ЖЕҢІСКЕ - 75 ЖЫЛ: ЖАУ ТАНКІСІН ЖОЙҒАН ҚАЗАҚ БАТЫРЫНЫҢ ЕРЛІГІ

Уақыты: 08.05.2020
Оқылды: 1839
Бөлім: РУХАНИЯТ

Соғыстың зардабы әрбір қазақстандық отбасының есінен кетпейді. Осыдан 75 жыл бұрын адамзат тарихындағы сұрапыл және қанды соғыс аяқталды. Жалпы, Қазақстаннан көптеген Кеңес Одағының Батыры шыққаны белгілі. Бір ғана Шелек ауданынан сегіз азамат Кеңес Одағының Батыры атанғанын бүгінгі ұрпақ мақтан тұтады.

Солардың есімін тағы бір еске алып, жаңғыртып өтер болсақ, ерлігімен есте қалған әкелеріміз Ыбырайым Қалдыбаевтың, Төлен Кенжебаевтың, Петр Вихревтің, Қашаған Жаманғараевтың, Жүнісбай Қайыповтың, Сергей Шахворостовтың, Әлікбай Қосаевтың бәрі де қазіргі Еңбекшіқазақ ауданының тумалары екенін көреміз. Солардың бірі – тау баурайындағы Асысаға ауылының тумасы Төлен Қабылов.

Бақай тауының етегіндегі табиғаты тамылжыған шұрайлы өлке, әйгілі Асы жайлауының сағасындағы ауылда 1917 жылы дүниеге келген Төлен Қабылов елмен бірге Отан қорғау үшін 1942 жылы қолына қару алып, майданға аттанады. Бір ауылдан шыққан қос азамат бір күнде майданға аттанып, біреуі майданда ерлікпен қаза тауып, Кеңес Одағының Батыры атанса, екіншісі Құсайын Бижанов соғыстан жараланып елге оралды. Кейін ол бірнеше ауданды басқарып, соғыс жəне еңбек ардагері атанды. Құсайын Бижановтың туғанына осы жазда 100 жыл толады. Бұл кісі екі мәрте Қызыл Жұлдыз, Ленин және «Құрмет белгісі» ордендерінің, бірнеше медальдің иегері атанып, Жоғарғы Кеңестің депутаты, Орталық комитеттің мүшесі болды.

Жетім өскен Төлен әскерге аттанарда артында қалған әйелі Жамалхан жаңа босанып, жалғыз қызы Зақан қырқынан шықпай қалған екен. Ол кісіні көзіміз көрді. Батыр әкесінің жалғыз тұяғы ұзақ жыл Асысаға ауылында өмір сүріп, отбасын құрды. Осыдан біраз жыл бұрын ғана дүниеден өткен Зақан апайдың балалары мен немерелері батыр аталарының ерлігін мақтан тұтып, өсіп-өнуде.

Кеңес Одағының Батыры Төлен Қабылов Сталинградты, Қырымды, Донды, Украинаны, Беларусьті, Литваны азат ету үшін болған ұрыстарға қатысып, сұм соғыс бітуге небәрі бір ай ғана қалғанда, Кенигсберг түбінде ерлікпен қаза табады. Бүгінде онымен майданда бірге болған азаматтардың бәрі де өмірден өтіп кетті. Солардың бірі майдандас досы Нұрым Сансызбаев еді. Ол кісі көзі тірісінде Асысаға ауылына, Төлен досының шаңырағына жиі келіп, сұрапыл соғыстағы талай оқиғаны еске алатын. Нұрым аға бірде өзінің жақын досы Төлен батырдың ерлігін былай еске алғаны бар.

«Біздің жауынгерлер үшін Кенигсбергті алу оңайға түскен жоқ. Алынбастай берік қамалға бекініп алған жау шебіне жақындау ажалға ұмтылумен бірдей еді. Біз соғыса отырып, барлаушылар арқылы шеткері, бөлек тұрған үш қабатты үйге жеттік. Жертөлеге полктың бақылау пункті орналасты. Қатардағы гвардия жауынгері Иван Редок жер бауырлап жертөлеге кірген мезетте мина жарылып, үйдің біраз бөлігі опырылып түсті. Абырой болғанда Редоктың жарасы жеңіл екен. Қасындағы екі жолдасын сынған бетон астынан суырып шығарып алады. Сенцовтың оң аяғы, Косаревтің екі аяғы езіліп кеткен екен. Біздің саперлардың жақсылап тексермегендігінен болған қателік еді. Сол тұста Бельчиков басқарған бір батальон маңайды саперларымен сүзіп жүріп, бункер ішінен бөтен дыбыс естіп қалады. Жалма-жан бункерге түскен гвардия жауынгерлері жан-жаққа тараған туннель тармақтарын көреді. Жер асты толған әскери зауыттың цехтары, қатар-қатар жинап қойған пулеметтер екен. Сөйткенше немістер жағынан атыс басталып кетті. Қара көлеңке жер астындағы соғыс алай-түлей, түтіннен көрінбейді», – дейді Нұрым Сансызбаев.

