АУЫЛДАҒЫ КОЛЛЕДЖ СТУДЕНТТЕРІ ЕҢ СҰРАНЫСҚА ИЕ МАМАНДЫҚТЫ МЕҢГЕРУДЕ

Уақыты: 19.05.2020
Оқылды: 1123
Бөлім: РУХАНИЯТ

Әрбір жас үшін мамандық кілтін ашып, белгілі бір кәсіптің сырын меңгеру маңызды іс болып табылады. Бұл орайда Қарасай ауданына қарасты Шамалған ауылындағы Кәсіптік оқудағы көпсалалы колледжінің жастарға бағыт-бағдар беріп, өмірдің бір кетігіне кірпіш болып қалануына тигізіп жатқан үлесі мол. Мұнда уақыт талабына сай жұмысшы мамандар даярланып, еліміздің игілігі, жарқын болашағы жолында қызмет етуде.

Аталмыш білім шаңырағы 1965 жылы «Чемолган мемлекеттік кәсіптік-техникалық училищесі-2» болып құрылған еді. 2013 жылдан бастап Кәсіптік оқудағы көпсалалы колледж мәртебесін иеленді.

Оқу орнының негізін қалап, қалыптасуына мол еңбек сіңірген директорлардың қатарында Галиф Джаппаров, Черникович Иван Павлович, Төлеген Абукаримов, Тахир Ибрагимов, Геннадий Шпорн, Қанат Қатубаев, Берік Аманов, Жуфаркуль Чигамбаеваның есімдерін даралап айта аламыз. Бұл ізгі жолды колледждің бүгінгі директоры Гүлнара Такимова сәтті жалғап, студенттердің сапалы білім алып, мамандық сырын терең меңгеруіне мүмкіндік жасауда. Мұны колледждің білім беру үрдісінің уақыт талабына сай жаңарып, материалдық-техникалық базасының жылдан-жылға нығайып келе жатқандығынан байқауға болады.

Оқу орнындағы 32 жалпы білім беретін және арнайы пәндер кабинеттері, 2 мультимедиялық кабинеті, 3 компьютерлік сыныбы заманауи компьютерлік техникамен және 15 интерактивті тақтамен жабдықталған. Мұнымен қатар 7 оқу-өндірістік шеберханасы мен оқу алаңы, стадион, кітапхана, 200 орынды жатақхана, медициналық бөлімше және 120 орынды асхана студенттер игілігіне қызмет етуде. Білім алушылар күніне бip реттік тегін ыстық тамақпен қамтылған. Шәкіртақы да қарастырылған.

Білім ұясы бүгінге дейін 6738 түлекті түлетіп ұшырған. Қазіргі таңда 542 жас колледж қабырғасында мамандық сырын меңгеруде. Олар электр газымен дәнекерлеуші, аспаз, кондитер, сылақшы, бояушы, қаңқа қаптауыш құрастырылымдар құрастырушысы, құрылыс шебері, автокөліктердің электр құрылғыларын жөндеуші, автокөлік слесарі мамандығы бойынша білім алуда. Сондай-ақ, осы аталған мамандықтар бойынша 3 айлық ақылы курстар да бар.

Бүгінгі күні оқу орны өңірдегі жиырмадан астам мекеме, кәсіп-орындармен әлеуметтік серіктестік орнатып, келісімшарт негізінде студенттердің тәжірибесін бірге ұйымдастырып, жұмыспен қамтамасыз етуде. Көпсалалы колледждің техникалық мамандықтар бойынша негізгі әлеуметтік серіктестіктері: ШК «Хамле Компани ЛТД», «Toyoto tsusho Kazakhstan auto», «Даулет Серпин-603», «Қарасай құрылыс», «BAZIS-A» ЖШС-тері, ЖК «Ауесбаев», «Renault» автосалон, «Сұлтан», «KHAMA PARK», «Достық», «Бамбарбия Кергуду», «Шубарат», «Қарасай батыр» мейрамханалары, «Амир» кафесі,  «Форт» клубы және басқалар.

Колледжде 65 инженер-педагог білім беруде. Оның ішінде 15-і жоғарғы, 11-і бірінші, 19-ы екінші санатты оқытушылар.

Студенттер жыл сайын Кіші ғылым академиясына қатысып, жүлделі орындарға ие болуда. Атап айтар болсақ, колледж бойынша қатысқан 111 студенттің 9-ы аймақтық, 10-ы облыстық, 8-і республикалық, 7-еуі халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда топ жарды.

