"ЖАНАРЫМДАҒЫ ЖАРҚЫЛ ЕҢ": ЖАҢЫЛ ҚЫЗДЫҢ ЖЫРЛАРЫНА ШОЛУ

Уақыты: 21.06.2020
Оқылды: 1971
Бөлім: РУХАНИЯТ

Ақын Жаңылхан Мамежанқызының есімі жұртшылыққа кеңінен таныс. «Қазақстан» телеарнасынан эфирге шығып жатқан маңызды жобалардың авторы, атқарушы продюсер, сценарист ретінде көпке мәлім оның жұмыстары өз бағасын алып, руханият әлемінде айшықты қолтаңбасымен ерекшеленген. Одан бөлек, оқырман қауым Жаңылханды «Қазақ әдебиеті» газеті мен әлеуметтік желілерде жарық көріп жүрген өлеңдері арқылы ақын ретінде жақ­сы таниды.

Сонау 1988 жылы өмірі ақиқат пен аңызға толы, талантты ақын Мұқатай Жылқайдарұлы он сегіз жастағы бойжеткен Жаңылханға ақжол тілеп, «сәт сапар» лебізін білдіріп, батасын берген болатын. Сол жылдары Кеген аудандық «Коммунизм нұры» газетінде редактор болып істеп жүрген бала ақын, бүгінгі дара ақын Кәдірбек Құныпияұлы қолдаушылық танытып, газетке тырнақалды жырларын жариялап, дем бергені қалай ұмытылсын?!

Оның артынша халқымыздың қарымды қаламгері Ғафу Қайырбеков республикалық жас ақын-жазушылар конференциясында Жаңылханның аяқ алысына қарап отырып, аса бір ризалықпен ақ бата берсе, сол тұстағы жас ақын, бүгінгі таңда Қазақстан Жазушылар одағының басқарма төрағасы Ұлықбек Есдәулет әдебиетке енді бет түзеген ақын қызға өз қолымен қолдау хат жазып берген еді.

Содан бері біраз заман өтті. «Ақырын жүріп анық басқан» Жаңылхан Мәмежанқызы 1988 жылы «Сезім тамшылары» жинағын, 2008 жылы «Көңіл тағдыры» атты кітабын оқырманға ұсынып, әр он жылда бір рет болса да өзінің бар екенін білдіріп келіпті.

Игіліктің ерте-кеші жоқ деп, 2018 жылы жарық көрген «Жанарымдағы жарқыл ең» атты жинағы арқылы ешкімнен кем қалып, кешігіп жүрмегенін көрсетті. Қайта осы жылдар барысы оның сабырлы, салмақты, алысқа жүгірер бәйге атындай бабына келгенін байқатты.

«Жанарымдағы жарқыл ең» жыр жинағында қамтылған тақырып, айтылған ойлар едәуір. Оның бәрін бір-бірлеп сараптап отырмасақ та, «Теңіздің дәмі тамшыдан» деп, назарымызға ілінген бірнеше өлеңге тоқталып өткенді жөн көріп отырмын. Кітапта «Қорлан мен Естай туралы 7 өлең» деген цикль сап құрапты.

Бұл желілес топтамада автор бір сәт Қорлан тарапынан, бір сәт Естай тарапынан ой айтып, адам жанының қалтарыс-бұлтарысын, ішкі құпиясын ақын көзімен тінтіп, ақ қағаз бетіне бедерлепті. Аңызға айналған ғашықтар әлемін қаншалаған ақын жырға қосса да тауыса алған жоқ. Қосыла алмай кеткен қос ғашық өмірдегі жолын өздерінше жалғастырса да, олардың жүрек түкпіріндегі кіршіксіз сезімі мен айнымас анты сол күйі сақталып, саусағындағы жүзік болып о дүниеге бірге аттаныпты.