Соғыс ардагерінің айтуынша, жауынгерлер жерасты жолын қарсы жаққа тығылған немістерден тазартқан. Бункер ішіндегі үлкен кәсіпорынды, қоймаларды, оқ-дәрі мен қару-жарақты, жасырын баспаналарды, толып жатқан цехтарды көріп таңғалады. Барлаушылардың мәліметі бойынша Кенигсбергтің айналасына осындай бекіністер орнатылған болып шықты.

Сол жолы Төлен батырдың ерлігін көзімен көрген майдандас досы сол сұрапыл соғыстың куәсі ретінде әңгімесін одан ары былай деп жалғастырады:

– Төрт жылдан асқан соғыстың бітуіне аз күндер қалған. Кеңес армиясы неміс-фашистердің шебін тықсырып келе жатқаны айқын. Сәуір айының алғашқы күндері артиллериялық және авиациялық шабуыл басталды. Үшінші Беларусь майданының 33-ші және 87-ші гвардиялық атқыштар дивизиясы Кенигсбергтің солтүстік жағынан жаудың қорғаныс шебін бұзып қалаға кірді. Одан әрі қаланың ішіне қарай жүрер жолда екі тірек пункті тұр. Шіркеуге орналасқан біреуін 4-ші рота басып алды. Екінші тірек пункті төрт қабатты еңселі мектепке орналасыпты. Оған екі топ болып кірдік. Бұйрық бойынша Төлен Қабылов бастаған бес адамдық бірінші топ мектептің астыңғы қабатын, мен және Редок басқарған екінші топ жертөлені алуымыз керек.

Бұл кезде мектепке орналасқан немістер шабуылға шыдамай, бас сауғалап кетіп жатқан. Төлен Қабылов бастаған топ мектептің барлық қабатын жаудан тазартып, өзі мектептің шатырына ту тікті. Ал біз, Редок екеуіміз жертөлеге келсек, есік жабық. Жақтауынан сығаласақ, он шақты неміс жанталасып, қашуға әрекет етіп жатыр екен. Қолдарында қаруы бар. Тікелей басып кіре алмаймыз. Таяу жерде біраз жауынгер көмекке келу үшін біздің дабылымызды күтіп жатыр. Немістер қол жүктерін жинап болып, ортадағы үстелді айнала отыра бергенде Редок екеуміз ымдасып, табан астында «Хенде хох!» деп айқайлап, ішке лап бердік. Мұны күтпеген немістер қолдарына қару алып үлгермей, абдырап қалды. Осы сәтті күтіп дайын тұрған жолдастарымыз да жетіп келді. Немістерді тұтқындадық. Он шақты адам. Жігіттер көрші бөлмелерден тағы бір тобын айдап әкелді. Бас-аяғы он жеті немісті артқы шепке, тірек пунктіне жібердік.

Сөйткенше болған жоқ, жанымда тұрған Редок немістердің екі танкісі мен автоматшыларының мектептің іргесіне келіп жеткенін көріп қалды. Бұл кезде жертөлеге түскен Төлен Қабылов сыртқа жүгіре шықты. Фашистердің екі танкісі үйге тақалып қалған екен. Оның артында отыз шақты автоматчик оқ жаудырып келе жатқан еді. 100-120 метрдей қашықтықта тұрған артиллеристердің танкіге қарсы снарядтары таусылып қалыпты. Енді кешіксе артиллеристерден де, бізден де ешкім қалмайтыны анық. Ойланып жататын уақыт жоқ. Төлен Қабылов танкіге қарсы пайдаланатын гранатасын қапшығынан суырып алып, борап тұрған оққа қарамастан келе жатқан танкінің жанына барып, үстіне секіріп шығып, люкті ашты да, ішіне лақтырып үлгерді. Танк отқа оранды. Төлен Қабылов сол жерде мерт болды. Алайда есіл ер жолдастарын аман алып қалды. Осы кезде арттағы 72-ші гвардиялық полк пен 49-шы гвардиялық полк келіп үлгерді.

