақ батырдың кісесі, Жансарбай емшінің емдеу құралдары, Омарақын зәңгінің белбеуі, бір ғасырдан астам тарихы бар мұйық, ХІХ ғасырда Ресейде жасалған самаурын өте бір ұқыптылықпен сақталған. Ал ер-тоқым, жүген, ноқта, құйысқан, өмілдірік, қамшы, кісен секілді ат әбзелдірінің өзі бір төбе.

Төрт, алты, сегіз, он екі өріммен өріліп, күміс жалатылып, түрлі асыл тастардан көз салынып, безендірілген ат әбзелдері мен айыл-тұрманның шебердің қолынан шыққан сирек кездесетін өнер туындысы екендігі бесенеден белгілі. Бүркіт ұстайтын тор, жемсау, қолғап, тұғыр, сияқты аңшылыққа пайдаланатын құрал-саймандар да бүгінгі ұрпаққа таңсық дүниелер. Емшілікке қолданылатын қорғасын, кепіреш, дәрілік шөптерді үгітетін кішкентай келі, денедегі арам қанды тазалауға арналатын лоңқа, сиырдың мүйізінен оюлап жасалған бүлдіргі ата-бабаларымыздың халықтық медицинаны хал-қадірінше өркендеткенін аңдатады.

Шара аясында Әуесхан апа қазақтың қолөнер шеберлігін паш ететін дүниелерді де қоса көрсетіп, жастарға ата-бабаларымыздың құны тозбас өнері мен өміршең тіршілік тынысын таныстырды.

Бұлбұл НҰРБЕКОВА,

«Атамекен» тарихи-мәдени орталығының бас қор сақтаушысы

Қарасай ауданы

Алматы облысы