ҚАЗАҚ ХАНДЫҒЫНЫҢ 555 ЖЫЛДЫҒЫНА ОРАЙ ОНЛАЙН-ДӘРІС ҰЙЫМДАСТЫРЫЛДЫ

Уақыты: 05.06.2020
Оқылды: 1206
Бөлім: РУХАНИЯТ

Елімізде төтенше жағдай жарияланып, қашықтан жұмыс істеуге ауысқалы кітапханашылардың жұмысы да көбейе түсті. Қаламгерлермен онлайн кездесулер өткізіліп, оқырмандардың көңілінен шығатын талай игі шараға жол ашылды.

Осыған дейін «Талдықорған қаласының орталықтандырылған кітапханалар жүйесіне» қарасты қалалық орталық балалар кітапханасының ұйымдастыруымен "Фейсбук" әлеуметтік желі парақшасында бірталай кездесулер өтіп, кітап көрмелерінің таныстырылымы жасалды. Жуырда Қазақ хандығының 555 жылдығына орай, журналист, "Жетісу" газетінің тілшісі Қажет Андаспен онлайн дәріс өткізілді.

Кездесу барысында ең алдымен Қажет Андастың Қазақ хандығының 550 жылдығына орай Алматы облысының әкімі Амандық Баталовтың қолдауымен шыққан «Ұлы дала шежіресі» атты кітабы жайлы айтылды. Одан кейін автор Қазақ хандығының құрылуы, ондағы билік жылнамасы, әйгілі астаналар мен ерлік жорықтары және қазақ мемлекеттігі тарихындағы қазақ қыздарының рөлі туралы тың деректерімен бөлісті. Дәріс барысында оқырмандар тарапынан 58 сұрақ қойылып, 187 оң пікір жазылды. Жалпы, бір сағатқа созылған дәріс барысында екі мыңнан аса қаралым болды.

Қазақ хандығының тарихы осы бір сағаттық дәріспен бітпесі анық. Оқырмандардың талабы бойынша бұл дәрісті алдағы уақытта да жалғастырмақ ниеттеміз.

Фарида ЖАҚЫПОВА,

Талдықорған қалалық орталық балалар кітапханасының бөлім меңгерушісі

Сурет - ғаламтордан