"ҚЫЗҚҰЛАҒАН": ТЕКЕЛІ ТАУЫНДАҒЫ ҒАШЫҚТАРДЫҢ ҚАЙҒЫЛЫ ОҚИҒАСЫ

Уақыты: 22.05.2020
Оқылды: 1834
Бөлім: РУХАНИЯТ

О, бұл өте көне аңыз, баяғы өткен заманда бір-біріне ғашық бопты Дәуренбек пен Қайша қыз. Қайшаның әкесі өте бай екен, төрт құбыласы түгел, ағайын-туысы да өзіне сай екен. Ал Дәуренбек шу асауды құлақтан басар жылқышы. Жалшы жігіт бай қызына тең келсін бе, байекең оны туыс көрсін бе? Махаббатын Қызылауыздың қалың қарағайына жасырып, екі ғашық сирек те болса кездесіп, сырласып тұрыпты.

Сезіміне сарқырап аққан Шажа өзені куә. Екеудің сырын қыз жеңгесі біліпті, іштей тілекші боп жүріпті. Арада уақыт өтеді. Қайша қыздың сұлулығы аңыз боп шартарапқа кетеді. «Көзі жақұттай жарқылдап, қос бұрымы тобығына түсіп тұр, білегі Шажада шоршыған ханбалықтай жұмыр, сауырындай аппақ, сөйлесе аузынан маржан төгіледі», – деп Қайшаны көргеннің бәрі мақтайды.

Сұлу қыз туралы сол өңірдегі Балдырған деген бай да естіп, құмартады. Селдір сақалды, бетін әжім басқан, таяққа әзер сүйеніп жүретін шал «Сол сұлуды тоқал етсем арманым жоқ! Барып, құда түсіңдер. Қалың малына құлын-тайды енесімен, бота-тайлақты келесімен, сиырды табынымен, қойды отарымен беремін», – деп қыз әкесіне адам аттандырады.

Балдырғанның кісілерін қыз әкесі құрметпен күтіп алып, ту бие сойдырып, қонақ етеді. Әңгіме үстінде қызына берілетін қалың малды естіп, байдың есі кетеді. «Қызымды беремін, жаңа ай туғанда келіп, алып кетіңіздер. Сәл дайындалайық», – дейді дүниесі еселенгенге қуанған бай. Келер күні құда түсушілерді қолтықтан демеп атқа мінгізіп, шығарып салған соң байекең ағайын-жұртын жиып, құда күту қамына кіріседі.

Өзін шалға бергелі жатқанын естіген Қайша қыз жеңгесіне барып бір жылап, шешесіне барып бір жылап, олардан жұбаныш таппаған соң сұлқ түсіп төсегіне жатып алады. Ауыл ақсақалдары жиылып байға келіп:

– Байеке, қызың уайымнан өліп кетер, өз малың өзіңе жетер, шалға да емес, малға бола ұзатып отырсыз ғой. Обал болар, теңіне беріңіз, – дейді.

Дүниеқоңыз бай сөз ұқсын ба:

– Өңшең құл-құтан жиналып, маған ақыл айтпақсыңдар ма?! Балдырғандай баймен туыс болу мен үшін зор мәртебе емес пе, өңшең ақымақ, – деп қамшымен сабап, бәрін қуып шығады. Қыз әкесінің алған бетінен қайтпайтынын білген соң жеңгесі қойшы баланы тауға жүгіртіп, Дәуренбекке хабар береді. Намысты жігіт түн қатып бай ауылының маңына келеді. Жеңгесі ерткен қыз келіп, асық жанын көреді. Қан-сөлі қашқан қызды көрген Дәуренбек ширығып:

– Айналайын, Қайшажан, менімен жаның бірге ме? – дейді.
– Бірге!
– Етегімнен ұстадың ба?
– Ұстадым.
– Уәде?
– Уәде.
– Мен онда бір апта дайындалайын. Мен мінетін Керқұла, сен мінетін Бөрте атты тасқораға қамайын, ащы терін алайын. Содан кейін осы жерге келермін, дайын тұр! – деп Дәуренбек жылқыға аттанады.

