Ән тербеген әулет

Уақыты: 12.01.2017
Оқылды: 1874
Бөлім: РУХАНИЯТ

Қашанда ән мен жырдың мекені болған Жамбыл ауданы өрелі өнерпаздан кенде емес. Арқалы ақындар мен дәулескер күйшілер суырылып шыққан топырақта бүгінде күміскөмей әншілер мен мың бұралған бишілер көрерменнің ыстық ықыласына  бөленуде. Солардың бірі – Сембаевтар отбасылық ансамблі.

Отбасылық ұжым жақын күндері Жетісу өңірінің әнсүйер қауымына арнайы концерттік бағдарламасын ұсынбақшы. Осыған орай ансамбль жетекшісі Талғат Сембаевтың Ұзынағаш ауылындағы шағын шаңырағында болып, ән тербеген әулетпен жақынырақ таныстық. Құрылғанына бес жыл болған отбасылық өнерпаздар тобы өзіндік үнімен ауданнан асып, облыс көлеміне танылып үлгерді. Түрлі деңгейдегі байқаулардан жүлделі орындармен марапатталып, диплом, алғыс хат, құрмет грамоталарын алуы осының айғағы. Оның ішінде 2010 жылы өткен облыстық «Отбасы – алтын дiңгек» байқауының  бас жүлдесiн жеңiп алып, республика бойынша өткен осы байқауда 16 отбасының iшiнен екiншi орынды иеленiп, облыс намысын қорғап, жүлделі болып оралғанын айта кеткен жөн.         
Отағасы ән жазады. Ансамбль репертуарындағы отыз әннің барлығы өзінің төл туындысы. Музыкалық аспапта өңделмеген басқа да әндерін қосқанда Талғат Шәріпұлының осы күнге дейін өмірге әкелген шығармасының жалпы саны елуден асады. Оның ішінде патриоттық тақырыпқа, Тұңғыш Президентке, Елордамыз Астанаға, жерұйық қала Талдықорғанға, Алматыға арнап жазған туындылары бір төбе. Туған жер, халықтық салт-дәстүр, ана, әке, сүйген жар, ұстаз, дәрігер, көктем туралы лирикаға толы шығармалары тыңдаушысын баурап алады. Тәуелсіздік күні, Наурыз мейрамы, Астана күні сияқты мемлекеттік мерекелерде ауданда композитордың «Президент күні», «Кел, Наурыз», «Астана», «Жаңа жыл» сияқты әндері үнемі орындалады. Кейінгі жылдары облыс орталығы күніне арналған мерекелік шараларда шырқалып жүрген ақын Есенқұл Жақыпбековтың «Күз қала көркем Талдықорған», Әміре Әріннің «Қараталым», «Сағынышым ауылым», Нүсіпбай Әбдірахымның «Қимас мекен Жетісу», Үмбетәлі атаға арналған «Жырдың қаражорғасы», Қуат Қайранбайдың «Жетісу», Байқал Нүкетаевтың «Тәуелсіз ел бастауы», Самат Нәбиевтің «Талдықорған» өлеңдеріне жазған әндері талды қала жұртшылығына жақсы таныс.
Қараталда туып, 1988 жылы Талдықорғанның қазіргі Жетісу мемлекеттік университетін тамамдап, Сарқан мәдени-ағарту училищесінде музыка бөлімінің оқытушы ұстазы, үрмелі аспаптар оркестрінің дирижері болған. Ілияс Жансүгіров атындағы жоғары оқу орнының музыка кафедрасында  қызмет еткен сазгердің мұндай ән шығармауы мүмкін де емес-ау. Алматы каласындағы республикалық білім жетілдіру институтында да эстетикалық бөлімінің әдіскері  болып қызмет атқарды. Әйтсе де, әуен жазу дарыны Талғат Шәріпұлының осыдан он жыл бұрын ақындар мен батырлар еліне қоныс аударуымен бірге ашылыпты. Қасиетті Қарғалы ауылына тұрақтап, мектепте музыка пәнінен сабақ беріп жүргенінде осы өңірден шыққан тарихи тұлғалар мен елге еңбегі сіңген ардақтыларды зерделей келе, «Қарғалы» әні туады. Одан кейін-ақ ән бұлағы ағытыла берді. Жергілікті қаламгерлер Рәтбек Терлікбаев, Гүлнар Өмірзақова, Виктор Никитиндердің сөздеріне жазылған әндері әрқайсысынан екіден-үштен бар. Осы орайда ол Жамбыл жеріне, қонақжай еліне, өзін қолдаған атқамінер ағаларға ризашылығы шексіз екенін айтады. 
Отанасы Күлімхан Қалалиева болса әнші әрі ән сөзінің авторы. Елу әннің жиырмаға жуығының өлеңін жазған ақындық дарыны бар жан. «Қарғалы» әнінің сөзі оның туындысы. Талғат осы әні үшін Мұқан Төлебаев атындағы дәстүрлі облыстық композиторлар шығармалары байқауында 36 сазгердің ішінде «Жетісуым – жерұйығым» номинациясы бойынша 3-орын алған болатын. Кербұлақ ауданы Басши ауылында дүниеге келген Күлімхан Тұрсынқызының  киелі туған жеріне арнап жазған «Туған жерім – Басшиім» атты әні де бар. Жастайынан өнерді серік қылған Күлімхан Тұрсынқызы қазіргі кезде ұлағатты ұстаз, аяулы ана, өнердегі, өмірдегі Талғат ағамыздың серiгi болып бүгінгі ұрпақ тәрбиелеудегі өзіндік үлесін қосып жүрген жан.
Өмірде де, өнер айдынында да қос аққудай жарасып қатар жүзген Талғат пен Күлімханның балалары да шетінен өздеріне тартқан өнерлі. Жанель  Чайковский атындағы музыка колледжінің хор дирижері бөлімін бітірген. Қазір аудандық Мәдениет үйі жанындағы «Сүйінбай сазы» фольклорлық-этнографиялық ансамблінің жеке дауыстағы белді әншісі. Оның алдында «Құлансаз» фольклорлық-этнографиялық ансамблінде жүргенде Елбасының алдында үш рет ән салу бақытына ие болды. Елбасының Алғыс хатының иегері. Он сегіз жасында 2009 жылы Италияның Венеция қаласында өткен Халықаралық жастар фестивалінде ән салып, қазақтың ұлттық киімінде би билеп, 1-орынға ие болған. Облыстық «Жетісу жұлдыздары» байқауының жүлдегері.
Жәнелдің жары Ерсейіт Боранбаев «Сүйінбай сазы» фольклорлық-этнографиялық ансамблінің, отбасылық ансамблінің  концерт жүргізушісi, әнші және көркемсөз оқудың асқан шебері. Талғаттың үлкен ұлы Әнуар дыбыс өңдеуші әрі әнші. Отан алдындағы борышын «Қазақстан Республикасы мемлекеттік  Күзет қызметі» әскери бөлімінде  үздік атқарып, күзде оралды. Онда әскери оркестрде ән салыпты. Әскери бөлім басшылығы  спортшы, өнерлі, отансүйгіш ұл тәрбиелеп өсіргені үшін ата-анасына алғыс жолдапты. 
Өнер атты өміршең саланың тамырын тап басқан Талғат Шәріпұлына саз өнеріне қосар үлесі еселей берсін дейміз. Ұлт мәдениетін дамытуда ұстаздық кәсіпті өмірінің өзегі етіп келе жатқан Күлімхан екеуінің отбасына рухани байлықты дамыту бағытында жемісті қызмет ете беруіне тілектеспіз.


 Жамбыл ауданы.