ҚАШЫҚТЫҚТАН ОҚЫТУ: КОЛЛЕДЖ БАСШЫЛАРЫМЕН ОНЛАЙН ЖИНАЛЫС ҰЙЫМДАСТЫРЫЛДЫ

Уақыты: 27.05.2020
Оқылды: 1139
Бөлім: РУХАНИЯТ

Елімізде орын алған коронавирустық инфекцияға орай білім алуды қашықтықтан оқытумен ғана шектелмей, сапалық тұрғыдан қолдауға бағытталған шаралар да жүзеге асуда. Осы орайда Алматы облыстық білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаменті тарапынан колледж басшыларымен кезекті отырыс бейнебайланыс арқылы ұйымдастырылды.

Онда колледждерде қашықтықтан оқыту барысындағы келелі мәселелер талқыланды. Бұл ретте қашықтықтан оқытудағы мәселенің өзектілігі, шешу жолдары, сапалы нәтижеге бағытталуы жайы жан-жақты қарастырылды. Қашықтан оқыту курсының жобасы шеңберіндегі мәселелер, контент түрлері, бақылау-өлшемдік құралдар, коммуникация сервистері және қорытынды аттестаттау науқанына дайындық жұмыстары талқыланды. Департамент тарапынан колледж басшылығы мен оқытушы қауымға ұсыныстар берілді.

Департамент жүргізген мониторинг нәтижесінде бірқатар колледждегі қашықтық үрдісінің едәуір оңтайлы ұйымдастырылғаны анықталды. Атап айтсақ, І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің колледжі, Талдықорған жоғары политехникалық колледжі, Алматы экономикалық колледжі, Алматы облысының қызмет көрсету және тамақтану саласындағы инновациялық технологиялар колледжі, Текелі кәсіптік колледжі, Талдықорған агротехникалық колледжі, Талдықорған сервис және технологиялар колледжі, Жаркент гуманитарлық-техникалық колледжі, Талғар агробизнес және менеджмент колледжі, Сарқан гуманитарлық колледжі, Қапшағай көпсалалы колледжі, Бақанас аграрлық-индустриалдық коледжі, Есік гуманитарлық-экономикалық колледжі, Талғар политехникалық колледжі сынды білім мекемелерін қашықтан оқыту бойынша әдістемелік орталық ретінде қарастыруға әбден болады.

Бейнебайланыс барысында қашықтықтан оқыту жағдайында білім алушымен кері байланыс орнатудың маңыздылығына, бейімдеп оқыту, жетістіктерді диагностикалау, бағалаудың жиынтық жүйесін жүргізу, ынталандыруды қажет ететін білім алушыны анықтау арқылы жұмысты жандандыру қажеттілігіне баса назар аударылды. Платформадағы журнал беттеріне баға қоры уақытылы енгізілсе, қашықтықтан дәріс алып жатқан білім алушымен орнатылған кері байланыстың өз дәрежесінде жүзеге асатыны айтылды.

Жиында 2019 жылғы 27 желтоқсанда қабылданған Қазақстан Республикасы «Педагог мәртебесі туралы» Заңына да баса назар аударылды. Ұстаздан Қазақстан Республикасының білім беру саласындағы заңнамасында көзделмеген есепті не ақпаратты талап етіп алдыру, педагогты кәсіптік міндеттерімен байланысты емес жұмыс түрлеріне тарту, мұғалімге тауарлар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алу бойынша міндетті жүктеу сынды заңбұзушылықтар Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 409-бап, 7-3 бөлігімен қарастырылған әкімшілік жауапкершілікті көздейтіндігі жеткізілді. Сонымен қатар, ҚР Білім және ғылым министрінің 2020 жылғы 6 сәуірдегі №130 «Техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының мұғалімдері толтыруға міндетті құжаттардың тізімі» бұйрығы күшіне еніп, педагогтардың есеп беруді азайту мәселесі де реттеліп келе жатқаны тілге тиек етілді. Аталмыш бұйрық негізінде кәсіптік және техникалық білім беру педагогтеріне 6 түрлі құжат, директор орынбасарларына 10 құжат нақтыланып белгіленді. Осы орайда кәсіптік-техникалық білім беру мекемелерінің басшылығы оқу саласындағы заңбұзушылықтарды болдырмау мақсатында жоспарлы түрде жұмыс жүргізуі тиіс.

Сәуле ҚАБИМОЛДАЕВА,

Алматы облыстық білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаментінің директоры