ЖЕҢІСКЕ - 75 ЖЫЛ: МАЙДАНДА ДА, ЕЛДЕ ДЕ ЕРЛІК ЖАСАҒАН ЕРЛЕРГЕ БАС ИЕМІЗ!

Уақыты: 30.04.2020
Оқылды: 1176
Бөлім: РУХАНИЯТ

Әлем халқын алаңдатқан сұм соғысқа миллиондаған кеңес азаматтарының қатарында қауіпсіздік органдарының қызметкерлері де қатысып, фашизмнің түп-тамырын жоюға атсалысты. Солардың қатарында 1922 жылғы 22 ақпанда Алматы облысы, Ақсу ауданының, Қызылтаң ауылында дүниеге келген Біләл Сатыбалдинов та бар.

1939 жылы орта мектепті бітірген Біләл Меңғалиұлы 1940-шы жылға дейін Түркістан-Сібір теміржолының бойындағы Матай теміржол бекетінде қашықтықтағы байланыс телеграфисі болып жұмыс істейді.

Соғыстың алғашқы айларында №11-ші танк бригадасында жүргізуші-механик қызметін атқарса, 1942-ші жылға дейін 4 әуе-десанттық дивизияға қарасты №317 жеке армиялық десанттық батальонның радисі болып, әскери өмірдің сыры мен қырын меңгереді. Одан кейінгі жерде рота радисі дивизия телеграфтық стансының бастығы қызметтерін абыроймен атқарады.

Соғысқа бастан-аяқ қатысқан Біләл Меңғалиұлы неміс-фашист және жапон басқыншыларымен болған ұрыстарға тікелей араласып, кескілескен шайқастан аман-сау шығып отырған. Осындай ерлігі үшін әскери басшылық Қызыл жұлдыз әскери орденімен, «Ерлігі үшін», «1941-1945 жылдардағы ҰОС Германияны жеңгені үшін», «Жапонияны жеңгені үшін» медальдарымен марапаттап, жауынгердің мерейін үстем етеді.

Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталған соң туған жеріне оралып, ауылшаруашылығын қалпына келтіру жұмыстарына белсене қатысқан Біләл Меңғалиұлы 1946 жылдан 1953 жылға дейін Бөрілітөбе аудандық комсомол комитетінің ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі және хатшысы, Матай теміржол стансысы телеграф қызметі бөлімінің нұсқаушысы және саяси бөлім басшысының көмекшісі, Талдықорған облыстық партия комитетінің өндіріс және көлік бөлімінің нұсқаушысы қызметтерін абыроймен атқарды.

Жеке басының қасиеттері мен жұмыстағы қабілетін, қызметтік өсу мүмкіндігін ескерген басшылық оны 1953 жылы Алматы жоғарғы партия мектебіне оқуға жібереді. Оқу орнын 1958 жылы жоғары бағамен бітірген соң партиялық бағыт бойынша КСРО МҚК органдарына қызметке қабылданады. Сол уақыттан 1967 жылға дейін Қазақ КСР Министрлер кеңесінің жанындағы МҚК-нің орталық аппаратында жедел уәкілдіктен бастап басшылыққа дейінгі түрлі қызметтерді атқарды. Одан соң 1967 жылдан 1977 жылдың қыркүйегіне дейін Қазақ КСР МҚК Талдықорған облыстық басқармасындағы уәкілдік және басшылық қызметтерде жұмыс істеді.

ҰҚК органдарында қызмет еткен жылдарда өзін тек жақсы жағынан көрсетіп, әріптестеріне үлгі бола білген Біләл Меңғалиұлы Жетісу жерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету ісіне елеулі үлес қосты. Жұмысында нақты әрі толымды нәтиже көрсеткені үшін бірнеше рет басшылық тарапынан марапатталып, сыйлықтарға ұсынылды. Ондай марапаттардың қатарында Грамоталар, Алғыс хаттар, үкіметтік, ведомстволық және мерекелік медальдар бар.

Әріптестері мен ағайын-туыстың ортасында құрметке бөленген Сатыбалдинов демалысқа шыққан соң да МҚК басқармасы мен Талдықорған қаласының қоғамдық өміріне белсенділікпен қатысты. Өскелең ұрпаққа патриоттық тәрбие беруге назар аударып, кездесулерде өз басынан өткен естеліктерді айтудан және өмірлік тәжірибесімен бөлісуден жалыққан емес. Сондай-ақ, отбасы мүшелеріне ұдайы көңіл бөліп, төрт баласын саналы азамат етіп тәрбиеледі.

Жеңістің 75 жылдығы қарсаңында майдангерлердің Ұлы Отан соғысында көрсеткен ерліктері мен қаһармандықтарына бас иіп, құрмет көрсетеміз.

Алматы облыстық ҰҚК департаментінің ардагерлер кеңесі

Сурет ғаламтордан алынды