"ИМАНДЫ ЕР ҚҰДАЙЫНАН ҰЯЛАДЫ": ЫБЫРАЙ АЛТЫНСАРИН ЖАЗЫП КЕТКЕН ҚҰНДЫ СӨЗДЕР

Уақыты: 13.06.2020
Оқылды: 2058
Бөлім: РУХАНИЯТ

«Дала қоңырауы» атанған Ыбырай Алтынсарин елу жылға жетер-жетпес ғұмырында бүтіндей бір ұлттың ұстазы боларлық еңбек етіп, мектептер ашып, тіл үйретіп, қараңғы аспанда жарқ еткен найзағайдың жасынындай әр қазақтың қапас кеудесін нұрға бөлеу жолында саналы өмірін сарп етті. Ұлтқа ұстаз болғанының айқын дәлелі – кешегі кеңестік кезеңде күллі мектептің маңдайшасында Ыбырай атамыздың: «Кел, балалар, оқылық» деген қарапайым ғана, бірақ құны алтыннан да қымбат бірауыз сөзі ілініп тұрды. Әлі күнге дейін осы сөзді оқығанда құлағыма бірден сыңғырлаған күміс қоңыраудың үні келеді. Бәлкім, «Дала қоңырауы» атануының да сыры осында болса керек. Ақындық дарынын ұстаздықпен ұштастырған Ыбырай дананың да соңында жауһар жырлары қалды. Сөз қадіріне ерекше көңіл бөлген қазақ ұлысы үшін «Дала қоңырауының» мұрасы сарқылмас қазына. Алтынсары баласының ұрпағым ұлағатты болсын деп қалдырған ғибратты сөздерін сары алтындай сақтап, сандықтың түбіне салып қойғаннан ұтылмасақ, ұтпасымыз анық. Ендеше сыр сандықты ашып, жүйелі сөзден нәр алып, рухани шөлімізді басып, тағылымды ойдан тәлім алайық.

Шаш өсіру үлгісі мен сақалы қазаққа аса ұқсай қоймайтын Ыбырай дананың суретіне қараған кез келген бала бірден «ата» деп қабылдайды. Бірақ, қырық сегіз-ақ жыл ғұмыр кешкен даланың дара перзенті ақыл-ой кемелдігімен егде көрінсе керек. Әр сөзі қорғасындай салмақты, алтыннан да ардақты. Ендігі жерде сол аманат сөзді оқып қана қоймай, санамызға тоқып, өмірімізде кәдемізге жарата білсек, әр жолы адамдық болмысымызды адалдықпен қалыптастырып, ақиқатты ту көтеруге шақырады. Жалқаулықтың жалауын жығып, еңбекпен тапқан бір үзім нанның тәтті дәмін сезінуге үйретеді. Кісіге телміргенше ісіңе дұрыс қара дейді.

Араз бол кедей болсаң ұрлықпенен,
Кете бар кессе басың шындықпенен.
Қорек тап бейнеттен де тәңірің жәрдем,
Телмірме бір адамға мұңлықпенен.

Бүгінгі біздің күн кешіп отырған уақытымыз ұры-қарысы көп заман екені жасырын емес. Алдау, арбау, үй тонау, адам тонау, мал ұрлау сынды тізе берсек, бейнеттеніп қорек тауып, таңғы нәсіпті тәңірден тілеудің орнына, оңай олжа қуып, сауық-сайран құрып, жеңіл жолмен салтанат құрғысы келетіндер аз емес. Қолға түскен ұры-қарының сылтауы – жұмыссыздық, жоқшылық, кедейліктің салдарынан ұрлыққа амалсыздан барғанын алдыға тартып, ақтала бастайды.

Ыбырай атасынан тәлім алса, кедейлік ыңыршағын шығарып тұрса да ұрлықпен араз болар еді, амал қанша? Басқаға қиянат жасап немесе қолында бардың жолына телміріп күн кешкеннен, басыңды кесем десе де ақиқаттың алдында қасқайып тұрып, шындықтан аттамай адал еңбекпен сүрген өмірдің мәнді екенін ескертеді. Сыңаржақ қараудан аулақпыз. Бірде бар, бірде жоқ, бірде аш, бірде тоқ жүрсе де  жаратқан Иесінен үміт үзбей, бүгінін қиындықпен өткізсе, ертеңіне сеніммен қарайтын шүкіршіл жандар да жоқ емес.

Адамға бір өзіңдей көзің сүзбе,
Бір әділ қазынасы кең патшаңды ізде.
Қорексіз еш пендесін қалдырмайды,
Жаратқан бір тәңіріңнен күдер үзбе.