Шыңғыс Айтматов пен биші Бүбісараның махаббаты туралы баяндалатын хикаятта, Айтматов өздерінің қосыла алмағанын айтып, өкінішін білдіргенде, Бүбісара сұлу: «Мен махаббатты некеге айырбастағым келмейді» деп түйіндейтін тұсы бар еді («Құз басындағы аңшының зары»). Махаббат деген некеге, отбасы болуға байланысты емес екенін тәжірибелі тарландарымыз әлдеқашан жазып кетіпті. Мынау Естай мен Қорланның өмірі де соны аңғартып тұрғандай. Осылай еншісіне тиген мәңгілік тақырыпты Жаңылхан да қабылдаған қалпымен, ақындық көзаясымен кестелеп, оқырманына ұсыныпты.

Қорлан Естайды іздеп келіп «жолаушыға» жолығады. Өзін жолаушымын деген адаммен арада болған диалогтан жыр моншақтары тамшылайды. Осылайша жиырма бір жыл аңсадым деп Қорлан жағынан жырланады.

Бірінші өлең «Кездесу» деп аталыпты:

– Сізге кім керек?
– Естайды іздеп жүрмін.
– Хакім бе?
– Жоқ-жоқ, Ол – ақын...
– Ааа, ақын ба?
Отыр әне жыр жазып,
Ақынға тән мінезімен 
                               қызбалық.
Хор қыздарын көзге ілмейді.
Қорлан дейді сүйгенім.
Жанарыңа қараймын да,
Жанын көрем ақынның,
Бірақ, саған жетпей қалған 
                          батылдық.

Жаңағы «жолаушы» болып тіл қатқан жаниесі бар шындықты Қорланның көзінен оқып біледі. Естайдың сағынышына, аңсаған арманына тәнті болып, «Хор қыздарын көзге ілмейді» дегеніне қарап, ғашықтығын аңғарасың. Демек, шын махаббат сонау жиырма жылдан бері жалғасып, үзілмейтін арқан секілді созылып жатыр. Өлеңнің соңында:

Жиырма бір жыл неткен 
                        қимас, тәтті едің,
Тәубесінен толып жатқан 
                                       «әттеңі»...
Жиырма бір жыл жиырма 
                                   жастың елесі, 
Жиырма бір жыл жазылмаған
                                      дәттерім,
– деген жолдарды оқыған соң Қорланның нар тәуекелмен сонша уақыт өткен соң Естайды іздеп келгені көз алдымызға келеді. Алайда қызға тән нәзіктікпен, салтымызға тән салмақтылықпен кері қайтқаны айқындалады. Кезінде батыл қадамға бармағаны үшін, тәуекел етіп тас жұтпағаны үшін өкінеді. Сонда да «қырық бірдің» қызуы басылмаған қымбатты дәурені көз алдымыздан өтеді. Міне, бұл жұмақтағы іздеу емес, тірліктегі сағыныш.

Жиырма бір жыл... Енді біраз
                                        тербелем,
Сезімімді жасырып еш көрмеп ем.
Жиырма жасым мен өзіңді 
                                     кешпеймін,
Жан дауасын дер кезінде көрмегем,
Мен сол үшін сенделем...
Енді қалай емделем?..

Ақын Жаңылхан махаббат үшін Естайды атқа мінгізіп Қорланға келтірмейді, керісінше Қорланды сапарға шығарып, «жырадан сығалатып» жыр жазып отырған Естайды қызықтайды. Не деген мөлдір мұң, тұнық қайғы десеңші?!

Кітаптағы «Киіктің көз жасы» деген өлең күллі адамзаттың парасатты ойына жетелейді.

Бір тамшы жас жанарыңнан 
                              төгілген, 
Мына жұртым нені ұққан,    
                                            не білген?
Асыл киік, айналайын ақ киік,
Сенде қорқып тұрсың ба сұм
                                            өлімнен?
Сен аман бол, сенсіз дала бос қалар,
Құралайдың жанарынан жас 
                                                   тамар.
Сен аман бол сеніміңді сындырма,
Құрып кетсін құртқыш болған 
                                          басқалар.

