"КИІК МАТАУЫ", "ТЕКЕ БҰРҚЫЛ": СІЗ БІЛМЕЙТІН ТАБИҒАТ ҚҰБЫЛЫСТАРЫ

Уақыты: 26.03.2020
Оқылды: 2480
Бөлім: РУХАНИЯТ

Көнекөз қарияларымыздың айтқан ақылы шындыққа айналатыны сөзсіз. Әсіресе, ай амалдарына байланысты жорамалдары дәл келеді. Бірақ осы ақылға құлақ асатындар азайып кетті. Тіпті, аңызға балап, жүре тыңдайтындар бар.

Мәселен, мен туып өскен ауылдың табиғаты басқаша. Қысы суық, жазы ыстық. Ауа райының құбылуы да басқаша. Балқаш көлінің жағасы болғасын ба, кейде адам түсініксіз күннің райы бұзылып, долданып шыға келетін кездері көп. Міне, осыған орай аталарымыз күннің райын болжап, жолға шығатын жолаушы мен теңізге шығатын балықшыларға ақыл-кеңес айтып отыратын.

Соған орай ауыл тұрғындары да жұмысын реттеп, ақылға бой ұсынушы еді. Ал қазір дәл осындай болжау айтатын аталарымыз жоқтың қасы. Сол дала ділмарларының асыл қасиетін жаттап қалғандар да қалмаған. Осыдан барып түрлі келеңсіздіктерге ұрынамыз. Кейінгі жастар казгидромедтің болжамына сүйеніп, интернет арқылы анықтап әрекет етіп жатады. Өкінішке қарай, ол бірде келсе, бірде келмей қалатыны рас. Енді осы тұста сол аталарымыздың ежелден келе жатқан бір екі ай амалына ой жүгіртіп көрейік.

Бірде әлеуметтік желіде қаңтар айының он тоғызында болатын орыстардың «Крещенские морозы» дегенін «бөрі сырғақ» деп атапты. Меніңше, бұл қате пікір. Бұл – сары аяз. Қыс шілдесі деп аталатын уақыт. Осы кезде аяздың шарықтау шегі. Қыстың қақаған уақыты осы уақытта болады. Ал одан кейін аталарымыздың көп айтып отыратын уақыты ақпанның соңғы аптасы.

Бұл кезде малшылар өте сақ жүреді. Жалғыз жолға шығып, мал жаюға жібермейді. Ол – «бөрі сырғақ». Ақ түтек боран соғып, қыстың соңғы айында болмаған суық болады. Ат құлағы көрінбейтін боран осы уақытта күш алады. «Бөрі сырғақ» деп аталуының өзі айтып тұрғандай, ай аяғындағы қарлы сырғақ пен қатты боранды күндерде қасқырдың арланы мен қаншығы жұптасады. Сырғақ деп бұршақтан кіші мұзды қар түйіршіктерін айтады. Көпті көрген көнекөздер бұл амалдың «бөрі сырғақ» деп аталуы да осыдан шыққанын айтып отыратын. Дәл осы кезде біздің ауылдың малшылары малға, балықшылары мұз үстіне шықпайды. Талай балықшының ақылға құлақ аспай, ақ түтек боран мен сақылдаған сары аязға ұрынып қалған. Тіпті, қайғылы жайттар да болған.

Табиғаттың тылсым дүниесі дала жануарларымен байланысты. Қазақ осы белгілерді анық танып, табиғаттың құпиясын ерекше білген. Жай ғана болжау емес, сол жан-жануарлардың да сырын жақсы меңгерген. Енді мамыр айында болатын «Құралайдың салқыны» дегенді де айта кетейін. Мамырдың жиырмасынан ары қарай, күн суытып, жаңбыр араласқан жел соғады. Ол кейде бес күндей болса, кейде аптадан асып жығылады. Осы кезде құралай лағын өргізіп, ауа райымен тыныстайды.

Аталарымның айтуы бойынша, құралай жаңбырға төлдігін жуғызып, желге кептіретін көрінеді. Ал осы айдың басында «қызыл жұмыртқа» деген атау бар. Қаз-үйректің алғашқы жұмыртқалары жарылып, қызылшақа балапандары жарыққа шыққан кезі. Бұл бір күндік салқынға ұласады. Қандай керемет?! Дала мақұлықтарының барлығына табиғат құбылысы әсер етеді. Жаратушының адамзат пен жан-жануарға жасаған ерекше нығыметі екені анық.

Желтоқсанның орта тұсында «Теке бұрқыл» деген амал бар. Мұнда теке мен арқар жұптасатын кез. Ол кезде де ауа райы бұзылып, қарлы боран соғады. Арқаның ақ бораны осы кез. «Киік матауы» дегенді естуіңіз бар ма?! Күн үрлесін болып, айнала көзге көрінбей бұрқасындатып тұратын кезді «киіктің матауы» деп атаған. Ол он жеті тоғысқа (қыркүйектің аяғы, қазанның басына) сәйкес келеді. Бұл кезде киіктің (ақбөкен, қарақұйрық, киік және басқалар) текесі үйірге түседі.

Мен бұл жолы ауа райының жан-жануармен байланыстысын ғана жаздым. Бұдан басқа жұлдызбен байланысатын амалдардың да өз ерекшеліктері бар. Құстардың да табиғат тылсымына байланысатын тұстары көп. Дәл осының барлығын жақсы білетін болса, нағыз қазақтың кемеңгер ауа райын болжаушы мықтысы болып шыға келесің. Айтпақшы, қазір «Құс қанатының» уақыты. Ақ ұлпа қардың қылаулайтын кезі!

Ришад ТҰРҒАНБАЕВ

Сурет ғаламтордан алынды