"ЖЕР-ЖЕРДЕ ЖЕМІСТІ ЕҢБЕК ЕТУДЕ": ТАЛАЙ ШӘКІРТ ТҮЛЕТІП ҰШЫРҒАН ТӘЛІМГЕР

Уақыты: 27.05.2020
Оқылды: 1208
Бөлім: РУХАНИЯТ

Ұстаз болу оқушыға білім беріп қана қою емес, жүрек жылылығын, адамгершілік құндылығын шәкірт жанына сіңіре білу. Өйткені, мұғалімнің берген бар тәлім-тәрбиесі, асыл қасиеті оқушыларының бойынан көрінеді. Міне, сондай тәртіпті де үлгілі шәкірттерді тәрбиелеп жүрген ұстаздың бірі – Талдықорған қаласындағы мектепке дейінгі шағын орталығы бар №9 орта мектептің бастауыш сынып мұғалімі Айтжамал Серікбаева.

Ұлағатты ұстаз бүгінде Жаңартылған білім беру бағдарлама бойынша топтық және жекелей жұмыс жасауда. Оқушыларға терең білім берумен қатар адамгершілікке, үлкенді сыйлауға, шыншыл болуға тәрбиелеу, қазақтың дәстүрлерін құрметтеуге үйрету – ұстаздың басты парызы.

Өмір тәжірибесі көрсеткендей, білім негізі бастауыш сыныпта қаланады. Сондықтан бастауыш сынып мұғалімдері оқушыларды сауатты жазып, ойын ашық айта білуге баулиды. Балалардың оқуға деген құлшынысын арттыруға айрықша мән беріп, сабақты түрлендіріп өткізеді. Бұл ретте алдына жан салмайтын ұстаз түрлі шаралардың ұйытқысы болуда.

Мәселен, мектепте «Ертегілер әлемі, қуыршақтар театры» атты апталық болып өтті. Барлық бастауыш сыныптар өз өнерін көрсетті. Оқушылар «Шық бермес Шығайбай», «Алдар көсе мен бай баласы», «Әке мен бала», «Байлық пен ақыл» ертегілерін қойды. Бұл балаларға үлкен ой салғаны, адамгершілікке тәрбиелегені анық. Ұстаздың ұйытқы болуымен «Ана – өмірдің гүлі» тақырыбында ашық тәрбие сағаты өтті. Оқушылар аналарына ән-жырларын арнап, тақпақ оқып, құрмет көрсетті.

Бастауыш сынып бағбаны бүгінге дейін қаншама шәкіртті түлетіп ұшырды. Отыз бес жылдық еңбек өтілі бар Айтжамал Ажаубекқызынан білім, тәрбие алған ұл-қыздар бұл күнде жер-жерде жемісті еңбек етуде. Жас мамандарды педагогикалық өнердің қыр-сырына баулуда да өзіндік қолтаңбасын қалдырып жүрген ұстаздың әріптестеріне үйретері мол, жас ұрпаққа берер тәлімі зор.

Алма ТОПАНТАЙҚЫЗЫ

Алматы облысы