Колледж оқытушылары да педагогикалық байқауларға қатысып, жүлделі орындарды иеленуде. Облыстық білім басқармасы мен әдістемелік кабинетінің ұйымдастыруымен өткізілген «Ең үздік топ жетекшісі» байқауында М.Исова «Педагог-новатор» номинациясымен, «Жыл әдіскері» облыстық байқауында колледж әдіскері М.Найзаева ІІІ дәрежелі дипломмен марапатталды. «Ең үздік арнайы пән оқытушысы – 2018» облыстық байқауында «Тамақтандыруды ұйымдастыру» мамандығы бойынша арнайы пән оқытушысы А.Ерходжаева Гран-при жүлдесіне ие болды.

COVID-19 коронавирустық инфекциясының таралуына байланысты еліміздегі колледж және жоғары оқу орындары студенттерінің онлайн оқуға көшкендігі белгілі.

Осы ретте колледжде пандемия кезінде білім беру, оқу-тәрбие қызметін жүзеге асыру бойынша жұмыс жоспары құрылды. Қашықтан білім беру үрдісі негізінде оқу орны "Platonus" платформасын қолдануда. Бұл арқылы студенттер тапсырма алып, қашықтан оқытуды жүзеге асыруда. Колледждің 15 студенті отбасылық жағдайының төмендігіне орай оқуға қажетті компьютермен қамтамасыз етілді.

Қашықтан оқытуға көшуге байланысты онлайн-кеңестер жүргізіп, оқу процесіне қатысушыларға уақытында техникалық қолдау көрсету, тұрақты оқу-тәрбие процесінің ұйымдастырылуына мониторинг және бақылау жасау үшін педагогтар, білім алушылар және олардың ата-аналарымен байланыс жұмыстарын жүргізу үшін колледж әкімшілігі және шығармашылық топ мүшелерінен жұмыс тобы құрылды. 

Оқу үрдісін ұйымдастыруда әдістемелік қызметтің рөлі зор. Әдіскерлер инженер-педагогтардың жұмысын жоспарлайды, қызметін үйлестіреді, семинарлар, онлайн-конференциялар өткізу арқылы оқытушыларға үздіксіз білім берумен айналысады.

Қашықтан оқытудың оңтайлы жолдарын іздестіріп, оқытушыларға жан-жақты қолдау көрсету мақсатында ПЦК жетекшілері және шығармашылық топ мүшелерімен тығыз байланыста жұмыс жүргізілуде.

Күнделікті сабақтардың жүйелілігі, тиімділігі, қойылған мақсаттарына жету жолдары бойынша әдістемелік сүйемелдеу көрсетілуде. Студенттердің қызығушылығын ояту үшін ұтымды оқу материалдарын, тапсырмаларын жүктеу және кері байланысын қадағалау бойынша әкімшілік тарапынан да қолдау жасалуда.

Бейнесабақтарды әзірлеудің тиімді жолдарын көрсету мақсатында оны құруға арналған жадынама, бейнесабақтың құрылымы, презентацияларға қойылатын талаптар бойынша әдістемелік көмек ретінде жадынамалар дайындалған. Мұны  оқытушылар жұмыс барысында қолдануда.

Шығармашылық жұмыстың нәтижесінде бүгінгі күні 32 бейнесабақ түсірілді. Колледж сайтында 29 сабақ, облыстық әдістемелік кабинет сайтында 15 сабақ жүктелді. Алдағы уақытта да бейнесабақтар әзірленеді. Қашықтан оқыту технологияларын әдістемелік сүйемелдеу бойынша да жұмыс жалғасын табады.    

Студенттермен жұмыс, оларды тәрбиелеп, оқыту – күрделі іс. Ондағы мақсат – жастардың мамандық сырын меңгеріп, алдағы уақытта жұмыспен қамтылуына мүмкіндік жасау. Түлектер еңбек нарығында сұранысқа ие, белгілі бір мамандық бойынша қажетті теориялық білімі, іс-тәжірибелік дағдысы бар, бәсекеге қабілетті, білікті маман болып қалыптасып шықса ұстаздардың мақсат-міндетіне жеткені. Бұл ретте көпсалалы колледждің бағындырған биігі, жеткен жетістігіне көңіл тояттайды.

Еңлік БИССАРИЕВА,

«Кәсіптік оқудағы көпсалалы колледжі» МКҚК директорының оқу-тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары

Сурет - ғаламтордан