Ақиқатына үңілсек, бәріміз Жер  шарының төл перзентіміз. Себебі, біздің тәніміз жердің топырағынан жаралған. Күллі өсімдік-дақылдар жерден қуат алып өсіп, жайқалып тұр. Жан-жануар хайуанаттар әлемі жердің нәрлі суын  ішіп, жердің жасыл құрағын жеп өмір сүріп өркендеуде. Бәріміз тамырлас, тағдырласпыз. Сондықтан да ақын жаны, ақын қаламы табиғат дүниесінен, бізді қоршаған экологиядан алыс емес. Жыр жолдарының адамзаттың ортақ үйі жер бесігімізді аялап, аң біткенді қорғап шыр-шыр етіп отырғаны содан. Ақын қаламына «Құралай жанарындағы жастың» арқау болмауы мүмкін емес. Мейлі кім болса да өлімді мойындайды. Өлімнен қашып құтыла алмайды  әрі өлім атты тағдырға қарсы келуге жоқ. Алайда, адам қолынан жасалатын, жыртқыш пиғылдан туындайтын мезгілсіз мерт болуға келсек, айтар әңгіме бөлек. Ақын жүрегі зұлымдыққа, жауыздыққа қарсы.

Тағы бір өрнекті өлең  «Болмыс» деген атпен кітап бетінен орын алыпты.

Көргенім де көп менің, көрмегім де,
Ұлтын сүю – ұққаным жөргегімнен.
Отырғаным жоқ рас төрге күнде,
Кемшілігім аз емес, пендемін мен.
Біреулердің бір кезде айтқан әнін,
Мен де өзімше қайырып, 
                                       қайталадым.
Біліп-көріп, бір күліп-бір түйіліп,
Бір кездері мен бәлкім жай табамын.

«Батыр ақын болмаса мін емес. Ақын батыр  болмаса көрген күні күн емес» деген дана сөз бар екен. Алла батырға күш беріп, тіл (сөз) бермегені кемшілік саналмайды. Ал ақында көркем сөз болып ерлік-жігер кем болса, олқылық екені анық. «Өлең деген тумайды жайшылықта, Өлең деген тулайды қайшылықта» деп Мұқағали жырлағандай, Жаңылхан ақынның «Көргенім де көп менің, көрмегім де, Ұлтын сүю – ұққаным жөргегімде» деп  айтып салмай бөгелуі  мүмкін емес.

Қарапайымдылықтан тереңдік, аз сөзден көп мәнділік, іріктелген тұжырымдар арқылы ішкі көркемдікті құлпырта білген өлеңдерді Жаңылхан поэзиясынан молынан табуға болады. Ендеше, «Өтіп бір жатқан өмір-ай!..» деген өлеңін толығымен оқып шығайық.

Біреулер өсіп, біреулер өшіп,
Біреулер үнсіз, біреулер бөсіп.
Біреулер келіп, біреулер кетіп,
Біреулер іздеп, біреулер зекіп.
Біреулер құлап, біреулер тұрып,
Біреулер жылап, біреулер күліп.
Біреулер бастап, біреулер еріп,
Біреулер мықты, біреулер кемік.
Өтіп бір жатқан өмір-ай!..
Біреулер арзан, біреулер қымбат,
Біреулер ашық, біреулер жұмбақ.
Біреулер терең, біреулер таяз,
Біреулер ыстық, біреулер аяз.
Біреулер кедей, біреулер мырза,
Біреулер тоймай, біреулер ырза. 
Біреулер жалмап, біреулер көніп,
Біреулер алдап, біреулер сеніп.
Өтіп бір жатқан өмір-ай!..

