ЖЕҢІСКЕ - 75 ЖЫЛ: БАТЫР АТАҒЫ БҰЙЫРМАҒАН АЛАКӨЛДІК ҚОС БАҺАДҮР

Уақыты: 07.05.2020
Оқылды: 1401
Бөлім: РУХАНИЯТ

Қай заманда да «ақтаңдақтар» болған. Оның да ашылып, жария болар сәті туады. Мен соның айқын куәсі болғанымды өмірімнің бір жарқын кезіне балап отырмын. Жерлестерім екі-үш жылдан бері «Алакөл» энциклопедиясын шығаруға байланысты материал жинап жүргенімді жақсы біледі. Елдегісі бар, сырттағысы бар, бұл істің маңыздылығын жете түсінген жан-жақтағы азаматтар өзіндегі елге беймәлім ақпараттармен бөлісіп, толыққанды өңіріміздің шежіресін жазуға қолғабысын тигізіп жатыр.

Солардың бірі – Алакөлдің атымтайы атанған мәрт азамат Бауыржан Оспанов ауданға қатысты көптеген көмескі тақырыптардың іргесін көтерген бір топ құжатты, материалды, кітапты қолыма тиізген еді. Соларды қарап, оқып, парақтай отырып, ұлтжанды азамат Берік Әбдіғалиұлының Ресейдегі, Қазақстандағы архивтерден тапқан, алайда өзім ешқашан естімеген, оқымаған мына бір деректерді жерлестеріммен бөлісуді жөн көрдім.

Соғысқа 1 млн.400 мыңдай қазақстандық қатысқан. Солардың тең жартысы майданнан оралмады. Соғыс жылдарында біздің 497 отандасымыз Кеңес Одағының Батыры атағына ие болыпты. Олардың 280-і орыс, 96-ы қазақ, 86-ы украин, 45-і басқа ұлт өкілдері екен. Бірақ батыр атағына ұсынылып, бекітілмей қалған 133 майдангердің құжаты табылыпты, оның ішінде 2 алакөлдік азамат бар. Ендігі әңгіме майданда қаһармандық көрсетсе де батыр атағы бұйырмаған қос саңлақ жөнінде болмақ.

Соның бірі – Кеңес Одағының Батыры атағына екі рет ұсынылса да батырлық атақ берілмеген аға сержант Мінайқұл Сағындықов (ресми құжатта Сагиндыков Мнайкул). 

Мінайқұл Сағындықов – 1906 жылы дүниеге келген, аға сержант, Киевтік Қызыл Ту орденді Б.Хмельницкий атындағы 136-атқыштар дивизиясының 42-саперлік бөлімшесінің командирі, 1942 жылы Алакөл ауданынан әскерге шақырылған. Ақ айдынды Алакөлде өсіп, тағдырдың жазуымен алыстағы Янишуада жүріп, ерекше батылдық пен ерлік көрсетті. 1944 жылдың 1 тамызында ол толассыз жауған оққа қарамастан қайықпен қарсыластың лагері орналасқан жағаға бірінші болып жүзіп өтті. Бір түнде десантпен бірге өзеннің арғы жағасына жеті рет барып келді.

1944 жылғы тамыздың 2-сі мен 7-сі аралығында ол паромға басшылық жасады. Төрт күн ішінде аға сержант Сағындықов жаудың пулемет, миномет және артиллериядан атқан оғына қарамастан, паромға атқыштарды, қару-жарақтарды және артиллерияны орналастырып, өзен арқылы 42 рет арғы бетке өткізді. Осы күндердің бәрінде аға сержант Сағындықов әскери міндетін тыңғылықты орындап, дұшпаннан төнген  қауіп-қатерге және толассыз жауған оққа қарамастан жауынгерлік қызметте болды. Қаруластарын батыл әрекеттерге өзінің ерлік пен батырлық үлгісі арқылы жігерлендірді. Командалық тапсырмаларды үлгілі орындағаны және көрсеткен батылдық пен батырлығы үшін 1944 жылғы 8 тамызда аға сержант Мінайқұл Сағындықов Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылды. Ұсынысқа майор Подалка, полковник М.Мещеряков, генерал-майор Яманов қол қойса да, тек Қызыл Ту орденімен марапатталды.

Екінші рет М.Сағындықов батыр атағына 1945 жылдың 31 наурызында тағы да ұсынылды. Марапаттау парағынан: «1945 жылдың 27 наурызында Мертовая Висла өзенінен өту кезінде Сағындықов бөлімшенің командирі бола отырып, ерекше батырлық пен әскери зеректігін көрсетті. Сағындықов жау оғының астында қайық тауып, 6 жауынгермен бірге жау жағындағы жағаға қарай батыл түрде жүзе бастады. Сағындықовтың басшылығындағы біздің жауынгерлердің осындай батылдығын көрген жау жүзіп келе жатқан қайыққа қарай зеңбіректен, пулеметтен және артиллериядан оқ жаудырды. Сағындықов өзінің бар күш-жігерін салып, жау жағындағы өзен жағасына жетіп, жауынгерлерді қайықтан түсірді. Бір минутын жоғалтпай, жолдас Сағындықов өзеннің бергі жағасына қайта оралып, жауынгерлерді отырғызып, оларды да жағаға жеткізді. Бір сағаттың ішінде Сағындықов 7 рет ілгерінді-кейінді өтіп, 40-қа жуық жауынгерді Мертовая Висла өзенінің қарама-қарсы жағалауына жеткізді. Бұл жауынгерлер кейіннен жау плацдармын басып алып, полкке өзен арқылы өтуге мүмкіндік берді. Сағындықов басы мен аяғынан жараланғанына қарамастан жауынгерлері бар өз қайығын өзеннің жау орналасқан жағасына өткізуді жалғастырды. Аға сержант Мінайқұл Сағындықов Кеңес Одағының Батыры атағына лайық».

