"АЛҒА ТАРТҚАН МОТОРДАЙ": ӘЙГІЛІ "ШОФЕРДІҢ ӘНІН" ЖАЗҒАН АВТОРМЕН СҰХБАТ

Уақыты: 05.06.2020
Оқылды: 1353
Бөлім: РУХАНИЯТ

Қазақ өнерінің ән әлемінде өзіндік әуезді әуен, әсем әндерімен тыңдарман жүрегінен жылы орын алып келе жатқан әнші әрі композитор Мұратбек Сарыбасовтың есімі елге кеңінен танымал. «Құлаққа кіріп бойды алар, әсем ән мен тәтті күй» дегендей, атқұмар ата-баба ұрпағының назары “темір тұлпарға” ауған тұста желіккен көңілге от беретін «Шофердің әнін» жарыққа шығарған талантты әнші Мұратбек Рахманқұлұлының бұл тамаша туындысы кең даланың төсіндегі барша тыңдарманның құлақ құрышын қандырғаны хақ.

Атаның қаны, ананың ақ сүтімен бойына дарыған өнерін өрістетуге бала кезден құмар болған. Мектеп қабырғасында жүрген шағынан-ақ сыныптастарымен бірге кез келген мәдени іс-шараның шырайын кіргізіп, бойына қан жүгіртуге даяр тұратын. Мал соңында жүретін әкесі Рахманқұл мен анасы Әдиша да «әу» дегенде алдарына жан салмайтын суырыпсалма ақындығымен, жезтаңдай әншілігімен ел ішіне танылған асыл жандар болған екен. Құрсағынан өнген жеті баланың да өнерден алшақ болмауы ата-ана көңіліне қуаныш ұялатқан. Соңынан ерген інісінің тынысын ашуда өнерге бейім бауырының ықпалы аз болмаған көрінеді. Әуезді ән жазумен таныла бастаған Оралбек ағасының тырнақалды «Наз» атты әнін кезінде  халқымыздың біртуар әншісі Мәдина Ералиеваның орындауы жас таланттарды тіптен қанаттандыра түскен.

Мұраты биік бала Мұратбектің 8-сынып оқып жүрген кезінде мектеп қабырғасынан алғаш рет вокалды-эстрадалық ансамбль құрып, өнер өрісін кеңейтуге батыл қадам жасағандығы да күні кешегідей көз алдына келеді. Оқумен қатар түрлі өнер байқауларына қатысуды дағдыға айналдырып, қиыны мен қызығы мол жолдағы ізденіс пен талпыныс болашақ әншінің мақсат-мұратына жетуіне жол ашады. Өнерпаздар арасындағы талай тартысты бәсекелерде бәсі жоғарылап, жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар боп танылады.

Талант иесі Мұратбек Рахманқұлұлы 1998 жылы Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясында «әнші, күйші, ұстаз» мамандығы бойынша әнші Бекболат Тілеуханның класынан тәлім алып шығады. Сөйтіп, екі жыл Ахмет Жұбанов атындағы музыка мектебінде ұстаздық етіп, шәкірттерін білім нәрімен сусындатады.

– Өнердің жолы – қиын жол. Оған тынымсыз ізденіс пен талпыныс керек. Әнсүйер қауымның көңілінен шығар деген үмітпен алғашқы «Кешіктің неге сен?», «Аяулы анашым», «Түнгі сыр» атты әндерімді жарыққа шығаруда Ұлықпан Жолдасовтың көп көмегі тиді, бірлесе еңбектендік. Мұның барлығы да лирикалық әндер болғандықтан, бірде заманауи, эстрадалық ән айтқым келетінін құлаққағыс еткен едім. Ұсынысымды аяқсыз қалдырмаған Ұлықпан маған «Шофердің әнін» айтуымды ұйғарды. Осылайша жаңа сарындағы ән өмірге кеп, шығармашылығыма тың серпіліс тудырды. Бұл әннің 3-ші шумағын өзім қосып жаздым. Тіпті, бұл темір тұлпар тізгіндеген сол кездегі шопырлардың гимніне айналғандай кең таралды, – дейді әнші Мұратбек Сарыбасов.

Көптің көңілінен шыққан бұл әнге 2003 жылы Көксу ауданы Жетіжал ауылында бейнебаян түсіріп, «Қазақстан» телеарнасынан кеңінен насихатталды. «Шофердің әнімен» танымал болған талант иесі кейін репертуарын өзінің «Қара жорға» әнімен толықтырды. Оның шығу тарихы да қызық. Себебі, ол Қытайдағы өнерпаз бауырлардың көмегімен туған «шетелдік» ән.

