ҚАЗАҚ ЖУРНАЛИСТЕРІ АҒЫЛШЫН ТІЛІН МІНДЕТТІ ТҮРДЕ ҮЙРЕНУІ ТИІС

Уақыты: 27.06.2020
Оқылды: 1526
Бөлім: РУХАНИЯТ

АҚШ-тағы мерзімді баспасөздер осыдан үш ғасыр бұрын кеңінен таратыла бастады. Бірақ алғашқы америкалық баспасөздер белгілі бір саяси күштердің немесе қозғалыстардың манифесін жеткізуші қызметін атқарды. Сол үшін де саяси күштердің қысымынан жиі жабылып қалатын еді. Ал АҚШ тәуелсіз ел атанған соң, медианың бүгінгі біз білетін «объективті, сыни, үкімет қызметін қадағалаушы» сынды негізгі принциптері қалыптасты. Содан бері медиа саласында екі түрлі ұғым қалыптасты. Оның бірі «халыққа қызмет» болса, екіншісі «нарыққа бейімделген журналистика» еді. Бірінші ұғым журналистика саласының ең негізгі принципі, басты мақсаты екенін түсінсек те, АҚШ сияқты капиталистік қоғамдарда екінші ұғым басымдық танытып кетті.

Poynter институтының 2018 жылғы зерттеуіне сенсек, америкалықтар ұлттық деңгейдегі мейнстрим медиа өкілдеріне қарағанда жергілікті баспасөзге көбірек сенеді екен. Мысалы, америкалықтардың 73 пайызы өз ауданында немесе өз қаласында жарыққа шығатын жергілікті баспасөзге сенім артатынын білдірген. Оның нақты себебі бар. Әдетте, жергілікті баспасөз өкілдері АҚШ медиа секторының небәрі 25 пайызын құрағанымен, жалпыұлттық деңгейге көтерілетін мәселелердің 47 пайызының бастаушысы (original news breakers) болады. Сондай-ақ, ұлттық деңгейдегі мәселелердің де көтерілуіне түрткі болады.

Мысалы, 1974 жылы АҚШ президенті Ричард Никсонның орнынан ерте кетуіне түрткі болған Уотергейт шуын The Washington Post (сол кезде аймақтық басылым болған) газеті бірінші болып жазса, 2002 жылы католик шіркеуі қызметкерлерінің балаларды зорлау әрекеттерін The Boston Globe әшкереледі. Америкалықтардың назарын аударған осыған ұқсас кейстердің ашылуы жергілікті баспасөз тілшілерінің еңбегі. Өкінішке қарай, өте үлкен міндетті арқалайтын жергілікті баспасөз құрдымға кетіп барады. Мысалы, АҚШ-та соңғы 3 айда пандемияның кесірінен 30 жергілікті басылым жабылған.

АҚШ-тағы журналистиканың кәсіби деңгейі әлдеқайда жоғары. Себебі, олардың 300 жылдық тарихы бар. Қазақстандағы медиа саласының мамандарына, әсіресе, осы кәсіби біліктілік жетіспейді. Мысалы, сәуір айының басында «Алматы» телеарнасы Коронавирусты «ойлап тапқан» Гарвард профессоры тұтқындалды деп ақпарат таратты. Ал ол мәліметтің рас не өтірігін анықтамай, «Егемен Қазақстан», «Айқын», «Holanews», «Newsweek» сынды басылымдар да бөлісті.

Біріншіден, тұтқындалған профессор Чарльз Либердің коронавирусқа еш қатысы жоқ. Екіншіден, ол ақпан айының соңында тұтқындалды. Ал біздің журналистер оны жаңалық ретінде сәуір айында берді. Ақпаратты растау, яғни, фактчекингпен айналысу бүгінгі журналистердің басты принциптерінің біріне айналуы тиіс. Себебі, қазіргі жаңа технологиялар заманында «дипфейк» деген ұғым пайда болды. Сосын шын дереккөздерге сүйене отырып, мәліметті әдейі бұрмалап беру жиілей түсті. Сондықтан әрбір тілші кез келген деректі қолдаудан бұрын рас не өтірігін анықтап алуы керек.

Қазіргі таңда америкалықтар корпоративті қысымнан арыла отырып, қаржы жағынан тәуелсіз болудың амалдарын жасап жатыр. Ол коммерциялық емес бағыттағы журналистика деп аталады. Соңғы он жылда «ProPublica», «The Texas Tribune» сынды аймақтық басылымдар пайда болып, халықтың қаржыландыруымен дамып келеді. Меніңше, дәл осы сала нағыз журналистиканың міндеттерін сақтап, ары қарай дамыта алады. Себебі коммерциялық емес медиа ресурстар ешбір күшке тәуелді болмайды. Сәйкесінше, толыққанды халыққа қызмет етеді.

Америкалық танымал журналист Боб Инглдың кезінде «ең мықты редакторлар маркетологтар» деген сөзі бар. Мен оның ойымен келісе алмаймын, бірақ қазіргі әлемдік жүйе журналистиканың нарықтық бағытқа бейімделуіне итермелеп отыр. Кейбір басылымдар өз журналистік принциптерін сақтай отырып, нарыққа да үйреніп жатса, тағы бірі тек табысты мақсат етіп, принциптеріне сай емес әрекеттерге де барып жатыр. Ол үшін оларды айыптауға да болмайды. Себебі, олар үшін құрдымға кетпеудің жолы осы болып тұр.

Америкалық басылымдар инфографиканы әлеуметтік желілерде жиі қолданады. Себебі, желідегі адамдар инфографика арқылы статистикалық немесе ауқымды ақпаратты қысқа әрі түсінікті түрде алады. Ал суреттерге келсек, олардың да орны бар. Кез келген жаңалық немесе анализ кем дегенде бір суретпен көмкеріледі. Оны таңдау да, әсіресе, өте маңызды. Әрбір медиа басылымда дәл сол суретті таңдайтын фоторедактор немесе фотография директоры болады. Олардың басты мақсаты жарияланатын фотоның белгілі бір ұлт немесе аз ұлт өкілін, нәсілді, діни сенім мен идеологияны кемсітпеуі тиіс. АҚШ тарихында бір суреті үшін шу болған талай кейстер бар. Қазақстанда да ондай этикаға сай емес жағдайлар болған.

Мен күнделікті қарайтын америкалық басылымдарға «The Washington Post», «The New York Times», «NPR», «Bloomberg», «CNN», «ABC», «CBS», «The Associated Press», «TechCrunch», «Reuters» және «Wall Street Journal» кіреді. Одан бөлек, ақпаратты салыстыру үшін «Fox News», «The Breitbart», «The National Review» және «Newsmax» басылымдарын да жиі оқимын.

Мен қалдырмай оқитын авторлар көп. Олардың ішінде Бен Смит (Buzzfeed News, The New York Times), Дана Прист (The Washington Post), Эд Янг (The Atlantic), Кардиф Гарсия (NPR) т.с.с. Олар әдетте белгілі бір мәселені терең зерттеп, оқырманға оңай әрі қысқа етіп ұсынады. Олардың ақпаратты игеру және анализ жасаудағы әдістері ұнайды.

Мысалы, Бен Смит бір-біріне қатысы жоқ оқиғаларды біріктіре алады. Ал Дана Прист АҚШ барлау қызметтерінің заңсыз әрекеттерін әшкере еткен батыл тілші. Оның әрбір журналистік зерттеуі оқуға тұрарлық. Эд Янг мақалаларына жақында көзім түсті. Оның пандемияға қатысты соңғы анализінде ешбір мәселе шетте қалмаған. Оның жазған мақалаларын оқу арқылы «журналистер жан жақты білімді болуы тиіс» деген тұжырымды қолдайтыныма тағы бір рет көзім жетті.

Қазақ журналистері ағылшын тілін міндетті түрде үйренуі тиіс. Себебі, тіл білмеу журналистерді ақпаратты көбіне орыс тілді ресурстардан алуына итермелеп отыр. Ал орыс тілді басылымдардағы ақпараттардың қаншалықты дұрыс не бұрмаланғанын білу үшін өзге тілдегі сол ақпараттың таралуын салыстыру керек. Интернет кеңістігінде фактчекинг жасауға ең ауқымды тіл ағылшын болып отыр.

Жоғарыда айтқанымыздай, еліміздің білдей «Егемен» және «Айқын» газеттерінің фейк ақпарат таратып жіберуінің түпкі негізі да сол тілшілердің ағылшын тілін білмеуінде болып отыр. Себебі, қазақ журналистері тіл білмегені үшін Батыс өркениетін ұнатпайтын орыс тілді ресурстардың бұрмаланған деректеріне сүйенеді. Нәтижесінде, миллиондаған адам коронавирусты зертханада ойлап тапқанына сеніп отыр.

Жолдас ӨРІСБАЕВ

Нью-Йорк қаласы,

АҚШ