"КҮНДІЗ-ТҮНІ ҚЫЗМЕТ ЕТЕДІ": АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНЫҢ ЖУРНАЛИСТЕРІ МАРАПАТТАЛДЫ

Уақыты: 26.06.2020
Оқылды: 1457
Бөлім: РУХАНИЯТ

Журналистердің жылына бір айналып келетін шуақты мерекесінде Алматы облысы әкімінің орынбасары Батыржан Байжұманов тілшілер қауымымен кездесті. Онлайн шарада Журналистер күніне орай Алматы облысының әлеуметтік-экономикалық дамуын насихаттап, шынайы ақпарат ұсынып жүрген жаңалық жаршылары марапатталды. Сондай-ақ, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің арнайы құттықтау хаттары табыс етілді.

Шарада тілшілер қауымының күнделікті қызмет барысындағы қызықтары, ақпарат дайындаудағы жанкешті еңбектері бейнематериал арқылы көрсетілді. Алғашқы болып құттықтау сөзін алған Батыржан Құлаймергенұлы:

- Баршаңызды кәсіби мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын! Еңбектеріңіз жемісті, табысты болсын. Биылғы жылы әлем елдерімен бірге біздің мемлекет те қиын күндерді бастан кешіруде. Осындай сындарлы кезеңде ауыр жүк арқалап, жан аямай қызмет етіп жүрген азаматтардың еңбегі өлшеусіз. Олардың ішінде ақпарат құралдарының да өкілдері бар. Біз журналистердің еңбегіне ерекше құрметпен қарап, шексіз алғысымызды білдіреміз, – дей келе, облыс әкімі Амандық Баталовтың ыстық сәлемін жеткізді.

Мерекеге орай ҚР Президенті тағайындаған «Халық алғысы» медалін «Жетісу» телеарнасы директорының орынбасары Данияр Сейсенбаев алды. ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрінің арнайы құттықтау хаты ардагер журналистерге, атап айтқанда, Жанкүміс Жәмеңкеге, Мырзағали Нұрсейітке, Виталий Пекельникке табысталды. Ал «Қазақстанның Құрметті журналисі» төсбелгісі Берікбай Қадықовқа берілді. Сондай-ақ, Алматы облысы әкімінің Құрмет грамотасымен «Жетісу» газетінің редакция меңгерушісі Қуаныш Тұнғатар, «Огни Алатау» газетінің тілшісі Бейбіт Мәмлеев марапатталды.

Жиында «Өлке тынысы» ЖШС директоры, Қазақстан Журналистер одағы облыстық филиалының төрағасы Мейрам Жанәділов сөз алып, бірнеше тілшіге төсбелгі тапсырды. «Талдықорған» газетінің тілшілері Данагүл Мәкен, Назерке Әділбекова және «Жетісу» телеарнасының тілшісі Айбек Құттыбек Қазақстан Журналистер одағының мүшелігіне қабылданды.

Шарадан кейін «Ana tili» республикалық газетінің бас редакторы Жанарбек Әшімжан лебізін білдірді.

- Журналистика – жыл он екі ай жүріп жататын майдан. Шіліңгір шілдеде де, қақаған қаңтарда да журналистердің жұмысы қызып жатады. Журналистер әділетті қоғам орнатуда, ашық ақпарат қалыптастыруда күндіз-түні қызмет етеді. Кешегі Шерхан Мұртаза, Сағат Әшімбаев, Камал Смайыловтар, Ақселеу Сейдімбектер қалыптастырып кеткен даңғыл жолды бүгінгі тілшілер сәтімен жалғастырып келеді. Интернет порталдары, сайт, әлеуметтік желілер жоқ кезде де он саусақтан аспайтын ғасырлық тарихы бар дәстүрлі басылымдар ақ, адал жолмен ел тұтастығына қызмет жасады. Жақсылықтың жаршысы болып, қиындықтарды бірге еңсеріп, жинақталатын кез келді деп ойлаймын. Еліміздің сырты жаудан, іші даудан аман болсын! Мерекелеріңізбен! – деді ол. Бұдан бөлек, ардагер журналист Мырзағали Нұрсейіт, жастар атынан Назерке Әділбекова сөз алып, әріптестерін кәсіби мерекемен құттықтады.

Өз тілшіміз

Сурет - ғаламтордан

Алматы облысы