Қайшаға уақыт өтпеді. Құдаларым ішер деп саба пістірген, осы үйге түсер деп отау тіктірген, бал етіне тойсын деп құлын алдырған, «Тездет, кәне, тез бол!» деп елдің белін талдырған әкесінен құтылғанша асықты. Күндіз күлмейді, түнде көз ілмейді. Жастығы тас, төсегі тікен болды. Қыз да дорбадан құрт алдырып, қоржынға сүр салдырып, өзінше дайындалды.

Сөйтіп жүргенде уәделі күн жетіп, кеш бата қыз өзен басына келді. Сайда қараңдап тұрған қос жылқыны көріп, солай жүгіреді. Дәуренбек қызды маңдайдан бір өбіп, оп-оңай көтеріп, Бөрте аттың үстіне қондыра салды. Екі ғашық тура Беласарға қарай салды. Ат тұяғының сытырын Шажаның күркірі басып, ел естімеді... құл естіді. Құлағың түскір Шоқпар құл ат тұяғының даусын естіп қалды, ойбай салды.

– Аттан! Аттан!

Ауыл шошып оянды. Елдің бәрі ақ отауға жүгірді. Қызының жоғын естіген байдың өңі бұзылды, белі бүгілді, отыра қалып басын тоқпақтап, аласұрды, жын ұрды.

– Неге тұрсың, өңшең мақұлық?! Ұстаңдар! – деді бақырып. Шоқпар құл бастап көп жігіт, сай тұр еді ат мініп. Қиқулаған қуғыншы Қызылауызды басына көтеріп қашқындардың ізіне түсті.

Керқұла мен Бөрте ат жүйрік-ақ еді жануар. Биік-биік тастардан ортекедей қарғыды, терең-терең сайлардан орқояндай орғыды. Сонда-дағы болмады, көп қуғыншы қалмады. Таң атқанда білінді қыздың белі талғаны. Дәуренбек көрді осы сәт шоқ орманды алдағы. Тура салып екеуі орманға кірді сауғалап, қуғыншы жетті ізінше «Мұнда! Мұнда! Мұндалап». Дәуренбектің қабыландай еді жүрегі, құрыштай еді білегі, қуғыншы мұны біледі. Бәрі батпай көп тұрып, «Тәуекел!», – деп Шоқпар құл орман ішіне кіреді. Дәуренбекке бұл болды Құдай берген тілегі, Шоқпар құлға атылып, қаршығадай бүреді, алып ұрып сорлыны, жонынан таспа тіледі. "Әй, Шоқпар құл, аулақ менен жүр", – деді, "Бақытымды мен саған ұрлатпаймын, біл!" – деді.

Өстіп Дәуренбек Шоқпар құлды сабап-сабап қуып жібереді. Ол көп серігіне жылап барады. «Дәуренбектен кек алмай өлсем қайтпаймын», – деп жер тоқпақтайды. Бір кезде есін жиып: "Неге тұрсыңдар, өртеңдер мына орманды!" – деп жұлынды. Қуғыншылар орманға от қойып, Дәуренбек пен Қайша тұншыға бастайды.

– Жаным, Қайша, бізге қосылуды тағдыр жазбапты. Мыналар екеумізді өлтірмей кетпейді. Сен бара ғой, саған тиіспейді, – дейді Дәуренбек.

– Жаным сенен артық па, кетпеймін, – деп Қайша қыз зар қағады. Осы кезде Дәуренбек Бөрте атты қамшымен тартып-тартып қалады. Шоқ орманның ішінен сыртқа қуып салады, ат үстінде сұлу қыз зар еңіреп барады. Қуғыншылар қаумалап, Қайшаны ұстап алады. Зар илеген мұңылық ет-жүрегі елжіреп, екі көзі мөлдіреп орман жаққа қарады, майы тамған қарағай лапылдап бір жанады, көп өтпестен орманның күлі қана қалады.

Қуғыншылар ертіп әкелген Қайшаға әкесі қатты қаһарланады. Арашаға бой бермей:

– Ана асуға апарып, үстінен мың қой айдап өтіңдер, өлсе сүйегі сол жерде қалсын, – деп әмір етеді. «Әмір қатты, жан тәтті», жалшылар қызды жетелеп тар асуға әкеліп, қол-аяғын байлап тастайды. Содан кейін мыңғыртып мың қой айдап әкеліп, қыз үстінен жүргізеді. Бірақ жалшыда да жүрек бар, қатты қумай, тар соқпақта қысылған қойлар кезектесіп қыз белінен секіріп өтеді.