Бұл өлеңді «Өмір суреті» деуге де болар еді. Тұтас адамзат баласының саналы, санасыз ғұмыры осы 16 жолға сыйып тұр, екі мәрте қайталанған «Өтіп бір жатқан өмір-ай» сол көш керуенінің қорытындысы немесе тоқетер түйіні.

Жазушылар әр жолын өзек ете отырып бірден роман жазар болса, он алты роман туады деген сөз. «Өсудің» жолы екеу, бірі қолтықтап көтермелеу, енді бірі еңбегімен табандылық танытып ілгерлеу. «Өшудің» жолы да екеу, бірі қастандықпен, қызғанышпен су құйып таптап өшіру де, енді бірі дәуірі аяқтап, мезгілі жетіп заңды түрде өшу. «Үнсіздік» шарасыздықпен аузын жауып тілін тістеп қалу және имандылықпен нәпсіні тыйып тілін бағып қалу. «Бөсу» мақтаншақтық, еліріп-есу, ғайбаттың көрігін қыздыру. «Келу» өмірге еніп туу немесе таққа қонып мәртебеге жету. «Кету» қайтыс болу әлде бастан дәурені өтіп бағы қайту. «Іздеу» қадірлі, сыйлы, инабатты болып жұрттың қажетіне жарау, «Зеку» сүйкімі кетіп, сүтке тиген күшіктей бейшаралану әлде қорғансыздықтан көзтүрткі болып шеттетілу. Құлау мен тұру, жылау мен күлу. Бастау мен еру, мықты мен кемікте сол секілді қарама-қарсылықтан тұратын өмір философиясы. Әр сөздің екі ұшы бар, үңіліп қарап зерделесең әр сөз қос астарлы. Пенде шіркін ешқайда қашып құтыла алмай сол екі өлшемнің біріне дөп түседі.

Екінші шумақтағы арзан-қымбат, ашық-жұмбақ, терең-таяз, ыстық-аяз, кедей-мырза, тоймай- ырза, жалмап-көніп, алдап-сеніп тіркестерінде кең мағынада талдап шығуға болады. Әр сөздің тасасында адам тағдыры, адам сипаты айғайлап тұр. Әрқайсысының екі түрлі себептің нәтижесінде образданып тұрғаны секілді, мысалы: «сену» сөзінің де ішкі және сыртқы себепке байланысты көрсетер мазмұны бар. Бірі надандықпен, қарадүрсіндікпен абайсыздан сену, енді бірі адалдықпен, тазалықпен қалтқысыз сену жатыр. Алдыңғы сену тақырға отырғызады да, соңғы сену көздеген жеріне жеткізуі мүмкін. Міне осы 16 жолды тармақтай берсек барған сайын айдыны кеңіп, арнасы тереңдей түседі.

Жаңылханның жырлары көптеген композиторлардың назарын аудартып, әлденеше өлеңіне ән жазылып, ел ішіне таралып кеткенін білеміз. Оның «Тұман» атты өлеңіне Дүйсенәлі Бықыбаев ән жазып, оны Оңал Азаматова орындап жүр. «Анаға сағынышын» әрі композитор, әрі әнші Шаба Әденқұл әуелетіп шырқап жүр. Ал Мақсат Айтжанов орындап жүрген «Наз» әнінің музыкасын Бастар Есқараев жазыпты.

Жаңылхан Асылбекова ақын ретінде жұрт алдына көп шыға бермейтін, көрінуге әуес емес жан екені белгілі. Сөйте тұра, оның өлеңдері нәзік лирикаға бай. Тұңғиық тереңдігімен ауқымды айтқыштыққа ие. Әдебиеттің арнасына келіп құйған «Жанарымдағы жарқыл ең» атты жаңа кітабы оқыған жанды бейтарап қалдырмайтын, ақын болып туған арлы қыздың жемісті еңбегінің нәтижесі.

Дәулетбек БАЙТҰРСЫНҰЛЫ

ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі