ҰЛТТЫҚ БІРЫҢҒАЙ ТЕСТІЛЕУ: ҮШ КҮНДЕ 47 ТҮЛЕК ЕРЕЖЕ БҰЗДЫ

Уақыты: 24.06.2020
Оқылды: 1402
Бөлім: РУХАНИЯТ

Жоғары оқу орнына түсуге ниетті мектеп бітіруші түлектер үшін негізгі сынақ болып табылатын Ұлттық бірыңғай тестілеу өтуде.

Осы орайда облысымыздағы 7 Ұлттық бірыңғай тестілеу пунктінде сынақтың алғашқы күні 1124 оқушы тест тапсыруы қажет болса, оның 38-і өз еркімен бас тартқан, 2-уі ауырып қалу себебінен қатыса алмады. Ал бір оқушы мобильді телефон қолданбақ болғаны үшін кіргізілмеді.

Тест уақытында тыйым салынған зат қолданғаны үшін 6 оқушы аудиториядан шығарылды. Бір оқушы тест өткізу кезінде ауырып қалып, «Жедел жәрдем» көлігі алып кетті. Нәтижесінде, 1078 талапкер  тест тапсырды.

Сынақтың екінші күні 9 Ұлттық бірыңғай тестілеу өткізу пунктінде 1492 оқушы тапсыруы қажет болса, оның 36-сы тест өткізуден бас тартты, 5-уі ауырып қалды, 8 оқушы ұялы телефонмен тестілеуге жіберілмеді, 1443 бала сынаққа кіргізілді.

ҰБТ өткізілген үш күнде барлығы 4093 оқушы тестке қатысуға өтініш берген. Оның 98-і тестен өтуден бас тартса, 15-і сырқаттанып қалған. Үш күннің ішінде сынақ тапсырушылардың 47-сі ереже бұзған. Осылайша олар тестен шеттетілген. Соңғы үш күннің ішінде 3933 оқушы білім сынағынан өткен. Маусым айында тестілеуге кіргізілмеген немесе ҰБТ нәтижелері жойылған болса түлек қаңтар айында екінші мәрте сынақтан өте алады. Шекті балл жинаған жағдайда түлек ЖОО-на ақылы негізде оқуға түсе алады.

ҰБТ кезінде барлық сақтық шаралары сақталды. Әр екі сағат сайын ауыстыру үшін әр түлекке 2 бетпердеден таратылып берілді. Әр күн сайын білім басқармасының «Фейсбук» парақшасында жас түлектерді қолдаушыларға тест тапсыру пункттерінің айналасына шоғырлануға тыйым салынатындығы және де http://ent-online.kz сілтемесі арқылы тест тапсыру сәтін онлайн режимде көре алатындығы туралы пост жариялануда.

Жалпы облысымызда 15 мың түлек мектеп бітірсе, оның 11 мыңнан астамы ҰБТ тапсыруға ниет білдірген еді.

Алма ЕСЕНБАЕВА

Алматы облысы

Сурет ғаламтордан алынды