Тағдырдың оң боп қабағы, Қайша тірі қалады. «Қызың мың қойдың тұяғынан аман қалды», – дегенді естіген бай: «Тезірек әкет!» – деп Балдырған күйеубаласына хабар береді. Араға үш-төрт күн салып құдалар да жетеді.

Қызың мені масқара етті деп жорта өкпелеген Балдырған азын-аулақ құн мен пұл беріп, тезірек кетуге асығады. Бай қызының жасауын мол беріп, құлынынан үйреніп еді, иесімен жүрсін деп Бөрте атты қоса жетектетеді. Балдырған күйеу Қайшаны нарқоспаққа мінгізіп, ол түйенің басына шашақты қоңырау салдырып, қарқаралы көш дегізіп, жайлауына бет алды. Жол бойына тоқтамай, сал мен сері ән салды. Нарқоспақтың үстінде жаутаң-жаутаң қараумен Қайша кетіп барады, қос жанардан тамшылар қомға тырс-тырс тамады. Тау басындағы жолменен біраз жүргеннен кейін Қайша қызға бір ой келді. Ол қасында ырғалып келе жатқан Балдырғанға:

– Даланың ерке қызы едім өзеннен айна қараған, самал шашын тараған, аттың таңдап мінуші ем бозы менен баранын, басқа салып бұл күні нарқоспақтың үстінде қорланған бір баламын. Бөрте атқа мінуге рұқсат етші, ағатай?! Құдай салды, мен көндім, қашып қайда барамын... Бөрте атқа мінейін, жаныңа еріп жүрейін. Ерке екен тоқал, – деп көрген адам сүйінсін, – дейді.

Мұны естіген Балдырған шал мәз болады, Қайшаның қашпасына, қашса да ұзаққа бармасына сеніп, түйеден түсіп атқа мінуіне рұқсат етеді. Жалшылар Бөрте атты көлденең тартқанда Қайша қыз қарғып мініп, біраз жерге шауып кетеді. Сосын қайырылып тоқтай қалады.

– Әй, қу қақбас, әкеме сәлем айт! Ақсұңқарға сақтаған ақ етімді құзғынға шұқытпақ болғанын екі дүниеде кешірмеймін. Бірге өскен Дәуренбекпен жаным да, тілегім де бір еді. Сол тілекке тосқауыл болдыңдар, ал жаныма иелік ете алмайсыңдар! Қош, жарық дүние! – деп айғайлап Бөрте атты қамшымен осқылап, тау жиегіне қарай шауып, қарғып кетті.

Балдырған ұмтылғанмен үлгермеді. Ат пен қыздың таудан төмен домалап бара жатқанына қарап, бармағын шайнап тұрды.

Ертеңіне ел жиылып, қызды да, Бөрте атты да сол таудың етегіне жерлепті.

Міне, құрметті оқушым, жолыңыз түсіп, Текелінің тауына барсаңыз, Шажа деген өзенді бойлаңыз. Сол Шажаның бойынан ұзын ақ сілемі бар тау көрсеңіз «Қызқұлаған»  деп ойлаңыз. "Жаңағы сілем таудан домалаған ат пен қыздың ізі", – дейді осы аңызды айтып берген Жасұлан деген жайсаң. Жықпыл тас сусып, үнемі төмен сырғып жатады екен. Ол қыздың көз жасы. Етекте ұзынша келген шошақ төбе. Қыз бен атты осында жерлеген дейді. Төрт бұрышында моланың құлақтасындай төрт қарағай қылтиып тұр.

Суырмамен жүріп отырып, атақты Қызылауыз жайлауына жетсеңіз содан оңтүстік-шығысқа көз салыңыз, жайдақ асу көрінер, ол – Беласар. Одан арыда атақты Қызбел – Қайша сұлу мың қойдың тұяғынан аман қалған жер. Қызбелден соң алдыңнан Дәуренбектің орманы шығады. Сырласып көріңіз, діңін күйік шалған қарт қарағайлар сыбдырлап, сыбырлап махаббат аңызын айтып берер. Ал Балдырған жайлауы Қызқұлағаннан әрірек, батысқа қарай жатыр.

Серік ӘБІКЕНҰЛЫ,

журналист

Сурет ғаламтордан алынды