"ЖАБЫҒУДАН САҚТАЙДЫ": КАРАНТИНДЕ КІТАП ОҚУДЫҢ ПАЙДАСЫ ҚАНДАЙ?

Уақыты: 25.04.2020
Оқылды: 1696
Бөлім: РУХАНИЯТ

"Соңғы оқыған кітабыңыз жайлы айтыңызшы?" "Ұяттымын. Қол тимейді. Студент кезімнен кейін кітап қолға алмаппын". Ал енді қол тимек түгілі, бос уақыттан зеріге бастадық. Кітап оқуға қол тимеген кездің есесін қайтаратын кез келді. Әр нәрсенің  қайырымы бар.

Шынын айту керек, төтенше жағдай басталғалы біраз кітапты парақтадық. Туған ел мен жерді көз алдыға әкелетін Сайын Мұратбековтің шығармаларын қайта қарап шығуды армандап жүр едім. «Басында Үшқараның...» атты кітабын жата-жастана оқыдым.

Мына індет жайлап тұрған қауіпті кезде кітап оқығанның пайдасы көп. Көңіл көкжиегіңді кеңейткен өз алдына, уақытың да тиімді өтеді. Көңіл-күйің күңіренбейді. Кейіпкермен бірге жастықтың бал шағын басыңнан өткізіп, қаланың қым-қуыт тірлігінен алыстап, жусаны көп жерлерге барып-қайтасың. Сайын жазушы ауыл өмірін, бозбала мен бойжеткеннің аңғал да алғаусыз махаббатын қаз-қалпында көз алдыға келтіретін қаламгер. Кей шығармаларда кейіпкерлерді шатастырып аламыз. Ал Сайын Мұратбековтің әңгімелеріндегі кейіпкердің кескін-келбеті көз алдыңда біржолата қалады. Әр адамның мінез-құлқын, болмысын қалыптастырып береді. Тілге жеңіл, жүрекке жылы.

Бүгінгі таңда дәрігерлер де осындай жеңіл кітаптар оқуға кеңес береді.

– Алмағайып, жаның тыным таппай тұрған кезде оқиғалы кітап оқыған дұрыс. Олар сенің жаныңды жабығудан сақтайды. Жүйкеге ауыр тиетін кітапты мұндай елегізіп тұрған шақта оқымау керек. Ол күйзеліске ұшыратуы мүмкін. Лирикалық шығарма, демалдыратын фильм алдағы жарқын күндеріңізге жетелейді, – дейді психолог Мөлдір Болатқызы.

Жақсы кітап – жанға азық! Иә, адамның кейбір кездерін суреттеп, жеткізуде Сайын, Әзілхан, Бердібектерді әркім қайталай алмайды. Мысалы, қыз бен жігіт кездескенде сезім құшағында ештеңе ойлағылары келмей, тек бір-бірінің қасында болғандарына шаттанып тілден қалатын сәт болады.

Оны жазушы: «Басында Үшқараның...» әңгімесінде: «Мең-зең, өң мен түстей халде. Басында түк ой жоқ...» – деп суреттейді. Тамаша жеткізген. Жалын шағыңда бір-екі рет қана бастан өткізетін құдіретті мезет. Түйсініп те үлгермейтін сезім. Соны айна-қатесіз жеткізе алған. Жасты да, жасамысты да елең еткізетін сөз тіркестері.  Басқа шығармаларда осындай сәт дәл осылай суреттелмеген.

Міне, жақсы шығарманың әсері. Осындай кітап ішіне «кіріп» кеткен адам басқа ойдан біраз уақытқа дейін қашықтайды. Карантинде кітап оқудың пайдасы осында емес пе?! Кітаптан үзінді келтіріп, оның ерекшелігін айтуымның себебі де төтенше жағдайда ойды бөлудің артықшылығын түсіндіру еді.

Әр қазақтың тамыры ауылда. Ендеше, жалаң аяқ тау-тасты аралаған балдәурен шаққа саяхаттау кім-кімнің де жанарына жарқыл ойнатады. Екінші мәселе, үйде оқитын кітап болмауы мүмкін. Ондай жағдайда не істейміз? Түк те уайымдамаңыз. Оның да шешімі бар.

Сәкен Сейфуллин атындағы облыстық кітапхананың электронды сайтына кіріп, қалаған кітапқа сұраныс беруге болады. Кітапханаға қалай кіресіз? Сауалды маманға қойдық. Кітапхана  директоры Ғалия Тоқабаева:

– Бүгінде мекемеде 167 мыңнан аса кітап бар. Кітапхананың сайтына кіріп, сол жерде көрсетілген электронды кітапхана  бөлімшесін ашасыз. Көрсетілген жарияланымдағы шифрланған QR-кодқа телефоныңызды жақындатасыз. Сәйкестендіріп алған соң сілтемені enter арқылы басып, қосасыз. QR-кодты телефонға біржолата жүктеп алған жөн. Телефонда QR қосымшасы болмаса  көрсетілген сілтемені  көшіріп алып, Google арқылы іздеуге болады. Сондай-ақ, кітаптарды www.kazneb.kz электронды онлайн катологы арқылы да оқуға болады. Биыл, әсіресе вирус өршігелі интернет кітапхананың жұмысы жанданды. Кейбір шығармаларға сұраныс артты. Жыл басынан Сәбит Мұқановтың «Өмір мектебі», Иса Байзақовтың шығармалары, Әйгерім Тұрлықожаның «Тамшылар» атты кітаптарының көп оқылғандығын айта кеткім келеді, – деді ол.

Бүгінде карантин күшейді. Бірақ ол уақытша. Бос уақытты тиімді пайдаланайық. Әйтпесе, қым-қуыт тірлігіміз басталғанда әттеген-ай, ұйқымен өткен қайран уақытымыз-ай деп жүрмейік.

Гүлжан ТҰРСЫН

Сурет ғаламтордан алынды