"АЗАЙЫП БАРАДЫ": АМАНДЫҚ БАТАЛОВ СОҒЫС АРДАГЕРЛЕРІНЕ ДЕНСАУЛЫҚ ТІЛЕДІ

Уақыты: 10.05.2020
Оқылды: 1391
Бөлім: РУХАНИЯТ

Қалыптасқан дәстүр бойынша Алматы облысының әкімі Амандық БАТАЛОВ Жеңістің 75 жылдығымен соғыс ардагерлерін құттықтап, Талдықорған қаласының тұрғындары, «Паравоз-апа» атанған Алтынай Есболатова мен Михаил Барановтың үйіне барды. Бұл туралы Алматы облысы әкімдігі мәлімдеді.

Алтынай Есболатоваға Амандық Баталов алдымен ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын оқып берді. Құттықтау хатта: «Сізді Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 75 жылдығымен шын жүректен құттықтаймын! Сіздердің адамзат тарихындағы ерен ерліктеріңіз бүгінгі бейбіт өмірімізге, жарқын болашағымызға жол ашты. Бұл ешқашан ұмытылмайды. Ардагерлеріміздің даңқты өмір жолы - Отанға қызмет етудің және патриотизмнің озық үлгісі, өскелең ұрпақ әрдайым өздеріңізге қарап бой түзейді. Сізге зор денсаулық, амандық және бақ-береке тілеймін», - делінген.

Мерекелік сыйлықтар тапсырған Амандық Баталов:

- Алматы облысында 64 соғыс ардагері бар, олардың қатары жылдан-жылға азайып барады. Олардың ең кішісінің жасы 95-ке келді. Біздің міндетіміз – оларға құрмет көрсетіп, қамқорлық жасау. Ауырмаңыз, апа, 100 жасаңыз, - деді.

Еске салсақ, Алтынай Есболатова 1923 жылы Ақсу ауданы, Матай стансысында туған. Ұлы Отан соғысының алғашқы жылдарында паравоз машинисінің жеделдетілген курсын бітіріп, өмірінің соңына дейін теміржол саласында еңбек етті. Жаудың бомбалағанына қарамастан поезды Германияға дейін жүргізіп барды, ал көптен күткен Жеңісті Франкфуртте қарсы алды. Алтынай апаның марапаттарының ішінде І дәрежелі Отан соғысы ордені, «Сталинградты қорғағаны үшін», «Қырымды азат еткені үшін», «Германияны жеңгені үшін» медальдары және басқа да марапаттары бар.

Мұнан кейін Амандық Баталов соғыс ардагері Михаил Барановты құттықтады. Ол 1941 жылы І дәрежелі Отан соғысы орденімен марапатталған.

Амандық Баталов Президенттің құттықтауын оқып беріп, Михаил Васильевичке өңірде шыққан Жетісу ардагерлері туралы кітапты көрсетті.

- Облыстағы барлық ардагерлер туралы мынадай кітап шығардық, оның ішінде сіз туралы да мақалалар бар, Михаил Васильевич. Сіздер туралы, сіздердің ерліктеріңіз жайлы естеліктер біздің жадымызда мәңгі сақталады. Сіздер – нағыз батырсыздар, жастарға үлгісіздер. Денсаулығыңыз мықты болсын, аман-сау 100 жасқа жетіңіз, саулығыңызды тілеймін, - деді облыс әкімі.

Өз кезегінде ардагер де алғысын білдірді. «Бұл бәріміз үшін керемет мереке. Құттықтап, құрмет көрсеткендеріңе рахмет айтамын», - деді 97 жастағы Михаил Баранов.

Атап өтсек, Алматы облысында 64 Ұлы Отан соғысының ардагері бар, оларға 1 миллион теңгеден материалдық көмек берілді.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"