21 МАУСЫМ - "ЖЕТІСУ" ГАЗЕТІНІҢ АЛҒАШҚЫ САНЫ ЖАРЫҚ КӨРГЕН КҮН

Уақыты: 21.06.2020
Оқылды: 2430
Бөлім: РУХАНИЯТ

Бүгін, яғни, 21 маусым күні Алматы облыстық қоғамдық-саяси "Жетісу" газетінің жарыққа шыққанына 102 жыл толды. Ғасыр асқан абыз басылым бетінде аумалы-төкпелі қазақ тарихының жүзжылдық бір белесі жатыр.

Зұлматты жылдар мен саяси қуғын-сүргіннің, сұрапыл соғыс пен Желтоқсан ызғырығының көне куәгері болған "Жетісу" газеті қай кезде де қоғам мінберінен үн қатып, халық мүддесін бәрінен биік қойды, билік пен бұқара арасына алтын көпір орнатты.

Қазақ баспасөзінің қара шаңырағына айналған басылым талай тағдырға араша түсті, талай мәселеге араласып, әділ шешілуіне ықпал етті. Сондай-ақ, кәсіби журналистердің ұстаханасына айналып, айтары бар қаншама қайраткердің қанаттануына жол ашты. Бүгін де көне басылым осы биігінен түскен жоқ. Аптасына үш рет аймақтың ең өзекті ақпараттарын ұсынатын газет танымдық, сараптамалық зерттеу мақалаларымен де оқырман тарапынан жоғары бағаға ие.

Газет атауы ең алғаш "Жетісу ісші халық мұхбыры" ("Жетісу жұмысшыларының жаршысы") деп аталды. Кейіннен басылым атауы әр жылдары "Көмек", "Ұшқын", "Бұқара", "Кедей еркі", "Тілші", "Сталин жолы", "Коммунизм таңы" болып бірнеше мәрте өзгереді. Ал 1963 жылдан бастап газет "Жетісу" деген атпен шығып келеді.

1918 жылдың 21 маусымында алғашқы саны жарық көрген газет бетінде Алаш қайраткерлерінен бастап талай ұлт мақтаныштарының қолтаңбасы қалды. Тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдары газеттің таралымы бірнеше есеге өсіп, 55 мың данадан асты. 2018 жылы газеттің 500 миллионыншы данасы жарық көрді.

1918 жылдан бері «Жетісу» газетіне Сабыржан Шәкіржаннан бастап С.Ғаббасов, Қ.Абдуллин, І.Жансүгіров, И.Тайыров, Ш.Шынасылов, Т.Арабайұлы, С.Оспанов, С.Есова, С.Айтқожин, Х.Өзденбаев, О.Жандосов, Ж.Сыздықов, С.Жұмағазиев, Ә.Қарағұлов, П.Бейсенов, М.Жақыпов, Б.Мусин, Ж.Нұрқожаев, Н.Әбдірахым сынды қазақ баспасөзін дамытуға үлес қосқан бірқатар тұлғалар қолтаңба қалдырды, редакторы болды, газеттің мазмұнды шығуына атсалысты.

2015 жылдан бері газеттің бас редакторы – Әміре ӘРІН. Ол - Халықаралық "Алаш" әдеби сыйлығының лауреаты, Қазақстан Журналистика академиясының академигі, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі, Ақпарат саласының үздігі, Қазақстанның Құрметті журналисі, Қаратал және Көксу аудандарының Құрметті азаматы.

«Жетісу» газеті 2012 жылдың маусымында журналистика саласындағы ең жоғары марапат – «Алтын жұлдыз» сыйлығын иеленді.

2015 жылы ғасырлық басылым еліміздегі мерзімді баспасөздерден оза шауып, Қазақстан Президентінің бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы «Алғысын» жеңіп алды.

2018 жылы "Жетісу" газеті "Үркер" ұлттық сыйлығын иеленді.

Қазіргі таңда ұжым штатында 47 қызметкер бар. Алматы қаласында газеттің тілшілер қосыны, Еңбекшіқазақ, Талғар, Қарасай, Жамбыл, Алакөл, Кеген, Райымбек, Ұйғыр аудандарында және Қапшағай қаласында меншікті тілшілер жұмыс істейді. Газеттің шет мемлекеттерде, атап айтқанда, Ресейде, Қытай Халық Республикасында, Қырғызстанда, Өзбекстанда, Тәжікстанда, Түркияда, Иранда және Еуропа елдерінде тұрақты мақалалар жіберіп тұратын авторлары бар.

Басылымда 1 ҚР Президенті грантының иегері, 1 халықаралық "Алаш" әдеби сыйлығының лауреаты, 1 Журналистика академигі, 1 халықаралық «Интерньюс» ұйымының Қазақстандағы сарапшысы, 2 ҚР Мәдениет қайраткері, 3 Қазақстан Жазушылар одағының, 16 Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, 3 ғылым магистрі еңбек етеді.

Газет тарихымен танысу үшін мына жерді басыңыз.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"