– 2008 жылы Қытайдың Үрімжі қаласына арнайы барып, ондағы «Жаңа әуен» деп аталатын музыкалық орталықтың жетекшісі Ербосын Нұрмұханмен ақылдаса отырып, «Қара жорға» әнінің заманауи өңдеуін Махмуд Рахымжан деген жігітке жаздырдым. Әнім көңілден шықты. Енді жаңа әнге бейнебаян түсіруді діттеп, Камалжанның қолдауымен ойыма алған оны да орындап, олжалы боп елге оралдым. Еңбегім зая кетпеді. Бірқатар телеарналарда көрсетіліп, концерттік бағдарламаларға қатыстым. Шығармашылығыма арналған он шақты жылдың ішінде қаншама ән жазылғанмен шоқтығы биігі «Шофердің әні» болса, екінші дем берген «Қара жорға» әні, – дейді әнші, сазгер Мұратбек Сарыбасов.

Қолынан қара домбырасын түсірмейтін әнші репертуарындағы дәстүрлі әндерден өзге, өзінің авторлығымен «Аяулы анашым», «Ойлан балам», «Жан жарым», «Бал бақытым», «Жасасын, қазақ елі», туған жер, тұратын мекеніне арнап «Ақсуат», «Кіндік қаным тамған жер», «Талғарым» атты 30-ға таяу эстрадалық әні дүниеге келіп, тыңдарман жүрегінен жылы орын алған. Сондай-ақ, халық әндерімен қатар ақын Қажытай Ілиясұлының сөзі мен әніне жазылған «Кешіктің» әнін шегіне жеткізе орындау шеберлігіне ел риза. Осылайша дара талантымен танылған Мұратбек Сарыбасов 2005 жылы Қазақстан Республикасының Композиторлар одағына мүшелікке қабылданды.

Екі мыңыншы жылдардың басында Тұздыбастау ауылынан үй салып, шаңырақ көтерген композитор біраз уақыт жұмыссыздықтың да қамытын кигендігін жасырмайды. Сөйте тұра, ауылдық өнердің өркендеуіне атсалысып, мәдени шаралардан қол үзбеген. Нәтижесінде, 2015 жылы Талғар аудандық мәдениет бөлімінің басшысы Фарида Бегенбаеваның алдынан өтіп, ауылдық Мәднеиет үйі жанындағы өнерпаздар сапына қосылды.

– Сол жылы облыстық байқауға қызу дайындықпен бардық. Ауданымыздың асығы алшысынан түсіп, бас жүлдені жеңіп алуымыз да абыройымызды арттырды. Байқау соңында Талдықорған қаласында өткен гала концертте «Жасасын, қазақ елі» әнімді танымал әншілер Набат Ойнарова, Ерлан Стамғазиев, Айнұр Жұмақадыр  және өзімнің қатысуыммен орындап шықтық. Концерт соңында талғарлық таланттарға бас жүлдемен қоса «УАЗ» автокөлігін сыйға тартты, – дейді өткенді ризашылықпен еске алған Мұратбек Рахманқұлұлы.

Бүгінде өзі тұратын Тұздыбастау ауылдық Мәдениет үйінің ісін ілгерілетіп, өнерпаздар өрісін кеңейтуге сүбелі үлес қосып келеді.

2017 жылдың қараша айында Алматы қаласындағы «Алатау» дәстүрлі өнер театрында  «Қазақтың қаражорғасы» атты шығармашылық ән кешін өткізіп, ол «Қазақстан» телеарнасынан көрсетілді. Сонымен қатар, «Аяулы анашым», «Дәстүрлі әндер жинағы» және «Қара жорға» атты СД форматындағы музыкалық шығармалары жарыққа шыққан. Талантты әнші әрі сазгер  М.Сарыбасовтың шығармалары Қазақ радиосының ән шерулер байқауы және басқа да облыстық, республикалық деңгейдегі ән байқаулардан жүлделі орындарды иеленіп келеді. Кезінде гастрольдік сапармен Түркия, Қытай, Моңғолия елдерін аралап, өнер көрсетуі талантты әншінің шоқтығын биіктетіп, өнер көгіндегі жұлдызын жарқырата түскендей. Соған лайық әр жылдары ие болған ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің, «Қазақ радиосы» ЖШС-нің Алғыс хаттары мен Алматы облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының Құрмет грамотасы, басқа да марапаттары тізіліп, өнер майталманының төккен тер, еткен еңбегінің жанғанын білдіреді.

Ұлбосын ИСАБЕК

Талғар ауданы

Алматы облысы