Жалпы, бабалар мұрасына зер салсаңыз бағзы заманнан бері айтып келе жатқаны – ең әуелі жаратқан Құдайыңды танып, соған бойұсыну ғой. «Адамға бір өзіндей көзін сүзу» деген не? Әрине, өзін қор, өзгені зор санап, соның алдында құрдай жорғалап, құдайдай көріп, құлдық ұру емес пе? Ұлылар үндестігі деген осы шығар. Ыбырай бабамыз: «Бір әділ қазынасы кең патшаңды ізде», – десе, Абай дана: «Патша құдай, сыйындым, тура баста өзіңе», – дейді. Қос кемеңгердің де ойы: «Күніне тоқсан түрлі пәле жаусын, сонда да күдер үзбе бір Алладан», – деген бабалар сөзімен ұштасып жатыр. Бұдан көңілге түйетініміз – пенде өзінің жалқаулығынан, еріншектігінен, оспадарлығынан, ар-имансыздығынан өзіне кесел әкелмесе, махаббатпен жаратқан Жаппар иеміз жаратқан пендесінің бірін данышпан, бірін надан қылып алалап отырмағаны ақиқат.

Адам болу да, надан болу да пенде баласының өз қолында. Себебі, Ұлы Раббымыз адамзатты басқа жаратылыстан ерекшелеп ақыл берді. Сол ақылды бұрыс пайдалану арқылы баукеспе ұры, қаныпезер қарақшы  атануға да, дұрыс пайдаланып, кемел ойлы данышпан болуға да, мүлдем іске асырмай жалқау, арамтамаққа айналып, нәтижесінде тілемсектің күйін кешіп кетуіңе де болады.

Әсілі, байлық дегенге – өріс толы мал, зәулім үй, қымбат көлік, көп ақша сияқты өлшеммен қарайтынымыз рас. Өткендер өмірінен өнеге алып, байлықтың бір жұттық екенін ескерсек, төскейге толған төрт түліктің де, жиһазға толы шаңырағың мен шаңдатып жүрген көлігіңнің де, судай сапырған ақшаның да құны болмай қалатынын ұғына қояр едік. Ыбырай атамның жауһар сөзіне жүгінсек осылай дейді.

Мақтанба бақыттымын деп бағыңызға,
Қартаймақ қиын сауда тағыңызда.
Іске аспай бақ-дәулеттің қалуы оңай,
Басыңнан бағың тайған шағыңызда.

Құдайдың нәсіп еткен бақ-дәулетіне салқынқандылықпен қарап, нұрлы ақылмен таразылайтын болсақ, байлықтың рахатын мына дүниеде ғана емес, тіршілікте жоқ-жітікке бөліп беріп, жасаған қайырымдылығыңыз арқылы ақыретіңізде де көре аласыз. Қарынбайдай тойғаныңызды ұмытып, қанағатсыздықпен күніңіз өтсе, Қарабайдай не өзің қызығын көрмей, не өзгеге татырмай шөп қорыған иттің тірлігін кешсеңіз, Шығайбайдай шымшып жесеңіз жер қайысып, көздің жауын алған байлықтан не қайыр?! Барыңды көппен бөлісіп, қыран құстай шашып жеу – атымтайлық белгісі. Өзге түгілі өзіңнен аяп, жапалақтай басып жеу – сараңдықтың белгісі.

Қу дүниені жастанып, мал дүниеге мастанып жүргенде бір кезде тауып қонған бақтың  басқаға ауып, ұшып кетуі де оңай. Алтынсарының ұлы қалдырған ұлағаттан сыр ұқсақ, бастан бағың тайғанда сонша жиып, соншалық жақсы көрген бақ-дәулеттің іске аспай, мына дүниеде мазағыңа, ақыретте азабыңа айналуы мүмкін. Мал-дәулеттің қызығы көптігімен емес, көппен бөлісумен қайырлы. Құдай да бергенге береді. «Өзі болған Құдайын танымастың» керін келтіріп, өзім-өзім дей берсең қу дүниеге көзің тоймай өтетіні шындық. Түсінген адамға дәл осы бір ғана шумақ сараңдықтың зияны мен жомарттықтың пайдасын таразылап беріп тұр. «Дала қоңырауының» сөз мұрасынан дүниемен өлшенетін тән байлығынан гөрі, ақыл-парасатпен пайымдалатын жан байлығының қадірі биік екенін аңғару қиын емес. Саралай білетін сана болса, әрине.

Мақтанба сұлумын деп ажарыңа,
Ажарсыз адамдарды ал назарыңа.
Жүсіп пен Злихадай сұлу өткен,
Тұрмаған ажар ара ажалына.

Адам баласы шеберлігі шексіз Алла тағаланың ең көркем, ең нәзік, ең күрделі қолтаңбасы екенін ескерсек, әр адам өзінше әдемі. Біреуге көріксіз көрінетін жанның енді бір адамға  айдай нұрлы, күндей шуақты әсер қалдыратыны анық. Бұл жерде Ләйліге Мәжнүннің көзімен қарайтын махаббаттағы көзқарасын ғана емес, жалпы адам баласының жаратылыс әлеміндегі әдемілікті айтып отырмын. «Қарға баласын сүйеді аппағым деп, кірпі баласын сүйеді жұмсағым деп». Шебер Алланың өзі кейбір адамды мына дүниеге кемшін келтіріп жатады.

