СОҒЫС ҚАРСАҢЫНДА-АҚ ҚАЗАҚ ДАЛАСЫ ҚАНДЫ ЛАГЕРЬГЕ АЙНАЛҒАН ЕДІ

Уақыты: 31.05.2020
Оқылды: 1437
Бөлім: РУХАНИЯТ

Айналасына мейірім танытып, мұқтаждарға қолындағысын бөліп беріп келген ауқатты қазақтардың малын тартып алып, өздерін итжеккенге айдатқан қужақ Голощекиннің екінің біріне «халық жауы» деген таңба соқтырған соқыр саясаты зиялы қауымды ту-талақай етті. 

Оның артында Сталиннің 1925 жылы 29 мамырда жазған: «Партия қатарына кірмеген барлық зиялыларды кеңестік жұмысқа салуды бүтіндей қолдаймын. Сондай-ақ, қырғыз-қайсақ мәдениетін дамытуға  рұқсат берілген олардың саяси және идеологиялық күреске қатысуына түбегейлі қарсымын. Мен партияға кірмеген зиялылардың жастарды саяси және идеологиялық тұрғыдан тәрбиелеуіне қарсылық танытамын», – деген хаты тұрды.

Мұртты басшының тапсырмасын іліп ала жөнелген жандайшаптар 1937-1938 жылдары Тұрар Рысқұлов, Ораз Жандосов, Нығмет Нұрмақов, Сұлтанбек Қожанов, Ораз Исаев, Темірбек Жүргенов сынды тұлғаларды «халық жауы» деген желеумен айыптаса, Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатов, Әлімхан Ермеков, Халел Досмұхамедұлы, Мұхаметжан Тынышпаев, Мағжан Жұмабаев, Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлин, Санжар Асфендияров, Жұмат Шанин, Қошке Кемеңгеров сияқты мәдениет пен ғылым қайраткерлерінің көзін сұраусыз жойды. Оларға тағылған айып ауылшаруашылығының тұралауына үлес қосу, 20-30-шы жылдардағы толқуларға қатысу, жапон тыңшылығын жүргізу, Қазақстанды Одақтан бөліп әкету секілді ақылға сыймайтын негізсіз іс-әрекеттер еді.

Шындығында, елдің малын тартып алып, аштықпен тұралатқан, ашынған халықтың толқуын күшпен басқан, кең-байтақ Ұлы Даланы бөлшектеп әкетуді көздеген кеңестік идеологияның басында большевиктер отырды. Оларға дем берген, айтқанын бұлжытпай орындаған өзіміздің шолақ белсенділер шаш алудың орнына бас алды, бір адамның орнына мың адамды мылтықтың ұңғысына байлатып, 9 грамм қорғасын оқпен үрей септі.

Мысалы, 1937 жылы тұтқынға алынғандардың саны 105 мың адамға жетсе, олардың 25 мыңы ешқандай тергеусіз, тексерусіз, «үштік» атанып кеткен жендеттердің  қолынан қаза тапты.

Бүтіндей бір ұлтты түп-тамырымен жойып, қырып жіберуді көздеген кеңестік идеологияның сойқаны көпке созылмады. Бірінің басын бірі жалмап, жендеттің көзін құзғын шоқыды. Көп ұзамай Екінші дүниежүзілік соғысты бастап кеткен фашистік Германияның КСРО шекарасына жасаған шабуылы халықтың бетке шығар ұландарына төнген қауіпті аздап сейілткендей болды. Себебі, «Бәрі де соғысқа!» деген ұранды жүргізетін жұмысшылар керек еді. Соғыс қарсаңында-ақ қазақ даласы қанды лагерьге айналып үлгерді.

Соған қарамастан кеңестік идеология ғылыммен айналысып, тарихи деректерді жаңғыртуды көздеген тарихшы Ермұхан Бекмахановты Кенесары ханның соғысын зерттегені үшін 25 жылға соттаса, Ахмет Жұбанов, Хажым Жұмалиев секілді музыканттарға саяси айып тақты. Тіпті, ҚазКСР Ұлттық ғылым академиясының президенті Қаныш Сәтпаев пен жазушы Мұхтар Әуезов саяси қуғынның кесірінен елден кетіп, жан сауғалауға мәжбүр болды.

Вагондармен Ұлы Далаға жер аударылған ұлыстарға ақсақалды қарттар мен ақжаулықты аналар қолындағы бір үзім нанын бөліп беріп, 800 мың неміс, 102 мың поляк, 19 мың кәріс отбасына төрден орын ұсынды. Солардың қатарында солтүстік Кавказдан шыққан 507 мың жан әрбір шаңырақтың мүшесіне айналды.

Осылайша 5 миллионнан астам адам жер аударылған сайын дала лагерьге айналып шыға келді. ГУЛАГ аталған 11 лагерьдің қатарында жұмыс істеген «АЛЖИР», Ақтөбе лагері, Гурьев лагері, Жезқазған лагері, Қарағанды лагері, Кемпірсай лагері, Майқайың лагері, Павлодар лагері секілді көпке белгілі еңбекпен түзеу мекемелерінде «халық жауларының» балалары мен әйелдері, бауырлары мен жақын-жуықтары қамалып, өлшеулі тамақпен қара жұмысқа жегілді. Мылтық даусынан әбден шошынған халық көрген азабы мен тартқан зардабын ұмытуға тырысып, өткенін айтудан тайсалды. Алайда зулаған жылдардың парағы жабылған сайын сананы сілкіндірген үрей ұмытылып, көмескілене берді.

Одан кейін 1986 жылы желтоқсан айында Алматының мұз құрсанған орталық алаңындағы жастардың қойған талабы күллі әлемнің назарын еріксіз аудартты. Сом темір мен сапер күрегінің соққысынан тайсалмаған желтоқсаншылардың батыл қадамы КСРО атты алып мемлекеттің құлауына апарды.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың арнайы Жарлығымен 31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні болып белгіленуі көпшіліктің жабыққан көңілін бір серпілтті.

Елімізде қалыптасқан бейбітшілік, тыныштық, тұрақтылық баянды болсын! Өткенге өкпе артсақ та, келешектен үміт басым. Жаратқан Алла Тағала Ұлы Даланың мұрагері – қазақ ұлтының ғұмырын мәңгілік етсін!

Алтай БАЙБОСЫНОВ

Текес ауылы,

Райымбек ауданы

Алматы облысы

Сурет ғаламтордан алынды