Құжатқа майор Подалка, полковник Трудолюбов, генерал-лейтенант Дратвин, генерал-майор Савков қол қойған.

Бұл жолы да М.Сағындықовқа батыр атағы бұйырмай, тек Қызыл Ту орденімен марапатталды. Сөйтіп, бұрын алған  Қызыл Жұлдыз (25.10.1943), Қызыл Ту (30.12.1943), ІІ дәрежелі Отан соғысы ордендерінің (31.07.1944) үстіне тек екі Қызыл Ту ордені ғана қосылды.

Екінші батырымыз – Мұқаметқали Ахметжанов (ресми құжатта Ахмеджанов Мухамет Гали).

1921 жылы туған, Алакөл аудандық комиссариатынан майданға аттанған, сержант, истребительге-танкіге қарсы 2-артиллеристік полктің көздеушісі.

1944 жылғы 4 шілдеде көзсіз ерлігі үшін Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылған. Жауынгерді марапаттау құжатына назар аударайық: «1944 жылы 30 мамырда Яссы қаласына дұшпандар жаяу әскер мен танкісі бар ірі күшпен авиацияның қатты қолдауымен шабуылға шықты. Үш бағыт бойынша жаяу әскері бар 80 танк, 40 бронетранспортер ұрысқа араласты. Жақындап келіп, жаудың жаяу әскерлері бронетранспортерлерден түсіп, танктердің атқылауына сүйеніп, шабуылға шықты. Көздеуші Ахметжанов өз зеңбірегімен дәл көздеп, ауыр танктерді өртеп, 30 фашистің көзін жойды. Снарядтың жарықшағы тиіп, жолдас Ахметжанов кеудесінен жараланды. Жарасын байлап, көп ұзамай қаруын қолға алды. Жаудың жаяу әскерлеріне қарсы дүркіретіп оқ атты. Ахметжановтың отты қаруынан жау әскері қаша жөнелді. Қашқан жұртта тағы да немістің 25 солдатының өлігі жатты. Снарядтың жарықшағы оның зеңбірегін істен шығарды. Сол жағынан фашистің танктері көрінді. Жаужүрек жауынгер еш қорықпастан ПТР-мен бірнеше рет дәл көздеп, тағы да танкті өртеп жіберді. Снаряд ПТР-дың оқпанын жұлып кетті. Сол кезде Ахметжанов өз автоматын алды да қарсыластың жаяу әскерін атқылады. Ол 80 немістің көзін жойды».

Алайда Жоғарғы Бас қолбасшыға ұсыныс жасалып, марапаттау қағазы жіберілсе де, Мұқаметқали Ахметжановқа да батыр атағы бұйырмай, 1944 жылы 11 шілдеде Қызыл Ту орденімен ғана  марапатталды.

Амал не, қос батырдың қан майданда жасаған ерліктері Жоғарғы Бас қолбасшылық тарапынан еленбей қалды. Өзекті өртер қандай өкініш десеңізші?! Батырлар жаудан елді азат ету үшін өз өмірлерін құрбандыққа шалуға даяр болды. Олардың батырлығын жақын туыстарынан басқа ешкімде білмеген шығар, кейінгі өмірлері де жұртқа белгісіз. Ұлы Абайдың «Жақсы болсаң, жарықты кім көрмейді?» дегеніндей, олардың ерлігін көзбен көріп, батырлығы алдында басын иіп, Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынған майдандағы командирлер ұсынысының өзін-ақ қазақтардың жауынгерлік қуатын мойындаған зор ерлік деп бағалауымыз керек.

Майданда керемет батырлық көрсетіп, көзге түскен баһадүрлердің ұмытылып кеткен есімін елге оралтып, олар туралы кеңірек мақала жазып, кейінгі тағдырлары туралы бейнебаян түсіріп, көшелерге есімін беріп, аруақтарын ардақтауымыз қажет. Бұл жөнінде Ұлы Жеңістің 75 жылдығы мерекесінің аясында өтетін шаралар ауқымында аудан әкімдігі мен қорғаныс бөлімдері тиісті жұмыс атқаратынына сенемін. Өйткені, қасиетті Алакөлден шығып, дарабоз Қабанбай батыр ұрпағы екенін майданда батырлығымен дәлелдеген Мінайқұл Сағындықов пен Мұқаметқали Ахметжанов есімі тәуелсіз елі барда, Алакөлдей жері барда ешқашан ұмытылмауы керек. Олардың ерлігі Шолпан жұлдыздай ел көгінде мәңгілік жарқырап тұрады.

Ахмет КЕНДІРБЕКҰЛЫ

Алакөл ауданы

Алматы облысы

Сурет ғаламтордан алынды