Мұны Алладан мін іздеу деп түсініп қалмаңыз. Мына жарық дүние сынақ әлемі болғандықтан біз ажарымызбен де сыналамыз. Болмысында кемдік байқалғанымен ақылының кемелдігі кейде мұндай адамды ай десе аузы, күн десе көзі бар көрікті адамнан да ажарлы етіп көрсетіп қояды. Жаратқанның шеберлігі осы болса керек. Яғни, адам баласы ажарымен ғана емес, ақылымен де сұлу көріне алады. Сырт келбеттің сұлулығы мен жан дүниенің тазалығынан бұрынғылар айтқан «ақылына көркі сай» деген тұжырым шығады. Дегенмен, сондай сұлу болсаң да  ажарыңа мақтанба дейді Ыбырай ұстаз. Өз сұлулығыңның қадірін білу үшін айналаңда ажарсыз адамдардың да кездесетінін ұмытпауды меңзейді. Ауру адамның қасында денсаулық туралы, кедей адамның қасында байлық туралы айтуға болмайтыны сияқты, Ыбырай дананың өлеңінен ажарсыз адамдардың алдында сұлулық туралы сөз қозғамау керектігін аңғарамыз.

Қазіргі қоғамда Алла берген ажарына көңілі толмай жасанды жолмен тәнін сұлулап жатқандар аз емес. Жас кездегі уақытша ләззаттың қартайғанда кездесетін айықпас азаптың басы екенін біле ме екен сол бейбақтар?! Он екі мүшеміз Алланың адам баласына берген аманаты екенін ескерсек, жұлынған қасымыздан бастап, бақайымызға дейін қалай пайдаланғанымыз жайлы жауап береміз Құдай тағаланың алдында. Жаратқанның жаратқанын місе тұтпай, сан түрлі жолмен қолдан жасалған сұлулықтың зиянын сол кезде тартамыз. Қаншалықты ажарлы болғанымызбен ажалдың алдында соншалық дәрменсіз екенімізді айтып отыр «Дала қоңырауы». Қасиетті Құран кәрімде «Жүсіп» деген сүре бар. Бұл Алланың кітабына есімі енген жиырма бес пайғамбардың бірі Жүсіп пайғамбардың атымен аталады. Сол сүреде Жүсіп пайғамбардың сұлулығы жайлы қисса баяндалады. Танымы бөлек, білімі терең Ыбырай атамыз көрген жанның көз жауын алатын сұлулық пайғамбардың да басынан өтетінін, ажалың жетсе ажарың араша тұра алмайтынын айту арқылы, барымызға шүкірлік етуді санамызға салады.

«Дала қоңырауының» тағы бір тағылымды сөзіне зер салайық.

Иманды ер Құдайынан ұялады,
Ұялып иесінен сый алады.
Ренжітпе адам болсаң бейшараны,
Ғаріп көңілі бір сынған пиала-ды.

Құдайдан ұялғаннан құнды ештеңе жоқ-ау адам баласы үшін. Ыбырай дананың кемеңгерлігі ғой – адам мен Алланың арасындағы байланыстың жемісін екі-ақ жолға сыйғызып жіберген. Құдайдан ұялу дегеніміз бір сөзбен айтқанда – жаратушы Иемізге бойұсыну. Ал Алласына бойсұнған пенденің Иесінен бұл дүниеде де,  ақыретте де сый алатыны ақиқат.

Соңғы екі жолдағы адамның көңілін қалдырмау да адамдықтың асқан үлгісі болса керек. Бұрыннан жеткен: «Қалған көңіл, шыққан жан» деген сөз бар. Шыққан жанның денеңе қайтып оралмайтыны сияқты, сынған пиаланың да құралмайтыны хақ. Ендеше адам көңілі де сондай құнды екен. Ағашқа шегені қағып, қайта суырып алғаныңмен орны қалатыны сияқты, бір адамды ренжітіп, артынан көңілін тапқаныңмен жүректе сызы қалады.

Мұсылман әлемінде екінші халифат болған хазіреті Омар: «Адам көңілін қалдыру, Қағбаны құлатқаннан да жаман», – деген. Қағба ислам дінінің қасиетті орны, мұсылман жұртының бет түзер бағыты. Адам көңілін қалдыру осы қасиетті орынды қиратқаннан да жаман болса, ойланып көрейікші, біз күніне, айына, жылына қанша рет Қағбаны қиратып жатырмыз?!

Алтынсары баласы Ыбырай атамыздың қалдырған тағылымды мұрасының бір мысқалынан осындай ой түйдік. Бәлкім, сіз бұдан да терең ұғынып, бұдан да мағыналы ой түйген шығарсыз? Өзіміз ғана біліп қоймай, өзгеге де айта жүрейік. Біз ғибрат алсын деп қалдырған аманат сөз ғой!

Жұматай ӘМІРЕЕВ

Сурет - ғаламтордан