Төлен өзінің жанкешті ерлігін біздің көз алдымызда жасады. Соғыстың бітуіне санаулы күндер қалғанда қайтпас қайсар жауынгер осылай мерт болды. Қан майдандағы батырлығы үшін КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1945 жылғы 19 сәуірдегі бұйрығымен басқарма тапсырмаларын үздік орындағаны және ерлік көрсеткені үшін сержант Төлен Қабыловқа «Кеңес Одағының Батыры» атағы берілді. Кейін Жеңістің қырық жылдығына орай Төленнің қабірін тауып, белгі орнатуға оның майдандас досы ретінде Калининград жеріне барып қайттым, – деп еске алған еді майдандас досы Нұрым Сансызбаев.

Сол сапарға Нұрым Сансызбаевпен бірге соғыс ардагері Кәмали Дүйсенбеков, белгілі журналист Ошақбай Суханберлин сынды азаматтар Кенигсберг шайқасы болған жерді көріп, батырлар опат болған тұсқа туған жерден топырақ апарып салып, тағзым етіп қайтқан еді. Елді жаудан қорғаған батыр құрметіне орай Калининградтағы балық аулайтын үлкен кемеге «Төлен Қабылов» есімі беріліп, қаланың бір ғимаратына ескерткіш тақта қойылды.

Одан бөлек, Төлен Қабылов туралы деректі фильм түсірілді. Аудандағы үлкен шаруашылық Төлен Қабылов атымен аталды. Туған ауылы Асысағада мектеп аты беріліп, еңселі ескерткіш орнатылды. Осылайша мыңдаған майдандасы қатарында Украинаны, Беларусьті, Сталинградты, Балтық Республикаларын, Молдованы азат етуге қатысқан Төлен Қабыловтың есімі ел жадында жаңғырды.

Екінші дүниежүзілік соғыс бітуге санаулы күндер қалғанда ерлікпен қаза тапқан Төлен Қабылов бұдан бұрынғы шайқастарда жасаған ерлігі үшін Қызыл Жұлдыз, ІІІ Дəрежелі Даңқ орденімен, екі рет «Ерлігі үшін» медалімен марапатталған. Алматы қаласында Төлен Қабылов атында үлкен көше бар. Төленнің жерлесі, кезінде әскерге бірге аттанған, соғыстан кейін Шелек, Балқаш, Нарынқол аудандарын ұзақ жыл басқарған белгілі қоғам қайраткері, соғыс ардагері, Ленин, Қызыл Жұлдыз, Отан соғысы және басқа ордендерінің иегері Құсайын Бижанұлы батыр майдандасы туралы көлемді шығарма жазды. Сонда мынадай жыр жолдары бар:

Тоғайдан төрт «Фердинант»
             шыға келді,
Сұстанып, солқылдатып құба белді.
Үшеуін артиллерия бірден жойып,
Біреуі жайпап алдын қыра берді.
Мұны көрген ер Төлен қаһарланып:
Жауға қарсы ұрандап «Алға» деді,
Шіркін-ай қанатсыз ғой, самғар еді.
Осынау сұм тажалдың көзін құрту,
Төленнің сол сәттегі арманы еді. 
Мұратын саптастары ұқты барлық,
Үстіне «Фердинандтың» 
        шықты қарғып.
Жойды да автоматпен пулеметті, 
Кідірмей жұлқып ашты люкті барып.
Сүңгітіп дереу оған гранатты,
Соңынан қалың қолды "уралатты".
Қайран ер басқалардың бақыты үшін,
Өзін де, танкті де бір-ақ атты.

Ерліктің шынайы көрінісін бұдан артық қалай суреттеуге болады?

Осы сұрапыл шайқасқа Алатау бөктерінен түлеп ұшып, Асысағадан шыққан соғыс ардагерлері Жағыпар, Апарғожа, Құсайын, Мұхамеджан, Ұзақ, Әлімжан, Көшімбай, Баймолда есімді аталарымыз қатысып, біразы ғана аман-есен елге оралды. Кейбірі хабар-ошарсыз кетті, көбісі ерлікпен қаза тапты.

Сол тұста ер-азамат түгел соғысқа аттанып, ұжымшар басқарған Қатипа апа өз қаржысын жинап, бір танкіге жетерлік елу мың сом ақшасын майданға аударғанын да айта кету керек. Ұлы Отан соғысына қатысқан ардагер аталарымыз бен тылда еңбек еткен апаларымыз кейінгі ұрпақтың санасында мәңгі сақталады. Елге, жерге, атамекенге деген олардың патриоттық сезімі, отансүйгіштік қасиеті біздер үшін қашанда үлгі.

Ақан БИЖАНОВ,

Философия, саясаттану және дінтану институтының директоры,

Алматы қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы